Энергетикалық кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарымен танысты
«МАЭК» ЖШС – Маңғыстау облысындағы басты энергетикалық кәсіпорын. Аймақ тұрғындарына электр, ауызсу және жылудың жетуі осы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Сондықтан жабдықтарды жөндеу, жаңғырту және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері – Мәжіліс депутаттарының ерекше бақылауында.
«МАЭК» ЖШС – Маңғыстау облысындағы басты энергетикалық кәсіпорын. Аймақ тұрғындарына электр, ауызсу және жылудың жетуі осы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Сондықтан жабдықтарды жөндеу, жаңғырту және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері – Мәжіліс депутаттарының ерекше бақылауында. Былтыр қазандық агрегаттары, резервтік қорғаныс және автоматика жүйелерін, сондай-ақ электр энергиясын басқару және есепке алу, автоматтандырылған жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Қазір ЖЭО-1-дегі №4 турбина мен №4 қазандығы және ЖЭО-2-дегі №11 қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, қазандық қондырғыларын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал өңірдегі су тапшылығын азайту үшін МАЭК аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін тұщыландыру қондырғыларын салу жоспарлануда. Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының аймақ үшін тұрақты жұмысының маңыздылығына тоқталып, кәсіпорынды одан әрі дамыту мен жаңғырту қажет екенін айтты. – Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының тозуы бүкіл ел бойынша ондаған жыл бойы жинақталған мәселе. Бүгін де шұғыл әрекеттерді талап етеді. Жарық, су, жылу барлық жерде қолжетімді болуға тиіс. Бұл мәселелерді жүйелі шешуді «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында жүзеге асырып жатырмыз. Биыл жазда Ақтау тұрғындары бірнеше күн сусыз қалды, тіпті кейбіреулерінде бір апта, ал жекелеген үйлерде бір айға жуық су болмады. Мұндай жағдайларды болдырмау керек. Алдағы уақытта ағымдағы және күрделі жөндеулермен бірге зауыттың толық қуатын іске асыру үшін жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл үлкен қаражатты талап етеді, әр блокқа шамамен кемінде 15 миллиард теңге қажет, – деді депутат. «МАЭК» ЖШС бас директоры Кинис Ураков бюджет қаражатын игеру мерзімдерін заңнамалық деңгейде қайта қарау қажеттігін айтты. – Турбина, қазандық, генераторлар сияқты жабдықтардың көпшілігі шетелде шығарылады. Логистиканы айтпағанда, олардың өндіріс мерзімі 8 айға дейін созылады. Сол себепті бізге 3,6 млрд теңгені мемлекетке қайтаруға тура келді. Сондай-ақ, мердігерлерді әкімдік тендері арқылы емес, тікелей өзіміз жалдай алатындай тендерлерді өткізу туралы норманы қайта қарауды ұсынамыз, – деді ол. Еділ Жаңбыршин бұл ұсыныстар Мәжілістің тиісті комитетінде Үкіметпен бірлесе отырып жан-жақты зерделенетінін айтты. – Біз, «AMANAT» партиясының өкілдері, кәсіпорынның жұмысын тексеріп, қандай көмек көрсетуге болатынын, заңдарға қандай өзгерістер енгізу керектігі және қаншалықты қаржыландыруды қажет ететінін анықтаймыз. Мәселен, Үкіметтен бөлінетін қаржы тек бір жылға ғана арналған, оны игеріп үлгермейді және қаражат қайтадан қайтарылады. Өткен жылы қаражаттың едәуір бөлігі қайтарылды. Сондықтан қаржыны игеру мерзімін ұзарту қажет, – деді Мәжіліс депутаты. Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы саладағы «көлеңкелі» схемаларды ретке келтіруге және жоюға бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» заңға қол қойған болатын. Онда тариф белгілеу қағидаттарын айқындау, елді мекендерді жылумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру схемаларын енгізу, нысандарды жылыту маусымына тиісті дайындық жасамағаны үшін айыппұл салу, мемлекеттік бақылау функцияларын күшейту және тағы да басқа көптеген шара қамтылған.