Ұлттық құрылтайда айтылған ұлттық портал ауадай қажет
Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де осы тақырыпқа қатысты маңызды мәлімдеме жасап, бірнеше құнды ұсыныс айтқан болатын.
Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де осы тақырыпқа қатысты маңызды мәлімдеме жасап, бірнеше құнды ұсыныс айтқан болатын. – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы сенімді ақпарат алатын ұлттық платформа, яғни толық электрондық дерекқор әлі күнге жасақталмаған. Сарапшылардың пайымдауынша, майдангер ата-бабаларын іздеуші ұрпақтың саны 2 млн адамнан асады екен. Қазір Қазақстан азаматтары, тарихшылары және шежірешілері майдангерлерді іздеу үшін ресейлік электрондық дерекқорларды пайдаланады. Тағы бір мәселе, майдангерлерге қатысты негізгі құжаттар мен деректер Ресейдің мұрағаттарында. Сондықтан еліміздегі және шетелдердегі жауынгерлердің құжаттарын, деректерін іздестіріп, цифрландырып, арнайы ұлттық портал жасауымыз қажет. Бұл жұмыстарға көп жылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, қаржыландыруды бюджетке артып қоймай, «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорлары арқылы жүзеге асыру керек. Президент Әкімшілігі жанынан арнайы мемлекеттік комиссия құруды ұсынамын және бұл комиссия соңғы жауынгерді тапқанша жұмыс жасағаны дұрыс, – деді Еділ Жаңбыршин. Депутат өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Әртүрлі деректер бойынша Қазақстаннан майданға 1 млн 300 мыңнан астам адам аттанып, оның 630 мыңы қаза тауып, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. (Бұл деректерді әлі де болса тарихи құжаттар негізінде нақтылау қажет). Артында ұрпағы да қалмаған сол 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді. Осы бағытта бес жылдан бері Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі еңбек етіп келеді. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестірумен жүйелі түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір ұйым. Бірлестік осы уақыт ішінде 4 мыңнан астам боздақтың аты-жөндерін, қай елде жерленгендерін анықтап, олардың артында қалған тікелей ұрпақтары мен туған-туыстарына хабарлады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің көмегімен майдан даласында опат болған 19 отандасымыздың сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жерледі. Atamnyn Amanaty өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт, майдангерлерді әскери құжаттары бойынша мұрағаттардан, түрлі порталдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл – инемен құдық қазғандай дүние. Майданға аттанған қазақтардың көбі сауатсыз болғандықтан, құжат толтырғанда олардың аты-жөндерін қате-қате, қалай айтылса солай жазған. Мысалы, біздің еріктілер мұқият іздестірудің арқасында Оспанов деген жауынгердің Осиповқа айналып кеткенін анықтады. Сол себепті көрші елге көз сүзбеу үшін Ұлттық құрылтайда айтылған ұлттық портал ауадай қажет. Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Біздің еріктілер тобы жыл сайын Калуга облысында өтетін «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Былтыр Ақмола облысында жасақталған 387-атқыштар дивизиясы шайқасқан Ульяновск ауданына барып ескерткіш-белгі орнатып қайттық. Жалпы, Калуга бағытында бес қазақ дивизиясы соғысқан, қанша боздақтың осы жерде көз жұмғанын енді есептей беріңіз. Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын іздестіру, яғни ТМД ғана емес бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлестеріміз жатыр. Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және т.б. елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік. Atamnyn Amanaty өзінің қызметін халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып жүзеге асыруда. Қазір бұл ретте 50-ден астам меморандумдарға қол қойылды. Былтыр қыркүйек айында Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференция өткіздік. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған бұл форум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қимылы үшін ашық диалог алаңына айналды десе болады. Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездеседі. Кейде адам сенбейтін оқиғаларға куә боламыз. Қызылорда облысының тумасы Жантас Батырханұлы майданнан оралмаған әкесінің інісі Айтуған Меделхановты ұзақ жыл бойы іздейді, бірақ нәтиже болмайды. Бір күні көкесінің өзі түсіне кіріп, «Ең алдымен Зубов деген адамды тап, сол арқылы мені табасың» деп аян берген көрінеді. Ол біздің ұйымға өтініш бергенде бізде жалғыз ғана ілік бар еді, ол – майдангердің Ленинград облысында қаза тапқаны туралы ақпарат. Волонтер Айгүл Аитова Ленинград түбінде қаза тапқандардың аты-жөндерін көтеріп, алдымен Зубовты тауып алады. Артынша Айтуған Меделханов та табылады. Олар Колпино қаласы үшін шайқаста қаза тапқан екен. Жантас аға туған жердің топырағын алып барып, көкесінің рухына Құран бағыштап қайтты. Тағы бір мысал, Әлімбатыр Жабағинов пен Қошқар Құлмағамбетов есімді екі жауынгер бірге соғысып, бір зиратта жерленген екен. Олар майданға аттанған кезде елде қалған 5-6 жасар ұл-қыздары кейін ер жетіп, отбасын құрған көрінеді. Бірақ ерлі-зайыптылар 80 жыл бойы әкелерінің бірге қаза тауып, бір зиратта жатқанынан бейхабар болып келген. Оны біз арқылы естіді. Осы ретте еріктілеріміз бен іздестіру жасақтары мүшелерінің жанқиярлық еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар өздерінің уақыты мен күш-жігерін аямай майдан даласында қазба жұмыстарымен, мұрағаттар мен түрлі форумдар арқылы деректер іздеумен айналысады. Арада 80 жыл өтсе де, атажұртқа оралған сол сарбаздардың тікелей ұрпақтарының, туған-туыстарының алғыс сөздері мен қуанышты көз жасы – еріктілер еңбегінің өтеуі. Жастармен жұмыс, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу – қоғамдық бірлестіктің тағы бір бағыты. Қазір Atamnyn Amanaty әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде жасөспірімдерге әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу бар. Бұдан бөлек, біз Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жүйелі көзқарастың жоғы байқалады. Оған мүдделі тараптар арасындағы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қимылдың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сондай-ақ бұл салада ұрпақтардың ауысуын ескере отырып, қазіргі жастардың кумирі кімдер және олар нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн. Былтыр қараша айында Үкімет қаулысымен «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Енді Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі де соны жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосатын болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті Қазақстанның батысын да шарпыды. Сталинград майданы үшін қару-жарақ, дәрі-дәрмек, оқ-дәрі мен жаралыларды таситын эшелондар Орал өңірі арқылы өтті. Әуе қорғанысы штабтарының деректеріне сәйкес фашистік авиация Шонғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке – 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Толық емес мәліметтер бойынша 300 бейбіт тұрғын мен әскери қызметші қаза тауып, шамамен 250 адам жараланған. Қазір сол аймақта соғыстан қалған, қалай болса солай жерленген, кемінде 50 бауырластар зираты бар. 2020 жылғы қыркүйекте Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі өз қаражаты есебінен Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданында далалық іздестіру жұмыстарын жүргізген еді. Қазба жұмыстары барысында әуе шабуылынан қаза тапқан 17 жауынгердің сүйегін тапты. Мәйіттерге сараптама жүргізіліп, жауынгерлердің аты-жөндері анықталып, мәліметтер (бәрі Ресей азаматы болып шықты) Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жіберілді. Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданында қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың сүйектерін көтеру үшін №372 және №365 бекеттері бойында қазба жұмыстарын жүргізу мақсатында толық ауқымды экспедиция жасақтаған жөн деп санаймыз. Боздақтарды осылайша құрметпен жер қойнына беріп, бастарына белгі қойып, тарихтың тағы бір ақтаңдақ бетін жапсақ деген ниетіміз бар. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы басқа да елдік шаруаларға белсене қатысуға Atamnyn Amanaty ұйымы әрдайым әзір. Сонымен қатар депутат Е.Жаңбыршиннің Ұлттық құрылтайда айтқан жоғарыдағы ұсыныстары да жерде қалмайды деп үміттенеміз.
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ, Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасының орынбасары