Ербол Мырзабосынов: Келесі Олимпиадаға дайындықты бүгіннен бастап кеттік
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы
– Олимпиада аяқталғанына 10 күн болса да, Қазақстан құрамасының нәтижесін саралап, алға жетелеген артықшылығы мен көзге ұрып тұрған кемшін тұсын бағамдап жатқан боларсыз. Бұл Олимпиадаға берер бағаңыз қандай?
– Азия ойындарынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев федерациялар мен Ұлттық олимпиадалық комитет, министрлік, өңірлер арасында үйлесім жұмыстарын жандандырып, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керектігі жайында айтқан болатын. Осы айтылған мәселелер ескеріліп, тиісті бағытта жұмыстар атқарылды. Сырт көзбен қарап баға берер болсақ, Парижде тіркелген нәтижені жақсы деп айта алмаймыз. Бірақ үш жыл бұрын өткен Олимпиада ойындарында атлеттеріміз 83-орын, ал бір жыл бұрын өткен Азия ойындарында 11-орын алып, бұрын-соңды болмаған төмен нәтижені көрсетті. Үш жыл бұрынғы байрақты бәсекеде табан тіреген 83-орыннан биыл 43 орынға көтерілу – жетістік. Әр Олимпиада қарсаңында спортшылардың әлеуеттерін зерттеп, әрбір елдің мүмкіндіктерін саралайтын халықаралық зерттеу ұйымдары бар. Мәселен, Париж Олимпиадасының алдында британдық Inside the Games журналында «After Tokyo dud, Central Asian countries may struggle again in Paris» деген тақырыппен шыққан мақалада Қазақстан құрамасының Парижде алтын медаль ала алмайтыны туралы болжам жарияланды. Бұған басты себеп ретінде 8-10 жыл бұрын басталған жүйедегі ақаулар мен Азия ойындарындағы сәтсіздіктен (11-орын) кейін реформаларға дайындалуға берілген уақыттың аздығы, яғни бұған бар болғаны 8-9 ай ғана берілгені туралы айтылды. Шынымен бір жылдың ішінде Азия ойындарына іріктелген спортшылардың, федерациялар мен бапкерлердың жұмысына өзгеріс енгізбей, арнайы ғылыми топ құрып, жоғары нәтиже көрсетуге тырыстық. Біздің бұл жоспарымыз 80 пайызға орындалды десек те болады. Дзюдо, спорттық гимнастика, құзға өрмелеу, күрес түрлері, нысана көздеу сияқты спорт түрлеріне басымдық беріп, жекелей жаттығу бағдарламаларын бекіттік.
– Олимпиада сайын кемі қос алтынды қоржынға салатын құрама спортшылары қола жауған Токио Олимпиадасынан бері сынның астында қалып келеді. Парижде 1 алтын жүлде еншілесек те, көпшіліктің көңілі көншір емес. Спорт сүйер қауым 8 алтын медаль иеленіп, тарихи рекорд орнатқан Өзбекстан құрамасының нәтижесімен салыстырып әлек. Токио Олимпиадасына дейін жүлденің түр-түрін иеленіп жүрген біздің атлеттерге кейінгі кездері ол жетістікті қайталауға не кедергі болды?
– Әрине, Өзбекстан құрамасының бұл Олимпиадада жеткен жетістіктері үшін қуаныштымыз. Бұл – олар жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Рио-де-Жанейро, Токиода өткен Олимпиада ойындарында 3-4 алтын алған кездері де болған. Алайда біздің басты мақсат Олимпиада ойындарында көрші мемлекетпен жарысу емес, Токио Олимпиадасында тіркеген нәтижемізді барынша жақсарту болды. Токио Олимпиадасында медаль нәтижесі бойынша 83-орында болсақ, бұл жолы 43-орынға көтеріліп, салыстырмалы түрде нәтижемізді екі есе жақсарта түстік. Алайда бокс, теннис сияқты спорт түрлері белгілі бір себептермен үмітімізді ақтамады. Соның салдарынан басқа спорт түрлеріндегі жетістіктер көлеңкеде қалып қойды. Осы уақытқа дейін Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсеткен 15 жазғы және 8 қысқы олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, дамыту жоспарын әзірле- дік. Сондай-ақ федерация президенттерін ауыстырып, олардың міндеттемелерін бекітеміз. Монополиялық көзқарастан арылуымыз керек. Федерацияның жауапты хатшыларын федерация президентінен тәуелсіз болуы үшін министрлік тарапынан тағайындаймыз. Оңтайлы жұмыс жасау үшін спорт саласын толық меңгерген, халықаралық аренада тәжірибесі бар мамандар таңдалады. Сонымен қатар бас жаттықтырушыларды тағайындау үшін арнайы талаптар енгізілді. Жаттығу процесін бір ғана бас жаттықтырушының мойнына артып қоймай, қосымша бапкерлерді, ғылыми топты, шетелдік мамандарды жұмылдырамыз. Өйткені бір ғана бас бапкермен барлық функционалды жабу мүмкін емес. Сондай-ақ үш жас категориясы бойынша селекция жасақтап, алдағы Олимпиадаға арналған картотека әзірлейміз. Оларға барлық қолайлы жағдайды жасап, қатаң бақылауға алып, дайындық ісіне ғылыми топтарды жұмылдырсақ деген жоспарымыз бар.
– Министрлік өкілдері төрткүл дүние көз тігетін сайысқа спортшыларды баптауға 980 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ел спортына бөлінген қаражаттың Өзбекстанмен салыстырғанда тым көп бөлінгені жайлы айтылып жүр...
– 980 миллион теңге – Олимпиадаға қатысатын спортшылардың дайындық жұмыстарына бөлінген қаражат. Оның ішіне оқу-жаттығу жиындары, лицензиялық турнирлер мен халықаралық жарыстарға қатысуы қамтылған. Дәрі-дәрмектері, жаттығуға арналған құрал-жабдықтары тағы бар. Әлеуметтік желіде Өзбекстанның Олимпиадаға жұмсаған қаржысы деп көрсетілген 160 миллион доллар – негізінен олардың республикалық бюджеттен спортқа бөлген сомасы. Ал 2023 жылы Қазақстанның республикалық бюджеттен спортқа бөлген қаржысы – 61,3 миллиард теңге. Бұл – шамамен 128 миллион АҚШ долларына тең. Сондықтан осы ретте әлеуметтік желілерде «660 миллион доллар» деп көрсетілген цифр шындыққа жанаспайтынын және бұл қоғамды шатастыратынын айта кетейін. Аталған сома спортшылардың барлық қажеттілігін, оның ішінде олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері мен ұлттық спортқа бөлінген.
– Парижде өткен төртжылдықтың басты бәсекесі бокс пен күрестен басқа да спорт түрлерінен де жүлдені көптеп иеленуге болатынын байқатты. Әсіресе, жеңіл атлетика мен суда жүзуге машықтанған атлеттер бір Олимпиадада бірнеше жүлдені иеленіп, рекордтан рекорд орнатты. Осы ретте осындай көп жүлде сарапқа салынатын спорт түрлерінің елдегі даму қарқыны туралы айта отырсаңыз.
– Дәл солай. Ескек есу, жеңіл атлетика, суда жүзу сияқты спорт түрлерінен медаль жиынтығы көп сарапқа салынады. Біздің де тарихымызда мұндай спорт түрлерінен жетістікке жеткен спортшыларымыз бар. Мысалы, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, суға жүзуден Дмитрий Баландин сынды спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Бүгінде бұл спорт түрлерінен бізде резерв қалмады десек те болады. Қазір біз оларды қайтадан басыңқы спорт түрлеріне енгізіп отырмыз. Әп-сәтте нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Кем дегенде бір-екі цикл жұмыс жасауымыз керек. Жеңіл атлетика сынды спорт түрлері мектеп, университет бағдарламаларына кіріктірілген. Осы ретте бірегей бағдарлама әзірлеп, білім ордалары мен жауапты мекемелермен тығыз байланыс орнатып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Спорттағы алғашқы жетістік, бастапқы қадам осы оқу ордаларының қабырғаларынан басталатыны әмбеге аян. Сондықтан көп спорт түрлерінен мектеп, студенттік лигалар ұйымдастырылып жүр. Енді Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыс орнатуымыз қажет. Өйткені медициналық орталықтар көптеген замануи құрылғымен жабдықталған. Ол орталықтардың әлеуетін спортта да сәтті пайдалана білуіміз қажет.
– Көпшілік спортшыны жарысқа тек бапкері баптайды деп жаңсақ ойлайды. Алайда олар бұл іске ғылыми топ, медицина мамандарының жұмыла кірісетінінен бейхабар. Осы ретте бүгінде елдегі спорт саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ісі қандай жолға қойылғаны туралы айта отырасыз ба?
– Дұрыс айтасыз, бір спортшының жетістігі үшін ондаған маман қызмет етеді. Спортшының дұрыс тамақтануынан бастап, физикалық, медициналық, психологиялық, фармокологиялық тұрғыда көмек көрсететін мамандар қатар жүреді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен қатарымызды бізге қажет салалық мамандармен толықтыруымыз керек. Ол бағытта бірқатар оқу орындарымен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір Қазақстанда спорт ғылымын дамытудың белсенді бағыттарының бірі – докторантура (PhD) деңгейінде кадрлар даярлау. Докторанттар жүйелі түрде зерттеулер жүргізеді әрі дене шынықтыру және спорт саласында бірқатар әдістемелерді енгізеді. Бұл тұрғыда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясымен тығыз байланыстамыз. Олардың көмегімен біраз шаруа істелініп жатыр. Осы ретте аз уақыт ішінде атқарылған жұмыстардың біріне мысал ретінде айта кетейін. Спорт ғылымын одан әрі дамыту, спорт резервін дайындаудың жаңа жолдарын іздеу және жалпы дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін біздің еліміздегі уақытылы өзгерістердің бірі ретінде Performance hub жобасын атап өтуімізге болады. Бұл жоба Парижге аттанған олимпиадашыларын даярлау кезеңінде пилоттық режимде іске қосылған болатын. Аталған хабтағы жұмыс білікті жаттықтырушылар және спортшылармен жүргізілді. Ендігі кезекте бұл ғылыми топтың қарқынын тоқтатпай, ғылыми-зерттеу институтының бірінші қадамына айналдыруымыз керек.
– Кей мықтылар «Олимпиада аяқталған күннің ертесі-ақ келесі циклға дайындық басталады» дейді. Келесі циклге дайындықты неден бастау қажет сіздіңше?
– Иә, Олимпиада ойындары аяқталысымен келесі Олимпиадаға дайындықты бірден бастап кету – қалыптасқан үрдіс. Ең алдымен, атлеттердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, сұрыптау жұмыстарын жүргізу керек. Мысалы, бір ғана күрес түрінің өзінен бір салмақта кем дегенде 10 спортшы іріктелуі керек. Жарыстан жарысқа жетелеп, өзара ашық бәсекелестік туындатып, шынықтыра түскен жөн. Сосын талдау жасап, рейтингтік көрсеткіштерін жіті қадағалау керек. Тиісті деңгейге жетпей жатса, орынын басқа спортшылармен алмастыру қажет. Спортшылардың басым бөлігі өңірлерде шынығатындықтан ортақ бір әдістеме әзірлеп, сол бойынша жұмыс істеу керек.
– Өзіңіз халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз, еңбек сіңірген жаттықтырушысыз. Сондай-ақ дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша PHD докторысыз. Лауазымды қызмет атқарып қана қоймай, спортты ғылыми тұрғыда да зерттеген мамансыз. Сіздіңше, спорт жоғары деңгейде дамуы үшін қандай критерийлерге баса назар аудару керек?
– Спорттағы әлемдік жетістіктерге ұдайы сараптама жүргізіп, ғылыми тұрғыда ілгерілету керек. Спортшыға тікелей әсер ететін медициналық, психологиялық, фармокологиялық, физикалық бағыттарға баса назар аударып, мұны жыл сайын дамытып отыру керек. Мұның барлығы бірі-бірінсіз жүрмейтін бір үйлесімді топ деп айтсақ, қателеспейміз. Көптеген жаттықтырушы үшін – бұл жат нәрсе. Көбінің тіпті қабылдағысы да келмейді. Бірақ заман талабы – осы. Оны біз дер кезінде меңгеріп, бір жолға қоймасақ көшіміз алға жылжымайды. Қолда бар тәжірибені жетілдіре отырып, өзіміз замануи әдістемелерді әзірлемесек, әлемнің мен деген мықты мамандары мен институттары бізге ауадай қажет тәсілдерді құпия сақтап, көрсетпейді.
– Сөз соңында сұрайын дегенім, өткенде Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің Олимпиада алдындағы қиындықтары туралы айтып, сіздің көмегіңізге жүгінгені жайлы айтқан еді. Әдетте, мемлекеттік қызметкерлер мұндай жауапкершілікті өз мойнына ала бермейді. Сіз мұндай қадамға қалай бардыңыз?
– Жауапкершілікті алу оңай болған жоқ. Бұл қадамға бармас бұрын талдау жүргіздім. Елдос – екі олимпиадалық циклде оң нәтиже көрсеткен спортшы. Шетелден келген кеңесші-жаттықтырушылардың әдіс-тәсілдері мен Елдостың жеке бапкерінің бағдарламасын талдадық. Олимпиада ойындарына бір жарым жыл уақыт қалғанда жауапкершілікті өзіме ала отырып, жеке шынықтыру туралы шешім қабылдадым. Оған көп адам қарсылық танытты. Соңында рейтинг бойынша 3 спортшы іріктеліп алынды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, рейтингте жоғары тұрған спортшы Олимпиада ойындарында күреседі. Бірақ шешімді мемлекет, федерация өзі таңдауы керек. Сондықтан барлығы әділ өтсін деп тәуелсіз төрешілерді шақырдық. Үш спортшының арасында жолдаманы әділетті түрде сарапқа салғанды жөн көрдік. Нәтижесінде, Елдос бар үмітімізді ақтап, тарихта болмаған жүлдені қоржынымызға салды.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ