Жаңалықтар

«30 жыл жүрдім»: Айнұр Тұрсынбаева көрген түсі өмірде орындалғанын айтты

instagram/aidyn_nury

Өнер иесі айтыс сахнасында жүрген жылдарында болған ерекше оқиғаларын бөлісті.

Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева көрген түстері өңінде орындалғаны туралы айтып берді.

«Айтыс сахнасында 30 жыл жүрдім. Бірақ түсті сирек көремін... Есімде қалған 3-4 түсімді айтып берейін... Осыдан 25 жылдай уақыт бұрын Балқашқа айтысқа шақырылдым... Қателеспесем, Ағыбай батырдың 200 жылдық тойы өтті. Жолда пойызда кетіп бара жатып түс көрдім. Түсімде біреу маған алтын сырғаның бір жағын ғана сыйлап жатыр. «Мен мұның жалғыз өзін таға алмаймын ғой, мұны не істесем екен» деп ойланып жатып оянып кетіппін. Сол айтыста бас жүлдені Аманжол Әлтай ағаға бөлістім. Яғни бір машинаны екеумізге ақшалай бөліп берді.

Бір күні түсімде бір құрбымды көремін. Менің алтындарымды тағып алыпты.. Бірақ мен қуанып тұрмын..

Менде басқасы бар ғой деген болармын, білмеймін. Шындығында ол уақыттарда көп алтыным жоқ еді. Сәл уақыттан соң Созаққа айтысқа шақырту алдым. Бардым, айтыстым. Бас жүлде аппақ Жигулиді ұтып алдым. Негізі сол ауылдың баласы Қалижан да керемет айтысқан, бірақ мені алыстан келген қонақ деп сыйлаған болу керек, халық керемет қошеметтеп көлікті маған берді. Мен Қалижанға беріп кеттім.. Бергеніме қатты қуандым...

Бірде Қармақшыға айтысқа бардым... Сол Қармақшының халқының қошеметі әлі есімде. Бірақ бізді жатақханаға жатқызды. Дәретхана далада, бөлме қапырық дегендей мазамыз қашты.. Сол жерде түс көрдім. Түсімде көшеден алтын жүзік тауып алыппын, тағып көрсем тұп-тура. Сол айтысқа тігілген әппақ машинаны мініп кеттім...», – деп жазды айтыскер ақын.