Спорт

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасына бас бапкер тағайындалды

prosports.kz

Жаңа бапкер осыған дейін 2021-2022 жылдары құраманы тізгіндеген.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасына Қайрат Сәтжанов бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.

Жаңа бапкер осыған дейін 2021-2022 жылдары құраманы тізгіндеген. Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт үздігі. Бапкерлік еңбек өтілі - 34 жыл. 2021-2022 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. 2024 жылдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері.

• Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында (Сербия) командалық есеп бойынша ІІ орын (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) алды.

• 2022 жылы Азия чемпионатында (Иордания) ІІ командалық орын (3 алтын, 6 күміс, 3 қола) еншілеген.

• 2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командасы I командалық орын (5 алтын, 1 күміс, 3 қола) алды.

• Қайрат Сәтжанов жаттықтырушы ретінде 7 әлем чемпионын, 43 Азия чемпионын дайындаған.

Қазіргі уақытта жаңа жаттықтырушылар құрамы құрылуда, оның ішінде: шетелдік жаттықтырушы маман, жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы, сондай-ақ ғылыми топ мамандары шақырылады.

• Сонымен қатар бас жаттықтырушының жеке шәкірті болмайды деген талап енгізілді.