Ғарифолла «Сүйген жарын» Рәбиғаға арнаған!
Бірақ солай еді деп растаған әнші-композитордың сөзі еш жерде жоқ.
Өктем саясаттың пәрменімен өлім отын сепкен соғыстың қақ ортасында жүру – жақсылық емес еді. Қаңғыған оқ ойламаған жерден бір бүйірден кеп қадалса не болмақ отыздан енді ғана асқан шағында?! Жары Рабиға, сары үрпек балапандары – Сәуле, Болат, Санаттың әкесіз кейінгі тағдырлары қалай болмақ?! «Ағатай-ай, елде қалған сүйген жарым бар еді, соған мына хатты апарып берсеңіз!» – деп қазақ солдатының қиылып айтқан өтініші, жандарына түсіп, жарылып жататын снарядтар, қансыраған, өліп жатқан адамдар, бәрі-бәрі Ғарифолланы осындай терең, ауыр ойға түсіргені хақ...
Коммунизм идеясын бетке ұстаған СССР империясы өктем билігін батыс елдеріне де жүргізуді көксегені тарихта шет-жағалап айтылады. Бұл – неміс саясаткерлерін алаңдатқан сықылды. Өйткені Совет Одағы көлемінде өткен талай қанқұйлы лаңдардан, атап айтсақ, 1917 жылғы ақ, қызыл боп екіге жарылып қырқысқан бүліктен, 1921 жылғы аштықтан, 1928 жылғы конфискациядан, 1930 жылғы зорлықпен жүргізілген ұжымдастырудан, 1932-33 жылдардағы қолдан жасалған аштықтан, 1937-40-жылдардағы жаппай қуғын-сүргіннен жақсы хабардар еді. Мұның бұлтартпас бір дәлелі – СССР империясының қазақ халқын орасан қырғынға ұшыратуы. Куәлік берейік. Белгілі ақын, түркітанушы Олжас Сүлейменов: «Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность Советского Союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп алғанмын. Ал 1939 жылы 2 млн адам ғана қалған (астын сыздық.-Б.К.). Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік?!» – депті 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетіне (№22 (10725) берген сұхбатында. СССР үстемдігі орнаса осындай қатыгез озбырлықтың неше атасын көретінін біліп, алдын ала сақтанғысы келгендіктен болар, күтіп отырмай басын ашып алуды көздеп, немістер соғысты бірінші бастап жіберген сияқты. Алайда бірнеше мемлекет одақ құрып, жабылып, сан миллиондаған адам шығынымен Германияны зорға жеңгені де рас, тарихта тайға таңба басқандай қатталып қалған. Жазып отырған зерттеуіміздің осы қасап қырғынға қатысы болған соң айтып жатырмыз. Ұстазымыз, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев 1941-45 жылдары аралығында соғыс жүріп жатқан өңірлерге концерттік сапармен үш рет барған, соның бірінде «Сүйген жар» әнін шығарған. Әңгімеміз сол жайында. «EMDT.RU» сайтында «Первые фронтовые бригады – как все начиналось?» деген атаумен жарияланған мақалада былай делінген: «На внеочередном пленуме ЦК КПСС по работе с профсоюзами было принято распоряжение (астын сыздық-Б.К.). Доктрина от 23.06.1941 гласила, что все части Красной армии, вне зависимости от их дислокации, обязаны разделить фронтовую жизнь вместе с работниками искусства. Фактически, это был приказ артистам служить на благо родины, выступать мощной агитационной системой и поддерживать боевой дух и веру в победу у армии, военно-морского флота и населения. Это обращение относилось ко всем работникам искусства СССР» (астын сыздық.-Б.К.). СССР империясының құрамындағы отар ел – Қазақстанда да аталған қаулыға байланысты соғыс жүріп жатқан өңірлерге концерттік сапарлар ұйымдастырылады. Мұның тікелей куәгерлерінің бірі – Қазақ ССР-інің Халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты биші Шара Жиенқұлова. Ол майдан даласына барған сәтін, бастарынан кешкен оқиғаларды былай деп баяндап кетіпті естелігінде: «...Майданға баруға мен де сұрандым. Советтер Одағы Халық Комиссарлар Советінің Өнер істері жөніндегі Комитетінің шешіміне сәйкес Қазақстанның үгіт бригадасы құрылды. Мен өз ансамбліммен барамын және әншілер: Қуан Лекеров, Ғарифолла Құрманғалиев (астын сыздық.-Б.К.), Н.Самышина, В.Калтон, жазушы Әлжаппар Әбішев бар... Батыс майданына келдік. Жолай Калуга, Волоколам жерлерінен өттік... Әскери бөлімшелерге, госпиталь басына концерт қоямыз. Қайбір шешініп киім ауыстыратын жер бар? Әлгі үңгір-үйдің ішіне кіріп, келесі номеріме лайық костюм кием, «есігін» Қуан аға шинелімен бүркеп жауып тұрады. Үңгірдің іші кісі бойы биік, жылы. Бірақ қардың аты қар, мұз құрсаулаған керегеден атқан ызғар киім ауыстырып үлгерем дегенше-ақ денемді қарып үлгереді... «Денеңе жақ, әйтпесе суық өкпеңді қабады» деп маған спирт береді. Бірде жағып, бірде жақпаймын. Концертмейстрім Инда Малиновская жағдай келген жерде спиртті арқама, көкірегіме жағып сипап қыздырып ысқылайды. Алайда өйтіп әспеттейтін жай ұдайы бола бермейді, осыны білгендей Ғарифолла Құрманғалиев: – Жеңешетай, бір жұтым берші, – деп спиртті құтысымен алып кетеді де қасындағы ауыздары жуыспай қалтырап тұрған жігіттерді қарқ қылады... Ат-шана, оң жағында мен, сол жағында Самышина. Шинельге, палаткаға оранып алғамыз. Шананың қар үстімен сырғыған болар-болмас дыбысы мен аттың танауынан атқылаған будан басқа ештеңені естімейміз де, көрмейміз. Тіпті, соғыс болып жатпағандай, төңірек тылсым тыныштық. Бір шамада ауаны тілген ащы ысырық келді: басымыз қылқиып келе жатыр ек, бұға қойдық. Енді айнала астан-кестен болып, ақ қар басқан жердің қара миы шығатынын сездік. Сол екі арада қасымыздан әлдене гүрс етті. Ат үркіп қосаяқтап ырғыды, шана аударылып әр жерде домалап біз қалдық. Қуан мен Ғарифолла орындарынан домалаңдап тұра алмай жатыр... (астын сыздық.-Б.К.) Әйтеуір бұ жолы аман екенбіз. Үріккен атты шанасымен айдаушы бұрып әкелді, «отырыңдар» деді. Самышина кенет өнер шығарып: – Шарочка, кел орын ауыстырайықшы, – деді. «О, неге?» деп сұрағаным жоқ, көңіліне әлденені секем алып қалғаны белгілі. Бір сөзге келмедім, шананың сол жақ қанатына барып отырдым. Бірнеше адым аттатқан жоқ, тағы бір снаряд кеп анадайда жарылды. Самышинаның шыңғырғаны естілді. «Құрыды-ау, байғұс!» деп жалт қарасам, жарқыншақ бетіне тиіпті, әскери бөлімшеден ала шыққан дәрі-дәрмек, орайтын дәке бар еді, әлгінің құлын дауысы шыға шыңғырғанына қаратпастан Инда екеуміз өйтіп-бүйтіп жалбыраған бетін таңып тастадық. Шананың отыратын сиқы жоқ, қақ ортадан опырылған... Осылайша, концерттер қойыла берді. Менің серіктерім де барын салды, Ғарекең, Қуан ағаларың қос шекті домбырамен үн қосып, майдан төсін жаңғырықтырды...». Соғыс болып жатқан өңірлерге сапарлаған кезін Қазақ ССР Халық артисі, әнші Үрия Тұрдықұлова да журналист Н.Оразовқа берген сұхбатында былай деп еске алыпты: «1942 жылы біз, он жеті артист майданға концерт қоюға аттандық. Ленинград түбінде екіге бөлініп, екі автобуспен төрт-бес ай жүрдік (астын сыздық.-Б.К.). Күләш, Жамалдар бір топта. Куклина, Иванова, Ғарифолла Құрманғалиев (астын сыздық-Б.К.) және мен, тағы да біраз артистер келесі топта болдық. Көп ұзамай Күләштар қайтып кетті. Ал біз Сталинград маңында, төртінші Украина майданында, Калинин майданында, атақты панфиловшылар дивизиясында да болдық. Жаяу әскерлердің де, ұшқыштардың да, зеңбірекшілердің де, партизандардың да арасында өнер көрсетіп, ән айттық. ...Ғарифолла екеуіміз омырауымызға Қызыл Жұлдыз орденін тағып оралдық майданнан», – дейді ол (астын сыздық.-Б.К.). Бұл топ та соғыстың ортасында жүріп, төрт-бес ай ішінде Шара баяндағандай қиындықтарға ұшырағаны, қауіп-қатерден өткені анық, алайда сол тұстағы саясатқа байланысты сақтықпен айтпаған сияқты көрген қиындықтарын. Кейбір деректерде кезінде Үрияны «Қазақ ССР Халық артисі» атағынан айырып, кейін қайта берді дейді. Соған қарағанда біз білмейтін талай сыр бар... Ғарифолла Құрманғалиевтың соғыс жүріп жатқан Украина жерінде топ адаммен әскери гимнастерка киіп түскен суретін ертеректе бір басылымнан қиып алып ем, «Мәдениет және тұрмыс» журналы болар, қай саны екені белгісіз, сол жеке архивімде сақталыпты. Фотоның төменгі жағында мынадай мәліметтер түзілген: «Ұлы Отан соғысы жылдарында Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бір топ артистері төртінші Укрина майданының жауынгерлеріне көптеген концерт берді. Мына суретте сол майданда қазақ тілінде шығып тұрған газет редакциясының қызметкерлері мен артистердің кездескен сәті бейнеленген. Бірінші қатардағылар (оңнан солға қарай): Ғарифолла Құрманғалиев (астын сыздық.-Б.К.), Э.Ипмағамбетов, Биби Артықова, В.Кузич. Екінші қатарда: әріп теруші Т.Мәткаримова (екінші), Үрия Тұрдықұлова (астын сыздық.-Б.К.), әріп теруші З.Баялина, үшінші қатарда И.Жуков, М.Дінішев, Қалқаман Әбдіқадыров (бесінші), т.б. 1943 жыл. Мелитополь төңірегі». Алдында отырып, «Сүйген жар» әнін салған сайын Ғарифолла ата Құрманғалиев мына оқиғаны есіне жиі түсіріп, бүй дейтін: «Соғыстың кезі еді. Майдандағы әскерге концерт бересіңдер деп кіл артисті топ-тобымен сонда жіберді. Қырылып жатқан адамды көзімізбен көрдік. Құдай салмасын!.. Қақаған аяз. Айнала орман. Жағамызды көтеріп, құлақшынымыздың екі жағын түсіріп байлап аламыз. Домбыраны тартуға қол жуыспай қалады. Сол кезде саусақты перненің басынан бір, төменгі сағасынан бір басып қана, ырымын жасап, тек дауыстың күшімен алып шығатынмын өз нөмірімді. Бірде сондай концерттерімізді қойып жатқан ек, әнімді бітірген менің қасыма қазақтың баласы жүгіріп келді. Өрімдей жас, Құдай-ау! «Ағатай-ай, елде қалған сүйген жарым бар еді, үйленгеніме үш ай болған, соған мына хатты апарып берсеңіз!» – деп сәлемдемесін ұсынды маған. Уақыт тар. Ұзақ сөйлесе алмадық. Көпке дейін жаңағы жас жігіттің бейнесі, соғыстан аман оралар, оралмасы ойымнан кетпей қойды, сонан бірер күннен соң осы «Сүйген жар» әнім туды. Елге келгесін әлгі баланың хатын табыстадым келіншегіне. Үстіне қызыл көйлек киген, кішкентай ғана қара торы жан. – Осы тұста ұстаз көзіне жас алатын. – Бірінші Алматыда тұрады екен...» Айтпағымыз, Ғ.Құрманғалиевтың осы тақылеттес басқа да баяндауларына қарап, былайғы жұрт тұрыпты, шәкірттерінің өзі «Сүйген жар» әнін майдан даласында жолығып, өтініш айтқан қазақ солдатының атынан оның жарына арнағаны деп түсінеді. Бірақ солай еді деп растаған әнші-композитордың сөзі еш жерде жоқ. Анығында, Ғарифолла атамыз әңгімелеген оқиға – әннің тууына себепкер жайт қана. Бар болғаны – сол. Шығарманың астары, сыры – басқа. Соны ашып көрсетейік. Өктем саясаттың пәрменімен өлім отын сепкен соғыстың қақ ортасында жүру – жақсылық емес еді. Қаңғыған оқ ойламаған жерден бір бүйірден кеп қадалса не болмақ отыздан енді ғана асқан шағында?! Жары Рабиға, сары үрпек балапандары – Сәуле, Болат, Санаттың әкесіз кейінгі тағдырлары қалай болмақ?! «Ағатай-ай, елде қалған сүйген жарым бар еді, соған мына хатты апарып берсеңіз!» – деп қазақ солдатының қиылып айтқан өтініші, жандарына түсіп, жарылып жататын снарядтар, қансыраған, өліп жатқан адамдар, бәрі-бәрі Ғарифолланы осындай терең, ауыр ойға түсіргені хақ... Айта кетейік, пікір өзегі – «Сүйген жардың» тек әуенін ғана емес, алғашқы мәтінін де Ғарифолланың өзі шығарған, соны ұсынайық, өз аузынан жазып алып, үйреніп ем, былай делінеді: 1. Салған әнім әсерлі асқақтаған, Асыл достым айтылды арнап саған, Сүйген жар. Мұз төсеніп, бұлт жастап жүргенде де, Күш беретін сен едің сонда маған, Сүйген жар. Қайырмасы: Ауыр сын дегенде, Талай сыр бар екен. Дем берер жігітке, Ар менен жар екен. 2. Сынағандық емес ед жігіт арын, Бұғып қалмай айтқанда ойда барын. еу, сүйген жар. Мен риза осыдан болсын десең, Жеңіспен қайт демеп пең ынтазарым, еу, сүйген жар. Қайырмасы: Арманым ақталып, Мен тұрмын алдыңда, Еркелеп, назданып, Асылшы-ау мойныма. Өлеңдегі «Мен риза осыдан болсын десең, Жеңіспен қайт демеп пең ынтазарым» деген жолдар майданда қан кешіп жүрген сарбаздың сөзіндей әсер етеді. Ақиқатында бұл – концерттік сапарда бірнеше ай мұз төсеніп, бұлт жастанған, талай қауіп-қатерді басынан өткерген Ғарифолланың сезімі. Өз бейнесіне елдегі жарына аманат-хатын жолдаған қазақ жауынгерін прототип етіп алған. Өмір мен өлімнің ортасында жүріп, сағынышпен түзілген «Салған әнім әсерлі асқақтаған, Асыл достым айтылды арнап саған...» деген тармақтардың өзінен-ақ өлең мен әннің елдегі жас жары Рабиғаға бағышталғанын бажайлау қиын емес... «Сүйген жардың» бұдан өзге екінші нұсқадағы мәтінін және назарға ұсынайық. Мұның да сөзі Ғарифолла Құрманғалиевтікі. «Қазақстан әйелдері» журналында (1956 жыл) жария көрген. Шумақтары былай: 1. Халқым сүйген ардақтап асыл жарым, Еңбегіңмен ақталған таза арың. еу, сүйген жар. Еркелесең жарасқан тал бойыңа, Саған арнап шалқытып ән шырқадым, еу, сүйген жар. 2. Атың сенің әйгілі болған мыңға, Еңбегіңмен сен шырқап шықтың шыңға, еу, сүйген жар. Қала менен далаға үлгі болып, Ұлы Отанда бөленіп тұрсың нұрға, еу, сүйген жар. 3. Кел екеуміз қағайық қырда дабыл, Нұрлы өмірге бастаған жолың даңғыл, еу, сүйген жар. Асыл жүрек айнымас бірге соқсын, Өмір гүлін жайқалған жықпас дауыл, еу, сүйген жар. Қайырмасы: Қараймын өзіңе, Көз алмай жаудырап, Жарасып тұр жұлдыз, Төсіңде балға, орақ. Өлең совет заманында омырауына сөлкебай қадаған күрішші, шопан не механизатор қыз-келіншектің біріне арналған тәрізді. Соны арқау еткендей. Бірақ мұның да астарында Рабиғаға деген құрметінің емеуріні жатыр... Қазақ халқы төбесіне көтеріп, алқап ардақтаған Ғарифолланың абыройының аласармауын ойлап, бабын жасау, шығармашылығына кедергі келтіретін күйбің тірліктерге араластырмау, сондай-ақ бірі келіп, бірі кетіп жататын қонағын күту, оның дос-жарандарымен, ағайындарымен жақсы қарым-қатынасты сақтау, одан қалды балаларының тәртібін, сабағын қадағалау, үйдің тазалығы, үш мезгіл тамақ әзірлеу, т.б. толып жатқан шеті жоқ, шегі жоқ тірліктерді атқару – Рабиғаның бір өзіне оңай шаруа емес, бірақ соның бәріне қабақ шытпай шаңырағының берекеті, ұйытқысы бола білген... Бұрынғылар әйелдің көркем мінездісіне сүйсініп айтса керек: «Асыл болса алған жар – ханым емей немене, Жайлы болса мінезі – жаның емей немене», – деп. Ғарифолла ата Құрманғалиевтың өнердегі әріптес әм сыйлас інісі, атақты әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың мына бір естелігін келтіре кетейік, бүй дейді: «Біздің атақты әншіміз Ғарифолла Құрманғалиев үйіндегі Рабиға жеңгеміз екеуі бір күні кешке жақын театрдың алдында келе жатыр екен. Біздің үлкен баламыз Ғайнидің кішкентай кезі еді, Шабал екеуіміз жетелеп келе жатып Ғарекеңдерге кездестік. Рабиға жеңгеміз Ғайнидің бетінен сүйіп, бізбен амандасты. Сол кезде мен «Раха, осы мына бір баланы әрең тәрбиелеп келеміз, ал сіз жеті баланы қалай өсірдіңіз?» – деп сұрадым. – Шырағым, Кәукен, менде жеті бала емес, сегіз ғой, – деді Рахаң. – Қалайша? Сегізінші қайдан келді? Біз білетін жетеу емес пе еді? – Жоқ, сегіз. Ғарифолланы қайда қоясың?! Және ең қиыны осы сегізінші, – деді Рахаң. Шынында да, Рахаңның сөзінің жаны бар еді. Ғарекең үй шаруасына жоқтау кісі. Тек Рабиға жеңгемізге арқа сүйеп кеткен. Онсыз шай да қайнатып іше алмайды. Үстіне костюм, аяғындағы туфлиге дейін Рахаң сатып әпереді (астын сыздық.-Б.К.). Бірақ Ғарекең жеңгемізге ештеңе сатып әпермейді деген сөзден аулақпыз. Бір жылы Қазан қаласында гастрольде болдық. Сонда өз көзіммен көрген оқиғаны айтайын. Сол қаланың қонақүйінде кішкене лоток (дүкен) бар екен, содан Ғарекең Рахаңа аяқ киім алмақ болды. Аяқ киімін шешіп тастап, жаңағы Рахаңа деген туфлиді өз аяғына киіп көрді. Олқылау келді. – Ғареке, мұныңыз не? – Жеңгеңе аяқ киім алайын деп едім. – Размері қандай еді? – Оны білмеймін. Мынауың маған олқылау келсе, оған дәл болады, – деді» (Қараңыз: Кенжетаев Кәукен. Дархан дарын. – Алматы: Өнер, 1980 жыл, 91-бет). Кәукен ағаның бұл естелігінен Рабиға мен Ғарифолланың арасындағы бір-біріне деген терең құрмет, сыйластықты аңдауға болады. Әлгінде келтірген өлеңіндегі сөздері де мұны растай түседі. «Халқым сүйген ардақтап асыл жарым, Еңбегіңмен ақталған таза арың...», «Атың сенің әйгілі болған мыңға, Еңбегіңмен сен шырқап шықтың шыңға...», «Саған арнап шалқытып ән шырқадым», «...Өмір гүлін жайқалған жықпас дауыл» деген жолдардан ризашылық бек байқалып тұр. Ғарифолланың бірінші жамағатының есімі – Кәмшат. Қызылқұрт руының қызы екен. Жастай кеткен. Сонан кейін Рабиғаға үйленген. Ағайындары басында бұлардың қосылуына қарсы болыпты. Жетім депті. Жалғыз депті. Ауқатты жақыны Оспанның Қалиы қызды үйіне қамап, есігін кілттеп, қарауыл қойған. Бірақ Рабиға ебін тауып, терезеден шығып кетеді. Ғарифолла оны Ақкөл колхозында күзетші, жұрт «таз Хасан» деп атайтын ноғайдың үйіне әкеліп түсіреді. Бұл деректерді, басқа да мәліметтерді бізге 1994 жылы қағазға түзіп берген Қаратөбе ауылының тұрғыны (Матросов көшесі, 14-үй), Ғарифолланың төрт атадан қосылатын шөбере інісі – Амандық аға Нұғыманов. Ол «1953 жылдың тамыз айынан 1959 жылдың 10 ақпанына дейін, 1965 жылдың маусым айы мен 1967 жылдың қараша айы аралығында Алматыда Ғарифолла ағайдың үйінде тұрдым, сонда Рабиға жеңгеміздің өз аузынан естіген едім бұл тарихты» деген-ді. Рабиға 1915 жылы дүниеге келген. Әкесі – Төкешұлы Макар. Ескілікті жолмен таныстырсақ, Байұлының Жәдікбайы. Күйлі тұрмыс кешкен, бай болған, болыс болған. Совет өкіметі 1928 жылы мал-мүлкін тәркілеп, өзін жер аударады. 1934 жылы отыз тоғыз жасында дүниеден өтеді. Ал жамағаты – Хадиша 1898 жылы туып, 1944 жылы қайтыс болған. Қолымыздағы деректердің бірінде Макардың екі әйелінен сүйген перзенті – тоғыз, енді бірінде – он үш делінеді. Бәрі – қыз, ұл көрмепті... Рабиға 1980 жылы дүние салады. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Сәуле Таудаева: «Рабиға апа біз студияда оқып жүргенде қайтыс болды. Шәкірттері жиналып, Ғарифолла ағаның үйіне бардық. Сонда ол көз жасын төгіп, қатты жылады, «жалғыз қалдым ғой» деп айта берді», – дейді (Суретте: Рабиға мен Ғарифолла. ЦГА РК. 1959 г. Ф. 1700). Ғарифолла Құрманғалиевтың перзенттері: Сәуле (1937-2020) – әнші (лирикалық-колоратуралық сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор, 1964 жылы П.Чайковский атындағы Москва мемлекеттік консерваториясының вокал факультетін бітірген; Болат (1939-2005) – құрылысшы-инженер; Санат (1941-2021) – экономика ғылымдарының докторы, академик, 1976 жылдан 1992 жылға дейін Ет және сүт өнеркәсібі министрінің орынбасары болды, бұдан кейін де жоғары лауазымды қызметтер атқарды; Шаһризада (1949) – экономист, Г.Плеханов атындағы Москва экономика институтын бітірген; Ғибрат (1947-1973) – құрылысшы; Нұрлан (1954) – ішкі істер саласына еңбегі сіңген қызметкер, полковник; Ерлан (1956-2007) – инженер-механик. Айта кетейік, Лимар, Бағадат есімді ұлдары болған, ерте шетінеп кеткен. Ғарифолла атаның ұл-қызы – әке өнегесін, қадірін ұғып өскен. Әйтсе де, олардың дәйім көрсетер перзенттік сый-құрметтері, бапты күтімі – бәрібір тіршілігінде ащы-тұщыны тең бөліскен, артық-кемін көтере білген, күйін қасы-қабағынан жазбай таныған, ажырамастай бауыр басқан қосағы тап Рабиғадай бола ала ма? Ғарифолланың «жалғыз қалдым» деп егілуі – содан еді... Алыс замандағы даңқты Шал ақынның да (1748-1819) басына осындай қайғы түскенде: «Кеудең – ана, бөксең – қыз зайыбым-ай, Сен кеткен соң не болды қайран күнім!..» – деп күңіренуі жайдан-жай емес... Уақыт өте келе тыңдаушылардың ыңғайына, талғамға қарай «Сүйген жардың» мәтіні тағы да жаңартылған. Мұның авторы – мәшһүр ақын Ғафу Қайырбеков. Туындыны Ғарифолла кейінгі осы шумақтар бойынша үйреткен еді шәкірттеріне. Мәтін әншінің жеке жинақ кітабына да енген. Әуеннің нотасы қоса берілген (Қараңыз: Құрманғалиев Ғарифолла. Әнші дауысы (Әндер жинағы). – Алматы: «Жалын» баспасы, 1979 жыл, 101- бет). Ғафу Қайырбеков бұл өлеңіне Ғарифолланың ілгерідегі өзі шығарған мәтіндерін ұстын еткен тәрізді. Сөз саптау үлгілерін салыстырып қарағанда жалпы нобайы келіңкірейді... Сөзімізді осы тұстан қайырайық. Украина даласында жүріп жатқан қасап қырғынның ортасында туған, халық арасына кең тарап, қазақтың ән мәдениеті қорына енген Ғарифолла ата Құрманғалиевтың «Сүйген жар» атты өлеңі мен әуені – Рабиға Макарқызына (1915-1980) бағышталған сыры терең арнау, осыны біліп жүрейік!
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы