Оралдағы апатты мектептер сүріле бастады
Оралдағы апатты мектептер сүріле бастады
Биыл Оралдағы апатты жағдайда тұрған білім ошақтарының мәселесі толық шешілуі тиіс, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Қазіргі уақытта қаладағы 1961 жылы салынған 300 орындық көне мектеп сүріліп жатыр. Аталған нысанның құны 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Мердігер кәсіпорын құрылысты осы жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс.
«Күрделі жөндеу жүргізуге мүлде келмегендіктен, осылай жаңасын салуды ұйғардық. 300 орынға есептелетін жаңа білім ордасы кең де жарық, шәкірттердің білім алуына өте қолайлы етіп жабдықталады. Бұрынғы ғимарат 3 қабаттан тұрса, енді 4 қабатты нысан бой көтереді. Заманауи спорт алаңы, асханасы мен коммуникациялық желілері талапқа сай жасалады», – дейді құрылыс кәсіпорнының басшысы Сергей Потиченко.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл өңірде 7 жаңа мектеп салынады екен. Білім ошақтарының төртеуі Орал қаласында, қалған үшеуі аудандарда. «Мынау Зеленов ауданында Дарьинскіде, Қазталовкада интернатымен бірге, сонымен қатар Бөрлі ауданында мектеп салынады. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен және Қарашығанақтан 8 миллиардқа жуық қаржы бөлінді», – деп атап өтті Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, Оралда апатты деп танылған үйлер де сүріле бастады. Қазірдің өзінде Орал қаласындағы тозығы жеткен 5 үйдің орнында құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Жыл соңына дейін тағы 5 үй бұзылады деп жоспарланып отыр. Олардың орнына жекеменшік-мемлекеттік серіктестігі бағдарламасы аясында көпқабатты үйлер бой көтеретін болады. Ал бұрын ескі үйде тұрған тұрғындарға жаңа нысаннан пәтер берілмек.