Жаңалықтар

«Тәжік жәрмеңкесіндегі жабайылықты ұмыту мүмкін емес»: Жұлдыз Әбдікәрімова халықты мәдениетті болуға шақырды

Әлеуметтік желі

Танымал актриса, тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында бала күнінен сыр шертті.

Анасының қонақты қалай қарсы алатынын, қандай тәрбие алғанын баяндады.

«Бала күнімнен білетінім, үйге қонақ келерде айналаны айнадай қылып жалтыратып қоятынбыз. Анам арнайы ыдысын шығарып, дастарқанға бар тәттісін үйіп-төгетін. Бәріміздің үстімізге әдемі киім кигізіп, шашымызды тас қылып өріп қоятын. Келген қонаққа біздің тек жетістігімізді баяндап, реті келсе жаттаған тақпағымызды айтқызып, 5 деген бағаға толы күнделігімізді көрсетіп қалатын»-дейді ол.

Сондай-ақ алда келе жатқан Көшпенділер ойынында халықты мәдениетті, қонақжай болуға шақырды.

«Айтпағым мынау, 8-16 қыркүйек аралығында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам қонақ келеді. “5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары” өтеді. Барынша қонақжайлық танытайықшы. Өткенде тәжік жәрмеңкесіндегі “жабайылықты” ұмыту мүмкін емес. ҚАЗАҚ деген ұлттың бейнесін көрсететін біз. Мәселен өзім шет елге барғанда таңданатын бір жайды айтайыншы. Түркияда әуежайдан қонақүйге жеткенше такси жүргізушісі елінің тарихын, қаланың әсемдігін тамсана баяндайды. Ұлы тұлғаларын айтып мақтанады. Сүйсінесің. Сізге жолыққан әр туристтің алдында қазақ деген халықтың бейнесін көрсетіп тұрғаныңызды әрқайсымыз ұмытпайықшы»-деді Жұлдыз.