Шәміл Әбілтай: Күй – біздің ұлттық симфониямыз
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор
– Шәміл аға, халықта «күйшілік өнер қонады» деген сөз бар. Бұл – күйге әуестенген кез келген адамның күйші бола бермейтінін айтқаны шығар. Сондықтан мен күйшілермен әңгімелескенде қоятын алғашқы дәстүрлі сұрағымды сізге де қояйын: күйшілік сізге кімнен дарыды, домбыраға қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Мен Атырау өлкесінде дүниеге келген адаммын ғой. 1948 жылы дүниеге келіп, мал сойылып, бауырсақ пісіріліп, кішігірім шілдехана жасалып жатқанда, әкемнің досы Байнияздың Хасаны деген досы келген екен. Әкем оған, «Хасеке, сен бір ниеті адал жақсы адамсың ғой, атын өзің қой» деген екен. Сөйтіп, ол кісі мені атақты Имам Шәмилдей болсын деп, өзі азан шақырып, маған «Шәміл» деген есім беріпті. Біз жақтан талай дауылпаз күйші шыққан. Қазір өнер тарихында аты жиі аталатын тұлғалы күйшілерді былай қойғанда, бұрында ел арасында өнерімен танылған небір мықты домбырашылар өткен. Нарын құмында, Ақжайықтың бойында Қамеш, Серкебай, Көшәлі деген керемет үш күйші болды. Оларды көргенде мен кішкентай баламын, қатын-баласы бар ма, жоқ па – білмеймін. Соғыстан кейінгі кезең ғой, әкеміз соғысқа қатысып келген адам. Ол кезде қазақ ауылдарының тірлігі жұпынылау. Солай да болса біздің үйде қонақ келгенде сойылатын тоқты-торым табылатын. Бірде сол кісілер науқастанып жатқан әкемнің жағдайын сұрауға келген. Енді, ондай өнерпаздардың ауылға келуінің өзі бір думан. Өнерге сусаған елдің көңілін көтеріп, айналасын думанға бөлейді. Ол шақта мен 4-5 жасар баламын. Олар «Ақсақ құланнан» бастап, небір керемет күйлерді күмбірлетіп жатты. Мен солардың бірінің тізесінде отырып алып, тыңдаған күйлерді құлаққа құйып алдым. Беріле күй тыңдағанымды байқаған әлгі күйшілер әкеме мені мақтады, «мына кішкентайың аман болсын, осы баладан мықты күйші шығады» деп. Үлкендердің сөзін арқаландым ба білмеймін, содан бастап әкеме домбыра үйренемін деп қыңқылдап, ол кісі маған лайықтап кішкене домбыра жасап берді. Үлкен домбыраға ол кезде қолым жетпейді, әрине. Сөйтіп, мені өнермен ауыздандырған әлгі үш шал болды. Олар сол кезде 60-қа жете қоймаған кісілер болуы керек, біздің көзімізге үлкен шал болып көрінеді. Әкем өмірден жас кетті, 53 жасында дүние салды. Мен кенже баласымын.
– Содан кейін өнеріңіз қалай жалғасты? Оқушы кезіңізде домбыра тартып танылдыңыз ба?
– Бастауыш мектепті құмның арасындағы ауылда оқыдым. Бақытжан деген ағам керемет домбырашы еді, сол кісі Форт-Шевченко қаласында жұмыс істейтін. 5-сыныптан бастап сол кісінің қолында тұрып оқыдым. Мен ол кезде әжептәуір домбыра тартамын. Форт-Шевченкода домбырашылар оркестрі болатын, мені сол оркестрге қосты. Ол оркестрде райком хатшысы, районо меңгерушісі, мектеп директоры – лауазымына қарамай, өнерлі адамдардың бәрі отырады. Бір шетінде мен де отырамын. Ол кезде Маңғыстау өлкесі Гурьев облысына (қазіргі Атырау облысы ғой) қарайтын еді. Сөйтіп, оркестр Гурьев облысы орталығында өткен өнер сайысына қатысып, онда мен Құрманғазының «Қайран шешем», Динаның «Бұлбұл» күйін тарттым. Маған бас жүлде берді. Радиода сол өнер фестивалі жайлы айтқанда қызық болды, диктор: «Шәміл деген оқушы бала үлкендермен сайысқа түсіп, бас жүлде алды. Шіркін, әкесі Бисенғали бұл күнді көре алмады-ау, соғыста ерлікпен қаза болды» деп сөйлеп тұр. Шамасы, мен туралы деректі ықтияттап сұрап алмаған болып тұр ғой. Әкесі соғыста дүние салған бала қалай 1948 жылы туған болады? Естігенде әбден күлгенбіз.
– Алматыдағы өнер жолыңыз қалай басталды?
– Алматыға 1966 жылы 18 жасымда, Гурьевтегі музыкалық училищені бітіріп, соның жолдамасымен Құрманғазы атындағы консерваторияға келдім. Ол кезде консерваторияның ректоры атақты ұйғыр композиторы Құддыс Қожамияров деген кісі еді. Талантты адам еді. 1950 жылы, 32 жасында «Ризвангүл» симфониялық поэмасы үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алған адам. Атақты Құрманғазының күйлеріне деген ерекше құрметпен қарайтын шығар, ол кісі біз жақтан келген өнерпаздарға мән береді екен. Қабылдау комиссиясына да «Гурьев жақтан келгендер болса, маған көрсетіңдер» деп тапсырып қойған көрінеді, сондықтан құжат тапсырғалы жатқанда сол жердегілер мені жетелеп, ректордың өзіне алып келген ғой. Ол кісінің кабинетіне келген соң алып келгендер жайымды айтқан соң, Құддыс аға «Шырағым, сен Құрманғазының «Төремұратын» білесің бе? Білсең соны тартшы» деді таза қазақша сөйлеп. Тартып бердім. Тартып болған соң орнынан тұрып, «тамаша орындадың» деп арқамнан қағып, маңдайымнан сүйді. Мұндайды күтпеген қатты қобалжыдым, бірақ үлкен кісіге өнерімнің ұнағанына қуанышым шексіз болды. Шынымды айтсам, тап сол кезде ол кісінің Құддыс Қожамияров екенін де, оның консерваторияның ректоры екенін де білмеймін ғой. Сөйтіп, маған бір күй орындатты да, басқа емтихан тапсыртпай, тікелей консерваторияға қабылдатты. Консерваторияда әуелі Құбыш Мұхитовтың, кейін Қали Жантілеуовтің сыныбында оқыдым. Құбыш аға атақты Мұхит Мералыұлының әулетінен шыққан күйші, адамгершілігі жоғары тамаша адам еді. Сондай кісілерге шәкірт болып осы дәрежеге жеттік қой. Қали аға мені баласындай көрді. Ол кезде құймақұлақпыз, шерткен күйін бір тартқаннан қағып аламын. Сол қабілетімді бағалайтын. Анда-санда консерваторияның дәлізінен Құддыс ағаны көріп қалсам, «О, Шамил!» деп сәлемімді ықыласпен алатын. Ол кісінің консерваторияға көп еңбегі сіңді, жатақхана, концерт залын салдырды. (Кейін ол кісіге деген ризашылығым ретінде «Құддыс» деген күй шығарып, ұрпақтарымен кездескенде орындап бердім). 1969 жылы, Абайдың 125 жылдығына орай, жастардан атақты әнші Аманкелді Сембин екеуміз Мәскеуде өткен концертке қатыстық. Концертте Аманкелді тамаша ән салды, мен күй тарттым. Концерттен соң мәскеулік мықтылар жиналған банкетте олар бізді мақтап, өнерімізге ризашылығын білдіріп жатты. Содан танылып, жағдайым түзеле бастады.
– Консерваторияны бітірген соң еңбек жолыңыз қалай басталды? Алғашқы кездерде қандай есте қалатын сәттер болды?
– Консерваторияны бітірген соң Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясына күйші-лектор болып орналастым. Оның мақсаты – қазақ күйлерінің шығу тарихын айтып, күй тартып, елге өнерді насихаттау ғой. Лекторлық жұмысымды қазақтың атақты ақыны, өзге шығармаларымен қатар «Күй», «Күйші» деген тамаша поэмалар жазған Ілияс Жансүгіровтің туған жері – Талдықорған облысының (қазіргі Жетісу облысы) Ақсу ауданынан бастадым. Аудандық партия комитетінің хатшысының қабылдауында болдым. Бірінші хатшы өнерден хабары мол жақсы адам екен. Жай-жағдайымды сұрап білген соң, ауданның мәдениет бөлімі меңгерушісін шақырып алып, «Мына бала күйді насихаттауға келген өнерпаз екен, мұны Ілиястың еліне апарыңдар» деп тапсырма берді. Сөйтіп, атақты Молықбай күйшінің туған жері «Қызыл таң» кеңшарына бардым. Директоры Серікқазы Сәдуақасов деген, бұрын обкомда жұмыс істеген мықты кісі екен. Ол кезде ауылдық жерлерде қонақүй жоқ қой, директор мені өз үйіне алып барды. Күй тартқызып тыңдады. Сосын кеңшардың клубына елді жинап, кездесу өткізді. Күйшілердің өмірбаяны, шығармашылығы, күйлердің шығу тарихы туралы әңгіме айтып, күй тарттым. Сөйтіп, елмен алғашқы кездесуім өте әсерлі болды. Сол сапарым менің болашаққа жолымды ашты. Әлгі «Қызыл таң» кеңшарының директоры сол кезде Қазақстанды басқарып тұрған Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановтың мектепте бір сыныпта оқыған досы екен, Дүйсетай ағамен еркін сөйлесе береді. Үйінде отырғанда Бекежановқа тікелей телефон шалып әңгімелесіп отырып, мен жайында айтып жатты. «Біз жаққа күйді насихаттауға бір жас бала келді, жақсы күйші. Өзі ащы суға жоқ, сыпайы. Сен соны ретін тауып үлкен кісіге кіргізсеңші» дейді жайбарақат. Әңгіменің өзім туралы екенін сезіп шошып кетсем де, ештеңе дей алмай қалдым. Жасы үлкен ағамен қайтіп сөз таластырасың, оның үстіне мені Қонаевтың көмекшісі не қылар дейсің деп өзімді жұбатамын. Алайда Ақсудан Алматыға оралған соң Дүйсетай Бекежанов мені өзіне шақыртып алып сөйлесті. Хал-жағдайымды сұрады. Әңгімелесіп отырып, «Біздің Жетісуда күйді де тыңдайды, бірақ ән өтімділеу. Ән салатының бар ма еді, ән шығара аласың ба?» деп сұрады. Ол кезде аздап музыка жазып жүрген кезім, «иә, шығарып көрейін» дедім. Дүйсетай аға «онда алдымен өзім тыңдап көрейін» деді. Сөйтіп, Қонаевтың алдынан бір-ақ шықтым. Димекеңнің аты жер жарып тұрған кез. Сасқалақтап, қапелімде не айтып, не қойғанымды білмей, бір сөзіме бір сөзім жуыспайды. «Ал енді бұйымтайыңды айт, балам» деп еді, «Ештеңе қажеті жоқ, аға. Үйім, жұмысым бар» дедім. Сосын «Аға, мен өнер адамымын ғой, сондықтан өзіңіздей екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болған кісілерге қызығамын. Жазылбек Қуанышбаевтың үйінде болдым. Ыбырай Жақаевтың үйінде қондым. Нұрмолда Алдабергенов өліп қалды ғой, енді сізге келдім» деппін ғой не деп жатқаныма есеп бермей. Димекең менің сөзіме даусын шығарып қатты күліп жіберді. Ішек-сілесі қатып, көзінен жас шыққанша күлді. Күлмей қайтеді, өзі бұрын көрмеген жап-жас бала «Нұрмолда Алдабергенов өліп қалды ғой, енді сізге келдім» деп отырса. Сосын менің шығарған әнімнің нота жазылған парағына қарап отырды да, «Балам, мен мына қара домалақтарды түсінбеймін ғой, өзің айтып бере аласың ба?» деді. «Қара домалақ» деп нотаны айтып отыр ғой ағамыз. Мен: Ақ тілек, асқақ ән, Ақ жүрек қостаған. Жүйрікті бәйгеге Жабымен қоспаған Шешімің өнеге, Ендеше, елің де Дән риза саған, – деп келетін ағаға арнаған әнімді айтып бердім. Димекең орнынан тұрып қолымды алып, «Шәміл, ақылың бар бала екенсің. Мынадай сөздерді кім үйретті саған?» деді. Сол кезде бағанадан бері істемеген бас істеп кеткендей, «Сізді ел жақсы көреді екен, сол елдің сәлемі ғой» дедім, өзім шығарып едім деуге бата алмай. Ол кісі қолымды қысып, маңдайымнан сүйіп, ризалығын білдірді. Сосын, Дүйсетай ағаны шақырып алып жымиып тұрып, «мына бала сенің балдызың екен, бұйымтайы болса көмектесіп тұр» деді әзілді рәуіште. Сөйтсем, Бекежанов ақсақал біз жақтың күйеу баласы екен ғой. Ылғи да таланттарды қолдаған Димекеңдей тұлғамен кездесудің әсері болған шығар, әйтеуір, бір жылдан соң Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері болдым. Кейін Қазақ радиосының бас редакторы болып 3 жыл жұмыс істедім. Қартайған адам мақтаншақ болады екен ғой десең өзің біл, інім. Аңқаулау жас кезімде біздің бастан осындай әпенделіктер де өткен.
– Қазақ күйлерін насихаттауға бір кісідей атсалыстыңыз. Қазақтың күй антологиясын жасауға да қатысқан екенсіз...
– Иә, ол баяғыда шыққан үлкен сегіз күйтабаққа жазылған күйлер ғой. Оған мен тартқан Баламайсан, Абыл, Қазанғап секілді күйшілердің он шақты күйі енгізілді. Қазанғаптың «Көкіл», «Домалатпай» секілді күйлерін де алғаш орындағандардың бірімін. Қазанғап күйлерін толық нотаға түсіріп, кітаптар шығарған, «Көкіл» өнер мектебін ашқан күйші Әбділхамит Райымбергенов ініміздің де еңбегін бағалаймын. Әр жерде ол жайлы жақсы сөзімді айтып жүремін. Әр күйшінің іздеушісі, зерттеушісі, насихаттаушысы болған жақсы ғой. Жас ұрпақ күйдің қазаққа ғана тән құдіретті өнер екенін танып-біліп жүргеніне не жетсін?! Қазір қарап отырсам, Кеңестік кезде қазақ өнерінің ерекшелігін танытқан ана антологияға тартқан күйлері енген күйшілердің қазір бәрі ортамызда жоқ екен. Ол да бір өтіп кеткен дәурен сияқты бүгінде... Қазір күй тартатындар көп. Жақсы-жақсы жас домбырашылар өсіп келеді, соған шүкір дейміз. Халық та баяғыдай емес, күйді сүйсініп тыңдайтындар көп. Осыдан он төрт жыл бұрын «Қазақтың мың күйі» деген үлкен антология шықты. Ғажап топтама. Мәдени байлық! Сонда да мен орындаған күйлер бар. Күй ұлттық өнеріміздің байлығы болса, оны насихаттаушылар қатарында болудың өзі де бір бақыт қой, қарағым. Сондықтан музыкант болсын, қаламгер болсын, қазақ күйін насихаттау – бәріміздің халқымыз алдындағы перзенттік парызымыз!
– Қазақтың күй өнері дегенде, күй мектептері есімізге түседі. Жылдам тартылатын екпінді батыс күй мектебі бар, Арқаның, Қаратаудың шертпе күй мектептері бар. Әрқайсысы өз ерекшеліктеріне ие. Десек те, кейінгі кезде күйді жылдам тартатындарға жиі сын айтылып жатады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Әрине, күйдің түрі көп. Екпінді тартылатын рухты күйлер бар, орташа темппен тартылатын терең мазмұнды, ойлы, ойнақы күйлер бар, сол сияқты баяу тартылатын шертпе күйлер де бар. Алайда тартысы жүрдек күйлерді ышқынта, зырылдатып тарта беретіндерді ұнатпаймын. Әр күй өз табиғатына сай, бояуын жоғалтпай тартылуға тиіс. Бізде темп қуатын домбырашылар болған, ондайлар қазір де бар. Кезінде күйлерді тым жылдам тартам деп табиғатын бұзған күйшілер болды. Әлі де жоқ емес...
– Олар кімдер, мәселен?
– Сұрап отырсың ғой, айтайын. Мәселен, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева...
– Бұл сөзіңіз айыптау сияқты екен...
– Мейлі, кім не ойласа өзі білсін. Өз сөзім – өзімдікі. Жаңағы мен айтқан үш домбырашы өзі жүрдектеу орындалатын күйлерді тым жылдам тартып, табиғатына нұқсан келтірді. Олар күйді тез тартып, сонысын шаблонға айналдырды. Оларға еліктеген жастардың бәрі күй тартқанның жөні осы екен ғой деп, зырылдатып тартатын болып кетті... Солай тартыла берген соң жұрт та солай қабылдап кетті. Солар жақсы бағаланды, марапат алды... Күйдің эталоны саналды.
– Сіз де батыс күй мектебінің өкілі емессіз бе?
– Мен енді, ана мектеп, мына мектеп деп бөле бермеймін. Менде жерлестік, іштарлық деген жоқ. Талантты талант дейтін адаммын. Жаңағы айтқан күйшілермен арада, анау айтқандай қыжылым жоқ. Мәселен, Рысбай Ғабиев мені жек көрген жоқ... Қазір де күй тартып, күй шығарып жатқандар баршылық. Бірақ күй шығару деген оңай нәрсе емес. Оның өзі үлкен ғылым. Оған білім де, шеберлік те керек. Мәселен, Айтқали Жайымов «Күй-ана» деген күй шығарыпты. Күйінде тұтастық жоқ. Гибрид. Тіпті, күйге келмейді... Күйді олай сақтап қалу мүмкін емес. Күйді Төлебаевша шығару керек. Ол операда Соқыр Есжанның күйін қалай құлпыртты? Менің шығармашылығым да солай. Бірақ мені әлі ешкім зерттеген жоқ... Күй деген біздің ұлттық симфониямыз. Сондықтан бізде күйшілердің көп болғаны жақсы және бәрі күй табиғатын сақтауы керек.
– Әркімнің пікірі, талғамы әртүрлі ғой. Сондықтан біреуге ұнаған дүние біреуге ұнай бермеуі заңды. Кімдердің мәнері өзіңізге ұнамайтынын ашық айттыңыз. Ал енді өзіңізге ұнайтын қандай домбырашы-күйшілер бар?
– Маған қазір ұнайтын домбырашылар аз емес. Солардың ішінен Мұрат Әбуғазы мен Нұрлан Түменбайды ерекшелеп айтар едім. Мұрат Әбуғазы Нұрғиса Тілендиевтен бата алған жігіт. Нұрғиса домбыраны солақай тартқан, Мұрат та солақай тартады күйді. Мұрат былтыр күйшілер туралы 25 сериялы фильм жасады. Ондай фильм бұрын болған жоқ.
– Ал қазіргі жастар шығарып жатқан күйлерді естіп көрдіңіз бе?
– Білем, естіп жүрмін. Бірақ оларға әлі тәрбие керек. Күйлерін жетілдіруге, әуендік жағынан байытуға көп еңбектену қажет.
– Күйге қатысыңыз болған соң сұрайын, әдебиетке, өнерге байланысты түрлі сайыстар өтіп жатады. Ал енді күйге байланысты сайыс неге өтпейді? Мен орындаушылық жағын айтып жатқан жоқпын, күй шығарып жатқандардың күйлерін ел алдына шығарып жаман-жақсысын саралап көріп, пікір айтылып жатса, қазақта күй шығару өнерінің дамып жатқанын немесе өз дәрежесінде шықпай жатқанын көрмес пе едік?
– Айтып отырғаның дұрыс. Бірақ оған үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жасалуы керек. Болып жатса, күйдің табиғатын танитын, дұрыс бағасын беретіндер табылады ғой.
– Тағы да шығармашылығыңыз туралы айтайық. Бір кезде ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне біраз ән жаздыңыз...
– Ол кісі маған ағалық қылған адам. Кезінде партия қызметінде басшылықта жүрсе де, тамаша ән сөздерімен елге танылған. Өзі де ән шығаратын. Өлеңдері әнге сұранып тұратын. Мен Кәкімбек ағамыздың «Өрікгүл», «Бір ауыз сөз», «Күй ата», «Аңсау» деген өлеңдеріне ән шығардым. Олар елге жақсы тарады.
– «Сөз тоқтаған жерден музыка басталады» деп немістің ұлы ақыны Генрих Гейне айтпақшы, музыка жазу кез келгеннің маңдайына жазыла бермейді ғой. Өзіңіз шығарған күйлер жайында да айта кетсеңіз?
– Әрине, домбырашы болғандардың бәрі күй шығара бермейді. Күй шығару Жаратушының адамға берген ерекше қабілеттерінің бірі болса керек. Менің «Бекет-Ата», «Жібек жолы», «Матай», «Құддыс», «Тұран-Түркістан», «Тектілік» секілді он шақты күйім бар. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Тарихи оқиға, тарихи тұлғалар туралы күйлерімнің бәрі де үлкен әсерден туған шығармалар. Олардың бәрін таратып айта берсек біраз уақытты алады, газет бетіне сия бермеуі де мүмкін. Айтарым, күй – жүректен шықса, дәстүрлі күй өнерінің бар қасиетін бойына сіңірсе ғана күй болады. Жай білімділікпен, қағазға нота жазып шұқшиып, одан-бұдан құрастырғанмен күй болмайды. Ондай «күйлер» жүрекке жетпейді. Жүрекке жетпесе – тыңдаушысына рухани ләззат сыйлап, тебірентпейді. Сондықтан күй шығарамын деген адам осылардың бәрін білуі тиіс.
– Өнерпаз адамдардың саясатқа қандай әсер ететінін біле бермеймін, бірақ сіз кейбір жерлерде саяси мәселелерде де көрініп қалған кездеріңіз бар. Мәселен, ана бір жылы... Кеңестік кезде ҚазССР-дің гимні болған, одан кейін тәуелсіздіктің алғашқы он шақты жылында жаңа мәтін жазылып, Қазақстан Республикасының әнұранына айналған – композитор Мұқан Төлебаев жазған гимнді өзгертіп, жаңа гимн қабылдауға қарсы болдыңыз. Сол үшін, тіпті, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын қайтарып беремін деп мәлімдеме жасадыңыз. Соның мәні не?
– Иә, кезінде ондай оқиға болған. Ол Мұқан Төлебаевқа деген құрмет еді. Сол кезде лайықсыз бір әнді гимн қыламыз деп біреулер жанталасқан. Соған жасаған қарсылығым еді.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Қазақстан-Нұрсұлтан» деген күйіңіздің нотасын өртеп жібердім депсіз...
– Иә, оны бір журналиске жай айта салғам ғой, соны шығарып жіберіпті. Бірақ айтқаныма өкінбеймін. Жеке қабылдауында да болып тартып бергенім рас. Бірақ шығармамды малданып ештеңе сұраған жоқпын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ