Жаңалықтар

Павлодарда тәрбиешінің қарауынсыз қалған бала жарақаттанды

Сурет: www.istockphoto.com

Басты сот талқылауында тәрбиеші өз кінәсін толық мойындады.

Сот тәрбиешіні тиісті міндеттерін орындамағаны үшін айыптады, деп хабарлады turkystan.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 тамыз күні жас баланың денсаулығына абайсызда ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан, жас баланың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау фактісі бойынша К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

– Мектепке дейінгі білім беру ұйымында тәрбиеші болып жұмыс істейтін К., 29 ақпан күні жас тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін адал орындамаған. Нәтижесінде жас бала Ж. тәрбиешінің сүйемелдеуінсіз және қарауынсыз болып, өз бетінше үш қабатты төсекке көтеріліп, оны шетінен тартты. Бұл Ж.-ға, сондай-ақ жас балалар Б. мен О.-ға кереуеттің жоғарғы жағының құлауына себеп болды. Соның салдарынан Ж. оң жақ иық сүйегінің сынуы түріндегі дене жарақатын алды, – делінген хабарламада.

Басты сот талқылауында тәрбиеші өз кінәсін толық мойындап, жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдік зиянды өтеп берді. Ол және кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілімен татуласты және іс бойынша өндірісті тоқтату туралы өтінішхат берді. Мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі тоқтатуға қарсылық білдірген жоқ.

– К.-ның іс-әрекеті онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Осы санаттағы істер бойынша ҚК-тің 68-бабы 1-бөлігінің талаптары негізінде жәбірленушімен татуласқан және оған келтірілген зиян толық қалпына келтірілген жағдайда іс тоқтатылуы тиіс. Осыған байланысты сот тәрбиеші мен жәбірленуші өкілінің өтінішхатын қанағаттандырып, тәрбиешіні қылмыстық жауаптылықтан босатып, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты, – деді облыстық соттың баспасөз орталығында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.