Жамбылдағы жол апатында қаза болған полицейдің бірі 11 баланың әкесі – ІІМ
Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған
Жамбыл облысында болған жол апатына байланысты жаңа деректер шықты.
"2024 жылдың 17 тамызында сағат 01:00 шамасында "Меркі - Шу - Бурылбайтал" республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. 25 жастағы Тойота Альфард автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Шкода Октавия патрульдік полиция көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүрген қызметтік көліктегі екі патрульдік полиция қызметкері қаза тапты. Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің бірі 11 бала тәрбиелеп отырған көп балалы әке", - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.