Тунис тарихын жаңартқан рекордсмен қазақ
Қазақ бапкері Есбол Сұлтанов баптаған Тунис таэквондошылары Африка чемпионаты, Африка ойындары және Париж Олимпиадасында рекорд орнатты
Күні кеше Парижде аяқталған Олимпиада ойындарында Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Тунис таеквондошылары 1 алтын, 1 қола жүлдені еншіледі. Африка құрлығының спорт журналистері қос жүлдегердің ел тарихында бұрын-соңды болмаған бұл жетістігі туралы жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ Тунис құрамасын былтырдан бері баптаған қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың біліктілігі де ел аузында жүр. Бір жыл ішінде тек Олимпиадада емес, құрлықтық бәсекелерде де рекорд орнатқан Есболға қазірдің өзінде бірнеше елден ұсыныс келіп жатса керек. Осы ретте Парижден Туниске жол жүріп бара жатқан маманға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Парижде тіркелген тарихи жетістігіңіз құтты болсын! Олимпиаданың аяқталғанына 1 апта болса да, отандық және шетелдік БАҚ сіз туралы жазуын тоқтатар емес. Бір видеода тунистік жанкүйерлердің сізді қоршап, көңілдері босап, алғысты қарша боратып жатқанын байқап қалдым. Бүгінде Олимпиада жүлдегерлері, шәкірттеріңіз Фирас Катусси мен Мұхамед Халил Жендуби секілді сіз де Тунисте қаһарманға айналдыңыз десек, қателеспеспіз?
– Рахмет! Төрт жылдықтың басты бәсекесінде 2 бірдей медаль, соның ішінде алтын жүлде иелену – Тунис тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. Сол себептен тунистіктер алақайлап қуанып жатыр. Елде – үлкен мереке. Әлбетте, сәйкесінше маған да үлкен құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдіріп жатыр.
– Бір сұхбатыңызда Тунис құрамасының бас бапкері қызметіне түйіндеме арқылы таңдалғаныңыз туралы айтқан едіңіз. Осы ретте ол елге шақырылу тарихыңыз туралы қысқаша айта отырсаңыз?
– Елде шәкірттерімді халықаралық деңгейге шығарып, әлемдік ареналарда төбе көрсетіп жүрген жаттықтырушы болғандықтан олар менің түйіндемемді сұрады. Менен бөлек Оңтүстік Корея, Иран, Египет, Франция елдерінен білікті бапкерлер де бұл орынға таласса керек. Ақыр соңында Тунис таэквондо федерациясы көп түйіндемені саралап, бірнеше үміткердің ішінен мені таңдап алып, келісімшарт ұсынды. Сөйтіп, былтыр қыркүйек айында сонда көшіп барып, жұмысты бастап кеттім.
– Тунисте көбіне футбол, баскетбол, гандбол секілді спорт түрлері танымал екенін білеміз. Теннистен Онс Жабёр деген мықты атлет ел атын әйгілеп жүр. Ал бұл елде таэквондо қаншалық дамыған?
– Елдегі көпшілік білмеуі мүмкін, алайда таэквондо Тунисте футболдан соң нөмірі екінші спорт саналады. Бұл спортпен айналысатындардың қатары көп. Алайда олардың шеберлігін шыңдайтын халықаралық дәрежедегі бапкер саны аз. Оған қоса, кедей ел қатарына кіретіндіктен Тунис спортшыларының халықаралық жарыстарға жиі шығуға мүмкіндігі жоқ. Тиісінше, бапкерлердің практикасы аз болғандықтан, бұл спортқа жауапты федерация халықаралық деңгейдегі тәжірибесі бар бапкер қажет екенін сезініп, сырттан іздеуді қолға алғаны да сол себептен. Ал былайынша бізде бокс қалай танымал болса, таэквондо да бұл елде сол шамалас деңгейде.
– Instagram-дағы жеке парақшаңыздың төбесіне Африка деп жазып, оның тұсына көп медальдің эмоджиін қойып қойыпсыз. Сонда сіз бір жыл ішінде баптаған Тунис таэквондошылар бірнеше жарыста топ жарды ма?
– Мен бұл лауазымға тағайындалғалы бері құрама екі беделді жарыс – Африка чемпионаты мен Африка ойындарына қатысты. Алдымен Африка чемпионатында 2 алтын медаль мен бірнеше күміс, қола жүлде еншіледік. Сосын биыл наурызда Африка ойындарында 8 спортшыны тас-түйін қылып, баптап апарып, 6 алтын, 1 күміс жүлдені арқалап қайттық. Бір ғана таэквондошымыз жеңіліп қалды. Сол Африка ойныдарында Тунис құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын алды. Бұл – тарихи жетістік. Бұған дейін ел спортшылары ондай жетістікке қол жеткізбеген. Оның алдында желтоқсанда Гран-при жарысында бақ сынадық. Онда да 2 алтын медаль алып, әлемнің кіл мықтылары қатысқан ол жарыста жалпыкомандалық есепте 2-орынға табан тіредік. Бұл да тарихи нәтиже. Сосын ақпанда Африка елдері арасында жолдама сарапқа салынатын турнирде жалпы саны 4 жолдаманың 4-еуін де қалтамызға бастық. Бұл да – Тунис тарихында болмаған жайт. Сонымен Олимпиаданы қосқанда бір жылдың ішінде 4 тарихи жетістікке қол жеткіздік. Қатысқан жарыстың түгелінде сенсация жасап, ел ойламаған нәтиже көрсеттік.
– Тунис осы Олимпиадада 3 жүлде алса, соның екеуін қоржынға сіздің шәкірттеріңіз салды. Олимпиада алдында сізге қандай меже қойды? Федерация қанша медаль алуды жүктеп еді?
– Келісімшарт бойынша маған Олимпиадада 1 медаль алу тапсырмасы жүктелген. Сол үшін ұзақ уақыт тыңғылықты дайындалдық. Бас жоспар әзірлеп, ойын үлгісін қарастырдық. «Жолы түйіседі-ау» деген қарсыласқа амал-айла қарастырумен болдық. Жолдама алған 4 спортшымызды сақадай-сай етіп баптадық. Негізі, мен Парижге іштей «3 медаль алсақ, оның екеуі алтын болса ғой» деген үмітпен барған едім. Дейтұрғанмен, бұл межеге жету қиынның қиыны екенін сездім. Сонда да шәкірттерімнің әлеуетін бағамдап, дәмелендім. Дегенмен бұйырғаны бір алтын, бір қола болды. Қола алған шәкіртім жартылай финалда Оңтүстік Кореяның мықты атлетінен ұтылып қалды. Қарымы мықты бір қызымыз жартылай финалда соңғы секундта ирандықты жеңіп тұрып, ұтылып қалды. Одан да медаль күткен едім. Дегенмен Тунис Олимпиада комитеті мен Спорт министрлігі жүктеген бір медаль алу тапсырмасын абыроймен орындадық. Соған да шүкір.
– Қазір жетістіктеріңізді жіпке тізіп, айтып отырғанымызбен, аз уақыт ішінде өзіңізді мойындату оңайға түспегенін де айтып өту керек шығар.
– Тунис – менталитеті, дәстүрі жағынан бізден алыс ел. Тілі, тағамдары, бәрі, бәрі әртүрлі. Әлбетте, әдепкіде үйренісу, орнығу қиынға түсті. Адамдармен қарым-қатынас түзу оңай болмады. Оның үстіне, отбасымды елде қалдырып, жалғыз бардым. Біраз қиын кезеңдерді бастан кешірдім. Сөздің ашығы керек, Қазақстан таэквондо державасы емес. Сондықтан Тунистегі жанкүйерлер бас бапкер етіп жұмысқа кіріскен кезімде сенімсіздікпен қарады. Олардың олай қарауы да дұрыс. Әлемге аты шыққан әйгілі бапкер емеспін. Жұмысымды мамандар байқағанымен, ел ішінде танымал емеспін. Екіншіден, өзге құраманың атлеттерін өзіңе баурап алу, айтқаныңды істету оңай шаруа емес. Бөтеннің аты бөтен. Өз елінде шәкірттеріңді кішкентайынан тәрбиелеген соң, оларды оңай басқара аласың. Ал мында «әрбір асудың бір тосуы бар» деп өз-өзімді қамшылап, олардың көңілін табу, бабын келтірудің жолын іздестірдім. Алдымен жаныма көмекшілерді таңдадым. Олардың жұмысын сараптап, көңілім толмағандарын ауыстырып отырдым. Ақыр аяғында мықты команда жасақтап шығардым. Олимпиададағы жетістігіміз – жүлдегерлерге, маған тиесілі көрсеткіш қана емес, бұл – командаға ортақ жеңіс. Үшіншіден, мені алаңдатып, әрдайым ойымнан кетпеген нәрсе – ол салмағы зілдей жауапкершілік. Әңгіме басында айтып өткенімдей, таэквондо ел ішінде танымал болғандықтан, бізге «Анық медаль әкеледі» деп сенім артылды. «Халықтың, спортшылардың, федерацияның сенімін ақтай аламын ба?» деп қатты уайымдадым. Босаңсуға мүмкіндік болмады. Беріліп жұмыс істедім. Жаттығудан бөлек уақытта, аяқ алысымызға талдау жасап, тек жұмысты ойлаумен болдым. Бір жылдың ішінде қатты қажыдым. Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Бұл еңбек ақталды.
– Біздің ұлттық құрамада көмекші бапкер болып еңбек еткен сізден мұны сұрамай кетпесе болмас. Екі елдің ұлттық құрама сапында жұмыс істеудегі басты айырмашылық қандай?
– Мұнда маған спортқа жауапты құзырлы спорт органдары, нақтырақ айтсам, министрлік, таэквондо федерациясы және ұлттық құраманың өзара байланысы, ынтымақтастық орнатуы қатты ұнады. Бір-бірімен тығыз жұмыс істейді екен. Бір мүддені көздегендіктен, қоян-қолтық жұмыс істеу – басты назарда. Бізге олардан алатын бірнеше жұмыс үлгісі бар екені көрініп-ақ тұр.
– Парижде ел атынан сынға түсткен біздің атлеттерге де көз қырын сала жүрген боларсыз. Отандық таэквондошылардың бұл байрақты бәсекедегі өнері туралы не айта аласыз?
– Бұл Олимпиадада Қазақстан намысын қорғаған екі таэквондошының екеуі де жас. Олардың дайындық барысы жөнінде ештеңе айта алмаймын. Себебі басы-қасында болған жоқпын. Алайда жарысқа шығуын, боз кілемдегі өнерін бақылап отырып, маған екеуі жас болғасын оларға халықаралық тәжірибе жетіспеген секілді көрінді. Парижге Олимпиада, әлем чемпиондары секілді кіл мықтылар жиналған. Олардың тәжірибесі қарсыластарының деңгейіне жетіңкіремеді деп ойлаймын. Дегенмен налитын ештеңе жоқ. Екеуі де жас спортшы. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істеп, анализ жасаса, талай байрақты бәсекеде үлкен нәтиже көрсетіп үлгереді-ақ. Жалпы, бұл Олимпиадада бабы мен бағы қатар шауып, алтын, күміс және қола жүлде салған спортшыларымыз үшін қатты қуандым. Бапкерлер расымен өз спортының кіл мықтыларын алып келген. Ал жолы болмай, жеңілгендерді жерден алып, жерге сала берудің қажеті жоқ. Тағы да қайталап айтамын, Олимпиадаға сайдың тасындай іріктелгендер келеді. Көп атлет алғашқы айналымда-ақ мықтылармен кездеседі. Сондықтан оларды сынап, мінеу орынсыз. Аянып қалған ешкім жоқ. Бала күнінен армандап жүрген жарысына ешкім жеңілемін деп бармайды. Отбасынан алыс жүру, күніне бәленбай сағат жаттығу, болаттай тәртіп және қатаң режиммен өмір сүруге екінің бірі шыдас бермейді. Сол себептен әр спортшының жеңілгенін ғана емес, жүріп өткен жолын да ескеруге тиіспіз. Олимпиадада тіркелген нәтижеге анализ жасап, дұрыс бағдарлама жасақтап, алға қарай ілгерілеу керек.
– Алғашында Мұхамед Халил Жендуби қола жүлде алған соң отандық БАҚ сіз туралы жаза бастады. Ал Фирастың алтынынан кейін ақпарат кеңістігін тіпті жаулап алдыңыз. Өзіңіз мұндай реакцияны күтпеген боларсыз?
– Қазақстанда менің Туниске қызметке кеткенімді көп адам біле бермейді. Кетерде мұны жариялаудың себебі деп жоқ деп ойладым. Дегенмен Олимпиада ойындарында Мұхамед қола жүлдені иеленген соң, мені аренада көріп жүрген журналистер бұл туралы жазып, жаңалықтарға шығара бастады. Ал Фирас алтын алған кезде көп журналист хабарласты. Әрине, мұндай реакцияны күтпедім. Өзімді көрсетейін, мені басқалармен салыстырсын, бір мақтанайын деген ойдан мүлде аулақпын. Біле білсеңіз, мен камераға түскенді, елдің назарына іліккенді онша жақтырмаймын. Мұның бәрі алаңдатпай қоймайды. Алайда елдегі журналистердің өзге елде қол жеткізген жетістігім туралы жарыса жазғанына қуанбасам, еш ренжімеймін. Екіншіден, біз қазақ пейілі дархан, бауырмал халықпыз ғой. Біреуі жетістікке жетсе, бүкілі төбесі көкке жетпей қуанады. Спорт комментаторлары тілге тиек етіп, жария қылып жатыр. Мұның бәрі жүректі елжіретеді. Әлеуметтік желілердегі толастаған пікірлерді оқығанымда бәрінің тілеушім, қолдаушым екенін байқап, бір қуанып алдым. Әлі де «Баянды болсын» деп жазып жатыр. Осы ретте елдегі спортсүйер қауымға айрықша алғысымды айтқым келеді.
– Сізді «елге қайтарып, өзіміздің спортшылардан Олимпиада жүлдегерлерін баптап шығарсын» дегендерге не айтасыз?
– Иә, мұндай пікірлерді көзім шалды. Әлбетте, Көк байрағымызды желбіретіп, ел атын шығарып, елге қалтқысыз қызмет етсек, одан үлкен бақыт жоқ қой! Алайда мен алға қойған жоспарымды әлі анықтамадым. Себебі жоғарыда айтып өткендей, бір жылдағы атқарған жұмысым оңайға соққан жоқ. Қазір 1 айдай еңбек демалысын алдым. Дегенмен қазірдің өзінде бірнеше елден ұсыныс келіп түсті. Тунис федерациясы да келісімшартты ұзартайық деп жатыр. Төлемақыны көбейтіп, жұмыс істеу шартын бұрынғыдан бетер жақсырақ қылу туралы ұсыныс айтылды. Демалыс уақытында қайсысы оң жамбасыма келетінін асықпай қарастыратын боламын.
– Қазақстан таэквондо федерациясы хабарласып, Тунистен де жақсырақ жағдай жасайтынын айтып, жұмысқа шақырса келісер ме едіңіз? Әлде шетелде біраз жұмыс істеп көруді көздейсіз бе?
– Әрине, Қазақстан федерациясы ұсынысын алға тартып, хабарласып жатса, бетпе-бет кездесіп, әңгімелесуге қарсы емеспін. Мән-жайды кәсіби тұрғыда талқылап, толық жоспары мен жобасын көрсетіп, барлығы менің жұмыс үлгіме сай келіп жатса, неге кіріспеске? Жоғарыда айтып өткенімдей, елге қызмет еткеннен артық абырой жоқ! Тунисте жеткен жетістігіме ағайын-туыс, жора-жолдас, журналистер қуанып жатыр. Ал елдің Туын Олимп шыңына көтеруге ат салыссам, бүкіл ел қуанады ғой. Осылайша, елдің алғысына бөленеміз. Ал елдің алғысын алу – ер-жігіт үшін биік мәртебе, зор мақтаныш.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ