Учаскелік полицей ауылдастарын 31 млн теңге қарызға батырған
Қостанай облысының Денисов ауданында бұрынғы учаскелік полиция инспекторына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ол әртүрлі сылтаумен ауылдастарынан несие алып беруді өтінген. Ал ақшаны букмекерлік кеңселерде ұтысқа тіккен.
2022 жылдың қазан айынан 2023 жылдың маусымына дейін полиция капитаны ауылдастарына екінші деңгейлі банктерден несие алғызып, ақшаның жартысымен басқа ауылдастарынан алған қарызын жапса, жартысын ойынға ұттырған.
Ол келтірген жалпы шығын 31 млн теңгені құраған.
«Сотталушы сотта өз кінәсін мойындады. Ісіне өкінді. Жәбірленушілердің көпшілігі оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін, кішкентай үш баласы бар екенін жазаны жеңілдетуші факторлар ретінде қарастырды. Ант берген лауазымды тұлғаның қылмыс жасауы жазасын ауырлататын фактор ретінде ескерілді. Сот оған үш жыл бір ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол «полиция капитаны» атағынан айырылды. Жәбірленушілердің талап-арызы қанағаттандырылды»-делінген сот хабарламасында.