Бұл да бір майдан
Бұл да бір майдан
Көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы жазылған зерттеу еңбектер баршылық. Алайда, театр репертуарларынан Алаш қайраткері туралы спектакль жоқтың қасы. Жақында Ақтау қаласындағы Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» пьесасының премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Гүлсина Мерғалиева.
Тарихи және құжаттық деректер негізінде жазылған «Әлиханның аманаты» пьесасы біраз жабулы қазанның бетін аша түскендей. Ащы шындық бар. Шындық арқылы «елім, тілім, жерім» деп өткен қайраткерлердің атқарған қыруар шаруасы мен басын бәйгеге тіккен қатерлі сәттері бейнеленген. Ұлт мұратын асқақ ету жолында ештеңеден тайсалмаған Алаш зиялыларының ауызбірлігі бүгінгі ұрпаққа айтылған аманат іспеттес.
Мысалы, пьесада тергеушінің: «...Сіз....сіз өте ерекше жансыз, Әлихан Нұрмұхамедович. Сіз.... қандай керемет мүмкіндіктеріңіз болды, небір лауазымдар тұрды алдыңызда, ұлы Лениннің өзімен жақсы қатынаста болыпсыз, тіпті Еуропаға кедергісіз шығып кететін мүмкіндігіңіз болды, бір емес сан мәрте. Неге қалдыңыз? Сол қасқырша қасарысқаннан не шықты? Не жетпеді өзі сіздерге?..» деген сұрағына Әлихан Бөкейханның: «...Иә, сәт! Жанған отты өшірмекке ниетті екен. Ал бұл бізге берілген мүмкіндік. Үн шығарар кез келді білем. Жігіттер қазақтың мен деген көзі ашық, саңылаулы-сәулелі азаматын түгел жинаңдар. Тарбағатайдан-Атырауға, Тәшкеннен-Астраханға дейін хабар жетсін! Бар бүлік жұмысшылар петициясынан басталған екен, онда біз де петиция берейік. Бірақ айырмамыз, біз ол петицияны 15 мың жұмысшы атынан емес 6 миллионға жуық күллі Алаш жұртының атынан береміз, және бұл біздің, яғни бар қазақтың Кенесарыдан кейінгі алғашқы саяси талабы болмақ. Қасиетіңнен айналайын Кенкем қолына қылыш алып отарлауға қарсы тұрса, біз қалам мен біліммен соғысамыз. Біле білгенге бұл да бір майдан. Бұл да бір текетірес. Қамсыз қалмайық...» деп жауап беретін жері бар.
Атақты Қарқаралы петициясындағы түрлі мәселеге арқау болған 47 тармақ ел есінде шығар. Алаш қайраткері бұл жөнінде: «Біз мектеп қабырғасында Ислам діні негіздерінің міндетті түрде оқытылуын Иә Алла, жар бол өзің деп, бастайық!, «орысша сауат ашуды» содан кейін қолға алу талабын койдық. Мектептерде христиан дінін оқытуға үзілді-кесілді қарсылық білдірдік. Қазақ халқына бастық болғысы келгендердің қазақ тілін білуі тиіс екендігі атап көрсетілді, және іс қағаздарын толық қазақ тілінде жүргізу талап етілді.
... Біз сайлау құқығын сұрағанымыз, ол теңдік. Жер мәселесі, іргені аулақ салу. Дін мен тіл, ұлттықты сақтау деп ұқтық. Ал тілден айырылған елдің келешегі жоқ. Надан жұрт – алдыңғы жұрттың киіп тастаған ескісін кимек. Уа, әлеумет, енді теперіш көрмейсің, енді сені ешкім кемсітпейді, мына тұрған орыспен тең хақың бар дейді патша. Ойыңды күмілжімей ашық айт. Дұрыс ойлайтындар бірігіңдер, мәжіліс қылыңдар, енді қудаланбайсың дейді. Араларыңнан кісі сайлап, жұрт қамын жоқтайтын елшілеріңді жіберіңдер бізге дейді. Яғни Думаға депутат өкіл жібере аламыз деген сөз. Біз сайлау құқығына ие болдық, ағайын. Сөз бостандығы берілді.
Бауырларым, біздің сыналар тұсымыз осы болса керек. Жұртымыз Алаш, ал Алаш қазақ болғалы атадан балаға жердің тұтастығы, елдің береке бірлігі аманат боп келді. Енді сол жүк, сіздер мен біздің мойнымызда. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпаққа аса көп жүк қалдырып кетеміз. Уа, бауырлар, кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар тұр! Ел үшін, қажыр мен қайраттарыңды, білім мен білек күштеріңді сарқуға, дайынсыңдар ма?», – деп барша қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын бір тудың астына жиналуға шақырғанының өзі Әлихан Бөкейханның қазақ үшін туған біртуар азамат әрі көсем екенін дәлелдейді.
«Әлиханның аманаты» қалай жазылды? Оны жазуға не түрткі болды? Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның бейнесі толық ашылды ма? Көрермен қалай қабылдады? Біз бұл сауалдарға жауап алу үшін пьеса авторы, актер Нартай Сауданбекұлын әңгімеге тартқан едік.
Нартай Сауданбекұлы, «Әлихан аманаты»
пьесасының авторы:
Әлиханның арманы – бәрімізге аманат