T-Newspaper

Жаңа Салық кодексі неге сыналды?

сурет: www.istockphoto.com

Таныстырылымнан кейін сарапшылар жаңа жобаның кемшін тұстары туралы ай­тып, пікір білдіре бастады. Олардың ойынша, Үкі­меттің салық реформасына көзқарасы, кері­с­інше кері кетіп барады және өзгерістер са­лық-бюджет жүйесінің мәселелерін шеш­пейді.

Маусымның аяғында Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі жаңа Cалық кодексінің жобасын қоғам талқысына шығарған еді. Оған дейін жоба сарапшыларға жеке таныстырылған болатын.

Жалпы, жаңа жоба салық саясатындағы кемшін тұстарды реттеп, жүйелеу үшін әзірленген еді. Дегенмен сарапшылар жаңа Салық кодексін сынға алып отыр. Олардың ойынша, Үкіметтің салық реформасы салық-бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет бас­шысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында салықты басқаруды толық цифрландырып, салыққа қатысты есеп беру нысандарын, яғни құжаттарды 30 пайызға қысқартуды тапсырған болатын.  – Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлем түрлерінің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайтуға болады және азайту қажет. Маңызды фискалдық қайтарым болмаған жағдайда оларды толығымен алып тастау керек, қалғандарын біріктіруге болады, – деп тапсырған болатын Президент 2023 жылғы 1 қыркүйекте. Ал 2024 жылғы маусымда жаңа Салық ко­дексінің жобасы әзір болды, ол алдымен сарап­шыларға таныстырылды. Оған Қазақ­стан­ның барлық өңірінен 400-ден астам кә­сіпкер, қауымдастықтар, қоғамдық ұйым­дар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Таныстырылымда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бар­лық жаңа тәсіл мен жоспарланған өзгеріс Са­лық саясатының тұжырымдамасында көр­сету ұсынылатынын, ал даулы мәсе­ле­лерді біркелкі түсіндіру үшін Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары деңгейінде Әдіс­те­ме­лік кеңес құру жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар Вице-министр биыл әкім­шілендіруге көп көңіл бөлінгеніне тоқ­талды. Атап айтқанда, қолданыстағы ар­найы салық режимдерін – жеңілдетілген ре­жим мен бөлшек салықты біріктіру жос­пар­да бар екенін жеткізді. Одан бөлек, корпоративтік табыс салы­ғы­ның мөлшерлемесін әр салаға әртүрлі етіп ен­гізу ұсынылған: негізгі мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады, ал банк сек­торы мен ойын бизнесі үшін 25 пайыз мөл­шер­лемесін белгілеу, өңдеу өнеркәсібі, қар­жы­лық лизинг және әлеуметтік сала үшін мөл­шерлемені 10 пайызға дейін төмендету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 3 пайыз деңгейінде сақтау көзделген. Инвестицияларды ынталандыру үшін инвестициялық келісімшарттар мен арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына КТС, жер салығы және мүлік салығынан 100 пайыз босату бойынша салықтық жеңіл­дік­тер қарастырылған.  Таныстырылымнан кейін сарапшылар жаңа жобаның кемшін тұстары туралы ай­тып, пікір білдіре бастады. Олардың ойынша, Үкі­меттің салық реформасына көзқарасы, кері­с­інше кері кетіп барады және өзгерістер са­лық-бюджет жүйесінің мәселелерін шеш­пейді. Сарапшыларды қандай мәселелер тол­ғандыратынын, неліктен алаңдаушылық біл­діретінін, өзгерістердің салдары қандай болуы мүмкін екенін зерттеп көрдік. 

Салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалған

Ең алдымен, сарапшылар жаңа Салық кодексіне қатысты ешбір үкіметтік құжатта салық реформасының стратегиялық мақсаттары сипатталмағанын айтады. Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі, сарап­шы Мұрат Темірханов салық-бюджет жүйе­сіндегі нақты мәселелерге талдау жасал­мағанын айтады. – Жаңа Салық кодексіне қатысты ешбір үкі­меттік құжатта салық реформасының стра­тегиялық мақсаттары сипатталмаған. Бұл туралы Салық реформасы туралы жазған жа­рияланымдарымызда бірнеше рет айттық. Са­лық кодексіне енгізілген өзгерістердің не­гіздемесі ретінде Президенттің белгілі бір тап­сырмаларына сілтеме жасалады, алайда са­лық реформасының түпкі мақсаты дұрыс жет­кізілмеген. Ұлттық экономика министр­лі­гі мен Қаржы министрлігінің Экономика­лық зерттеулер институтының алаңында өт­кізілген таныстырылымда да салық-бюд­жет жүйесіндегі нақты мәселелерге талдау жа­салмаған, – дейді сарапшы.  Мұрат Темірхановтың сөзінше, екінші мә­селе – салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс на­зардан тыс қалып отыр. – Өкінішке қарай, қазір еліміздің салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалып отыр. Бұл дағдарыс мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан, республикалық бюджеттің Ұлттық қордың мұнай долларына тәуелді болуына байланысты, ал негізінде жағдай керісінше болуы керек еді. Мысалы, 2023 жылы республикалық бюджет шығысының тек 55 пайызы мұнайдан тыс салықтар мен бюджетке түсетін басқа да кірістер арқылы қаржыландырылды. Қалған 45 пайыз бюджет шығысы мұнайдан түскен кірістер және Үкіметтің қарызын өсіру арқылы қаржыландырылды, – дейді ол. Сарапшы мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан бюджеттің мұ­най­дан түсетін кірістерге осылайша тәуелді болуы үлкен проблема туғызатынын айтады. Өйт­кені мұнай бағасы жоғары болғанда, Қа­зақстанның шикізаттық экономикасы жақ­сы күйде болып, бюджетке түсетін са­лық­тар да ең жоғары деңгейде болуға тиіс, ал Ұлттық қорды пайдалану – минималды болуы керек.  – Мұнай бағасы жоғары болғанда Ұлт­тық қордың жинақтау функциясы толық­қан­ды жұмыс істеуге тиіс, алайда қазір бұл жү­зеге аспай отыр. Екінші жағынан, мұнай ба­ға­сы төмендеген жағдайда Қазақстанда эко­номиканың өсуі, бюджетке түсетін са­лық­тар және Ұлттық қорға түсетін мұнай кі­ріс­тері сөзсіз төмендейді. Мұнай бағасы тө­мен болған кезде бюджеттің қазіргі шығыс деңгейін сақтау үшін Үкімет Ұлттық қордан бюд­жетке аударылатын трансферттерді ұл­ғайтуға мәжбүр болады, бірақ қазіргі кезде мұ­най бағасы жоғары болғанда да бұл ауда­рым­дар рекордтық деңгейге дейін ұлғайтыл­ды. Ұлттық қорға түсетін мұнай кірістерінің төмендеуі және бюджетке Ұлттық қордан келетін аударымның көбеюі қордың тез аза­юына алып келеді, бұл бүкіл елдің қаржылық тұ­рақтылығына айтарлықтай нұқсан кел­тіруі мүмкін, – дейді Мұрат Темірханов.  Оның айтуынша, салық-бюджет жүйе­сіндегі осы олқылықты түзетудің екі ға­на жол бар: бюджет шығысын азайту не­ме­се бюджетке түсетін мұнайдан басқа са­лық кірістерін арттыру.  – Алайда бюджет шығысының басым бөлігі әлеуметтік салаға және экономикадағы инфрақұрылымдық және басқа да мәселе­лер­ді шешуге бағытталғандықтан, Үкімет бюджет шығысын қысқартуға бара қоймасы анық. Сондықтан жалғыз жол қалады – бюд­жет­ке түсетін мұнайдан тыс салық кірістерін арт­тыру. Былтырғы қыркүйекте бізге қандай салық реформасы қажет екені туралы жеке есеп дайындаған болатынбыз. Есепте біз ЭЫДҰ-ның Қазақстан бойынша зерттеуіне сіл­теме жасадық, онда елде ЖІӨ-ге мұнайдан басқа салық кірістерінің үлесі ЭЫДҰ елдері бойы­нша орташа көрсеткішпен салыс­тыр­ған­да айтарлықтай төмен екені айтылды. Бұл өте күрделі мәселе және ЭЫДҰ пікірінше, бұл проблема салық ставкаларының салыс­тыр­малы түрде төмен болуы, салық базасы­ның ауқымы кең еместігі, көлеңкелі эко­но­ми­каның деңгейі жоғары болуы және салық­тық жеңілдігінің көп болуына бай­ла­нысты, – дейді сарапшы.

Салық жеңілдіктері азая ма, көбейе ме?

Ұлттық экономика Вице-министрі Аза­мат Әмрин салық жеңілдіктері 20 пайызға қысқаратынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 458 салық түрі жеңілдетілген салық деп белгіленген. Оның 98-ін алып тастау жоспарда бар, тағы 29 тар­мақ бойынша шектеулер енгізілмек.  Аза­мат Әмрин бұл шара бюджетке 700 миллиард теңге тартуға мүмкіндік береді деп есептейді. Дегенмен сарапшылар бұл бағыттағы ре­форма қарама-қайшылыққа толы екенін ай­тады. – Жаңа Салық кодексі туралы кон­суль­та­циялық құжатта «салық жеңілдіктері са­лық жинауды азайтып, салық төлеушілер ара­сында масылдық мінез-құлық тудыруы мүм­кін» деп дұрыс атап өтілген. Біздің пікі­рі­мізше, 3,3 трлн теңге көлеміндегі салық жеңіл­дігінің жалпы сомасы барлық салық жеңіл­дігі бойынша жиналған кірістерді қам­ты­майды. Суреттегі жеңілдіктердің талдауы тек Салық кодексінің баптары бойынша жүр­­­­гізілген, алайда көптеген салық жеңілдігі же­келеген ірі компанияларға арнайы беріл­ген. Біздің шамалап жасаған есептеуіміз бойын­ша, салықтық жеңілдіктерден алын­баған салықтық кірістердің жалпы сомасы – 4,5-5,5 трлн теңге, – дейді Мұрат Темірха­нов. Салық жеңілдіктерінің барлығы – эко­но­миканы әртараптандыру, бизнесті «кө­лең­кеден» шығару және Қазақстанды инвести­ция салуға қолайлы ету үшін қабылданған ша­ралар. Дегенмен сарапшылар бұл бағыт­тар бойынша нақты ілгерілеу байқалмағанын айтады.  – Сонымен қатар Ұлттық экономика ми­нистрлігінің презентациясынан салық жеңіл­діктерінің мәнін түсінуде қарама-қай­шылық бар екенін байқаймыз. Нақтырақ айт­сақ, корпоративтік табыс салығының жал­пы мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қа­ла­ды. Алайда Үкімет өңдеу өнеркәсібі, әлеу­меттік сала, қаржы лизингі және ауыл шаруа­шылығы үшін корпоративтік табыс са­лығын төмендетуді көздеп отыр. Салықты же­келеген секторлар үшін төмендету «салық мөл­шерлемелерін саралау» деп аталып отыр, ал бұл – іс жүзінде «салық жеңілдіктерін беру». Сонымен қатар мұндай «салық мөл­шер­лемелерін саралау» нәтижесінде бюджет қан­ша салық кірісінен қағылатынына қа­тыс­ты есеп берілмеген. Ал бұл салық рефор­ма­ларының нәтижесінде мемлекеттік бюд­жеттің жыл сайынғы салық кірісі 1,4 трлн теңгеге артады деген оптимистік үмітке тағы да күмән ұялатады, – дейді Мұрат Темірханов. Яғни, сарапшы салық жеңілдіктері тиім­сіз болғанына, оларды азайту туралы бастама кө­терілгеніне қарамастан, олардың тек кө­бейетіні байқалатынын айтады. – Ауыл шаруашылығы саласы – салық жеңіл­дігі тиімсіз екенінің айқын мысалы, өйт­кені салық жеңілдіктері мен ауыл шаруа­шы­лығы саласына жасалып жатқан басқа да мем­лекеттік көмек нарық заңдылығына қай­шы және өнім өндірушілердің бәсекеге қа­білетті болуға, өнім өндіруді арттыруға де­ген ынтасына кері әсер етеді, – дейді ол. Әйтсе де, сарапшы Мақсат Халық бөл­шек сауда салығына байланысты ен­­­­гізіліп жатқан өзгерістерді қолда­май­ты­нын айтады. Яғни, бұған дейін бекітілген жеңіл­діктің күшін жою туралы бастама дұ­рыс қадам емес деп есептейді. – Салық кодексінің жаңа жобасындағы ең үлкен қателік – бөлшек сауда салығына байланысты енгізіліп жатқан өзгерістер. Бұған дейін 2 млрд теңгеге дейінгі айналымға рұқсат беріле беретін. Енді соны 500 млн теңгеге дейін түсіріп жатыр. Біз, сарапшылар қауымдастығы осы бастама дұрыс емес еке­нін айтып жатырмыз, – дейді ол. Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлер жеңілдіктің шапағатын енді көре бас­­­та­ғанда, талап қайта өзгермек.  – Өйткені көптеген кәсіп иесі жеңілдікті пай­даланып, дұрыс салық жүйесі енді ор­нады ма деп үміттеніп, жұмыс істей бастаған еді. Өкінішке қарай, енді оны қайтадан тө­мен­детіп, кәсіп иелерін тығырыққа тіреп ж­атыр десек те болады. Осы себепті көптеген кә­сіпкер бұл оларды көлеңкелі бизнеске кету­ге мәжбүрлейтінін ескертіп отыр. Сон­дықтан менің ойымша, осы пунктті өзгерт­пеу керек. Қалай бекітті, сол жүйені кем д­е­генде 4-5 жылға дейін қалдыру керек деп есептеймін, – дейді экономист.

Бізге қандай реформа қажет?

Сарапшылар Салық кодексіндегі ин­вес­тиция және бизнес климатын на­шар­лататын, салықты басқару саласын­да­ғы репрессивті және сыбайлас жемқорлық сын-қатерін тудыратын олқылықтарды тез ара­да жою қажет екенін айтады. Олардың сө­зінше, салық органдарына сот санкция­сын­сыз бизнестің мүлкін, шоттарын бұғат­тау­ға мүмкіндік беретін құзыретті беруге бол­­­майды. Сондай-ақ салық төлеуден қаса­қа­на жалтарғаны үшін артылатын қылмыс­тық жауапкершілікті күшейтуге болады. – Жаңа Салық кодексі бойынша Консуль­та­­­циялық құжатта Үкіметтің «мемлекеттік кіріс­тер органдары (МКО) мен салық төлеу­ші­лер арасындағы қарым-қатынастар ка­ра­тельді сипатта» деп айтылған. Бұл мәселені мойындап, оны жеке тармақ ретінде ен­гіз­ген­­дерін оң бағалаймыз. Алайда пре­зен­та­ция­ға қарасақ, салық заңнамасының репрес­сив­тік сипатын жақсарту тек үстірт өзге­ріс­термен шектелмек. Қазіргі және бұрыннан бе­рі келе жатқан басты мәселе – салық ор­ган­­­дары өз қалауы бойынша, сот немесе про­курордың санкциясынсыз, тіпті ең аз салық немесе әлеуметтік төлемдер қарызы үшін немесе салық төлеуден жалтару күдігі бойынша жеке және заңды тұлғалардың банк­тік шоттарын және басқа да опера­ция­ларын бұғаттай алады. Мұндай тәжірибе мен­шік құқығын бұзып, елдегі инвести­ция­лық және бизнес-климатты нашарлатып, сы­байлас жемқорлық сын-қатерін едәуір арт­тырады. Өкінішке қарай, жаңа құжатта бұл мәселе тек қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін қолданудың шекті мәндерін аз­дап көтеру және салық төлеушілер үшін әкім­шілік шығындарды аздап төмендету ар­қылы ғана қарастырылған, – дейді Мұрат Темірханов. Сарапшының сөзінше, бізге кейбір салық мөлшерлемелерін 2006 жылғы деңгейге қайтару қажет, себебі сол кездегі став­калар ел экономикасының қарқынды өсуі­не кедергі келтірген жоқ және ұзақ уақыт бойы мемлекет бюджетінің тұрақтылығын жақсы қолдады. – 2000 жылдардың басында Қазақ­стан­ның мұнай өндіру көлемі қарқынды өсе бас­тады және 2005 жылдан бастап мұнай ба­ға­сы өсе бастады. Осыған байланысты 2000-2007 жылдар аралығындағы ЖІӨ-нің орташа өсімі жылына шамамен 10 пайыз бол­ды, бұл Қазақстан бюджетінің кірісі өсуі­не қолайлы әсер етті. Экономиканың қар­қын­ды өсуі мен оптимистік болжамдардан соң Қазақстандағы салық мөлшерлемелерін күрт төмендету туралы популистік шешім қа­был­данды, бұл 2006-2009 жылдар аралы­ғын­да жүзеге асырылды. Алайда бұрын да атап өткендей, мұндай түбегейлі салықтық реформа өз алдына қойылған мақсаттарға жете алмады. Біздің ойымызша, кейбір салық мөлшерлемелерін 2006 жылғы деңгейге қай­тару қажет, себебі сол кезде олар ел эко­но­ми­касының қарқынды өсуіне кедергі келтір­ме­ді және мемлекеттік бюджеттің ұзақ уа­қыт бойы тұрақты болуына жақсы жағдай жа­сады. Дегенмен салық мөлшерлемелерін кө­термес бұрын бірнеше маңызды мәсе­лелерді шешу қажет, – дейді сарапшы. Ол салық мөлшерлемелерін көтермес бұ­рын бірінші кезекте бюджет шығын­дары­ның тиімділігін арттыруға, бюджет тап­шы­лы­ғын азайтуға және барлық Үкімет шы­ғын­дарын Парламентке, демек, бүкіл қо­ғамға есеп беретіндей етіп жасауға мүмкіндік бе­ре­тін түбегейлі бюджет реформасын жүргізу қажет екенін айтады.  – Салық мөлшерлемелерін көтеру ал­дын­дағы тағы бір негізгі шарт – нарықтық емес және тиімсіз салықтық жеңілдіктерді те­рең талдау және толық жою, бұл туралы ХВҚ, ЭЫДҰ және Дүниежүзілік Банк бірнеше рет жазған. Осындай жеңілдіктерді түбегейлі жою­дан кейін Үкіметке салық мөлшер­ле­мелерін көтерудің қажеті болмауы да мүм­кін, – дейді сарапшы. 

Демек, жаңа Салық кодексіндегі сарапшылар сынға алып отырған негізгі мәселе – салық жеңілдіктерін азайтуға бағытталған қадамның кері нәтиже беруі мүмкін екені. Олардың сөзінше, бұл – мемлекетке деген тәуелділікті, масылдықты одан сайын ушықтырады, бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді. Ал кей экономистер, керісінше, кей жеңілдіктерді қалдыру керек екенін айтады. Олар бұл өзгерістер бизнестің одан сайын көлеңкеге кетуіне ықпал ететінін алға тартып отыр.  Дегенмен ең басты мәселе салық саясатының әділ жүргізілуінде екенін аңғаруға болады. Бұл ретте салаға жауапты органдардың ашық жұмыс істеуі және есеп беруі, баршаға бірдей мүмкіндік беретін салық саясатын құру барлық проблеманы реттеудің алғышарты болмақ.