ІІМ: 5 облыстағы қолайсыз ахуал 7-10 күнде тұрақталады
ІІМ: 5 облыстағы қолайсыз ахуал 7-10 күнде тұрақталады
Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету үшін Үкiмет бюджетiнен 1 млрд. теңге бөлінетін болды. Бүгін Селеторлық кеңес барысында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрлігіне бөлінетін қаржыны тиімді жұмсап, су тасқыны салдарларын жоюды және аймақ тұрғындарына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Алексей Советов хабарлады. «ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев аймақтардағы су тасқынына қатысты және олардың салдарларын жою бойынша селекторлық кеңес өткiздi. Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Үкiмет бюджетiнен Қарағанды облысындағы су тасқыны салдарларын жоюға және зардап шеккен халыққа алғашқы көмек көрсетуге 1 млрд. теңге бөлудi тапсырды», – деп атап өттi А. Советов. Оның айтуынша, қазiргi уақытта су тасқыны 5 облыста ондаған ауылдарды, жүздеген үйлердi басып қалған. Ең ауыр жағдай Қарағанды облысы мен Ақмола облысындағы Нұра өзенiнiң маңындағы ауылдарда және Павлодар мен Петропавл облыстарының шекарасындағы Сiлетi өзенiнiң бойындағы үш елдi мекенде сақталып отыр екен. Ондағы тұрғындар эвакуацияланған. Бір шүкірлік етеріміз, адам шығыны жоқ. «Тұрғын үйлердiң, жеке шаруашылықтардың судан келген зардаптарын бағалау бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгiнде олар жалпы шығынды есептеуде», – дедi Советов. Сондай-ақ, Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы су тасқыны салдарынан орнаған жайсыз ахуал көп ұзамай тұрақталатынына сендірді: «Облыстардағы ахуал бiр айға жетпей тұрақталады. 7-10 күн төңiрегiнде тасқын сулардың деңгейi едәуiр азаяды және қалыптасқан қиын жағдай сейiледi», – дедi ол.