Қытайда тасқыннан қаза тапқандар саны 11-ге жетті
Елдің солтүстік-шығыс бөлігінде толассыз жауған жаңбырдан 28 елді мекенді су басты
14 адам табылмай жатыр. Елдің солтүстік-шығыс бөлігінде толассыз жауған жаңбырдан 28 елді мекенді су басты. 190 мыңға жуық адам зардап шекті.
Жұрт тұрғын үйлерін тастап вокзалдар мен мектеп, балабақшаларды паналауға мәжбүр. Электр энергия мен байланыс үзілген. Кей жерлерде сел жүріп, жолдарды шайып, теміржолдар зақымданған. 187 көпір бүлініп, мыңдаған тұрғын қызыл су құрсауында қалды. Оларға азық-түлік, алғашқы жәрдем көрсетуге арналған заттар тікұшақпен жеткізілуде. Табиғи апаттан келген шығын көлемі орасан.
Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару үшін құтқару техникалары жете алмай жатыр. 9 ұлттық және аймақтық, 210 ауыларалық маңызы бар жолдарды су шайып кетті. Қатынас тоқтап қалды. Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 1 миллиард 44 миллион АҚШ доллардан асады. Қазір бірінші кезекте жарық пен байланысты қалпына келтіруге күш салынып жатыр, - деді Хулудао қаласының су тасқыны мен қуаңшылықты жою жөніндегі бюро жетекшісі Чжоу Чжаньцзе.