T-Newspaper

Үзілмеген үміт: Елімізде 4 099 адам донорға мұқтаж

сурет: istockphoto.com

Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Бүгінде елі­­мізде 40 донорлық стационар, трансп­лант­тау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 орталық қызмет етеді.

Әлемде жыл сайын 157 000-нан астам ағза ауыстыру отасы жаса­лады екен. Ең жиі ауыстырылатын бүйрек, бауыр мен жүрек. Мәселен, 2023 жылы АҚШ-тың өзінде ғана 46 632 ағза ауыстыру отасы жасалған. Осыдан-ақ әлемде донорға мұқ­таждар санының артып отырғанын көруге болады.

1 донор 8 адамның өмірін құтқарады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы әлем бойынша 850 млн адам бүй­рек ауруларынан зардап шегетінін мәлім­деп­ті. Әрбір оныншы адам созылмалы бүй­рек ауруымен ауырады екен. Ал 2040 жылға қа­рай қайтыс болатын әрбір бесінші адам­ның диагнозы бүйрек ауруларынан  болады деген болжам жасайды.  Жаһандық донорлық және трансплант­тау обсерваториясы таратқан мәліметке сүйен­сек, Африка (10 ел), Америка (21 ел), Еу­ропа (40 ел), Шығыс Жерорта теңізі ай­мағы (12 ел), Тынық мұхитының батыс бө­л­і­гі (12 ел), Оңтүстік-шығыс Азия аймағы (9 ел) донорлық пен транспланттау бағ­дар­ла­ма­лары ең көп қолданылатын аймақтарға жа­тады екен.  Әлемнің дамыған елдері мәйіттік донор­лық арқылы ағза ауыстыруды жылдан-жылға дамытып жатыр. Тіпті, «Мәйіттік до­нор­лығы дамымаған елдің медицинасы да дамымаған» деген түсінік бар екен. Бұл мәселеде Азия елдеріндегі көрсеткіш әлі де тө­мен. Дәрігерлер мәйіттің миы «өлгеннен» кейін жүрегі, бауыры, екі бүйрегі, екі көздің қа­саң қабығы, ұйқы безі, өкпесін алып, 8 адам­ның өмірін құтқаруға болады дейді. 

Қазақстанда 4 099 адам донорға мұқтаж

Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Бүгінде елі­­мізде 40 донорлық стационар, трансп­лант­тау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 орталық қызмет етеді. Солардың бірі – «Транспланттауды және жоғары техноло­гия­лық медициналық қызметті үйлестіру жө­ніндегі республикалық орталығы». Мақ­саты  – ағзалық донорлықтың тиімді ұлттық жүйе­сін құру және трансплантология ғылы­мын дамыту. Аталған орталықтың есебі бойын­ша (2024 жылғы 10 мамырдағы жағ­дай бойынша) Қазақстанда 4 099 адам до­норға мұқтаж, оның ішінде 100-ден астамы ба­лалар. Статистика пациенттердің 90 пайы­зы бүйрек трансплантациясын күтіп отырғанын көрсетеді.   Жалпы, елімізде созылмалы бүйрек ау­руы­на шалдыққандар саны жыл сайын ар­тып отыр. Мамандар бұл аурудың жылдан-жыл­ға жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Ауру­дың жас талғамай кең таралауына газ­далған сусындарды, анальгетиктерді, дие­талық қоспаларды пайдалану себеп болып отыр.  – Бүгінде 9 мыңға жуық қазақстандық ге­модиализ процедурасын алады. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда  Қазақстанда бейінді мамандар тап­шы, бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созыл­малы бүйрек ауруы 5 кезеңнен тұрады. Бүй­рек ауруының белгілері байқалмай­тын­дықтан пациенттер аурудың соңғы саты­ла­рын­да дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациент­тер­де диагнозды ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анық­тайтын болсақ, гемодиализді терапияның кө­мегімен кейінге шегеруге болады,  – дейді м.ғ.д., С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Нефрология кафедрасының меңгерушісі  Абай Шепетов. 

Елімізде тірі донорлар көп

Пациенттер өз донорын ұзақ күте­тінін­дік­тен күйеуіне, бауырына, туысына бүй­ре­гін, бауырын беретін тірі донорлар бар ара­мыз­да. Жақында Шымкент қаласында бол­ған қуанышты жағдай қазақстандықтарды елең еткізді. Күйеуіне бір бүйрегін берген әйел­інің әрекеті көпшілікті сүйсінтті. Ер адам бір жылдан бері созылмалы бүйрек жетпеу­шілігімен донор күтіп кезекте тұрған. Сүйген жа­рының кезек күтіп сарылғанын, гемодиа­лиз аппаратына тәуелді болғаны жанына бат­қан әйел өз еркімен бір бүйрегін берген. Сәт­ті жасалған ота нәтижесінде науқас пен донордың жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.  Елімізде бүйрек жеткіліксіздігі бірінші орын­да. Екінші орында, жүрек, одан кейін ба­уыр мен ұйқы безі. Жүректі қажет ететін науқастардың жағдайы тіптен ауыр. Орташа есеппен жыл сайын тізімнен 150-ден 340 адам­ға дейін шығарылады екен. Олардың арасында сауығып тізімнен шығарыл­ған­дардан қайтыс болғандар көп дейді маман­дар. Мәселен, 2022 жылы 209 трансплантация жа­салған, оның 92 пайызы тірі донор бол­ған.   Елімізде трансплантация саласының тұ­ра­лап қалғанын сала мамандары да айта­ды. Бірнеше мың адам науқас күту тізі­мінде тұрғанымен, жылына жасалатын ота саны тым аз. Әсіресе, балаларға донор табу өте қиын. Көп жағдайда табылмайды да. Әсіре­се, жүрек пен өкпе алмастыруды қажет ете­тін пациенттерді аман алып қалу мүмкін емес. Өйткені елімізде кәмелетке толмаған­дар­­дан өлгеннен кейін ағзаларын алуға заң­мен тыйым салынған. Жалпы, елімізде ағза сату заңсыз. Адам ағзаларын сатумен кү­рес бойынша Еуропа кеңесі Конвен­ция­сына сәйкес «Адам ағзасы сауда-саттық заты не­месе қаржылай пайда табудың көзі бол­мауы тиіс». Ал «Халық денсаулығы және ден­­­­саулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 169-бабының 3-тармағында Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу-сатуға тыйым са­лынған. – Бүгінде 6 млн баланың 112-сі диализде. Олар­дың өмірін тек осы процедура ғана сақ­тап тұр. Егер осыдан бес жыл бұрын 12-14 бала бүйрек алмастыруға мұқтаж болса, қа­зір әрбір миллион халықтың ішінде 17 бала бүй­рек ауыстыруды қажет етеді. Көрсет­кіш­тің өсу себебі – қарапайым мәйіттік до­нор­дың болмауы. Донор табылмаса, ата-ана­сы­ның сараптамалары дәл келген жағдайда трансплантация туғанынан жасалады. Алай­да отадан кейін балаға ғана емес, ата-ана­сына да үлкен күтім қажет болады. Біздің елде мәйіттік донорлықты халыққа дұры­сы­нан насихаттау қажет, – дейді University Medical center корпоративтік қоры дирек­торының орынбасары Шолпан Алтынова. Оның айтуынша, 10 жыл ішінде 1 600-ден астам трансплантация жасалса, оның 1 400-ден астамы туыстық донорлық. Яғни, 10 жыл­дан бері 1 500-ге жуық қазақстандық бір бүй­рекпен өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш елімізде сау азаматтарымыздың біртіндеп азайып бара жатқанын көрсетеді. Ресми мә­ліметтерге сәйкес, 46 пайыз жағдайда бала­ларға аналары донор болады екен. 

30 пайыз адам донорды күтпей өліп кетеді

Былтыр Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұры­мова донорларға мемлекеттен төлем төлеуді ұсынған болатын. Оның ай­туын­ша, былтыр донор күткен 320 адам қай­тыс болған. University Medical Center бас­қарма төрағасының орынбасары Махаб­бат Бекбосынова жыл сайын жүрек трансп­лантациясын күту тізіміндегі адамдардың 30 пайызы органды күтпей өліп кететінін мә­лім­деген болатын.  Елімізде адам ағзасын заңсыз алу, транс­п­лан­тациялауға байланысты дау-да­майлар жыл сайын жаңа мүшеге мұқтаж адамдар са­нын арттырып, трансплан­тация­лық ота­лар санын азайтып отыр.  – Заңнамада қайтыс болған адамдардың ор­ган­дарын алуға келісім презумпциясы нақ­ты айқындалмағандықтан, мәйіттік до­норлық қазір дамымай жатыр. Тек туыс­қан до­норлардың органдары алынады. Бұл са­ланың тоқырауының негізгі себебі – қай­тыс болған және туыс емес донорлар­дың ор­­­ган­дары­ның жетіспеушілігі, – деген бо­л­а­­тын  Гүл­дара Нұрымова.  Депутат елімізде заң болғанына қара­мас­­тан, оны іске асу механизмі жоқ екенін және жасалатын ота құнының тым қым­бат­тығын жеткізді. Сонымен қатар елімізде қай­тыс бол­ған адамның донор болу мә­се­лесі ақсап тұр. – Біз қайтыс болғаннан кейінгі донор­лық керек пе, әлде жоқ па деп отырғанда көз жұма­тындардың саны артады. Айта кету керек, олардың дені – 18 бен 35 жас ара­­лы­ғын­дағы жастар. Өкінішке қарай, ха­­лық бұл мә­селеге көз жұма қарайды. Адам­­дар мұндай мә­селемен бетпе-бет кел­ген­­де ғана ойлана бас­тайды, – деді Мәжіліс депутаты. Елімізде ағза донорлығына байланыс­ты халық арасында сенімсіздік пен қор­қыныш бар екені рас. Олай болуы заң­ды да, өйткені қайтыс болғаннан кейін ағ­за­ларын алуға рұқсат беру мәселесіне бай­ланысты заңдар мен ережелер халыққа әлі де толық түсінікті емес. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда 2022 жылы қайтыс бол­ғаннан кейінгі до­норлық 5 есе төмен­де­ген. Бұл көрсеткіш халықтың донорлыққа дайын емес екенін және заңнамалық не­гіз­дің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ халық ара­сында донор­лық­қа теріс көзқарастың қа­лыптасуына діни фактор да әсер етеді. Осы ретте ҚМБД-ның трансплантация жасау ту­ралы ресми сайттарына жүктелген ақпа­рат­ты таптық. Онда: «Жалпы трасплантация жа­сау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі бол­сын) кейбір ағзаларын екінші бір адам­ға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алай­да бұл амал адамды қорламайтын дәре­жеде жә­не белгілі бір шарттары толық орын­дал­ған жағдайда ғана рұқсат, – деп көрсетілген.   Дінімізде донордың өзіне немесе өлген­нен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажетті­лік­терін қамтамасыз ету шартымен, сауда-сат­тық, пайда табу секілді мақсаттар көз­делетін бол­са трансплантация  жасау рұқ­сат етіл­мей­ді.  Дін рұқсат бергенімен, марқұмның туыс­тары мұндай қадамға бара бермейді. Донорға мұқ­­таж жандардың әр сағаты санаулы. Қа­зақ­станда орташа көрсеткіш бойынша па­циент донордың ағзасын 5-6 жыл бойы кү­те­ді екен. Өйт­кені марқұмдардың донор болуына туыс­тары келісім бере бермейді.  Елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж жан­дар­дың көбеюіне донор мәселесі тиісті дең­гейге жет­пей жатқаны себеп екенін осы­ған дейін Ден­саулық сақтау министрі Ақ­марал Әлна­зарова да айтқан болатын. Қыз­метіне кірісе сала трансплантология мәсе­лесіне назар ау­дарып, бұл бағыттағы жұ­мыс неғұрлым жақсы жүр­се, аурушаңдық пен өлім-жітім азаятынын мә­лімдеген еді министр.   – Қазақстанда мәйіттік донорлық қа­рас­ты­­рыл­ған. Заң халықаралық тәжірибеге сүйе­ніп қабылданған. Бұл жүйені дұрыс жолға қою үшін тарифтерді қайта көтеруі­міз керек. Бір­­­­не­ше сатыдан тұратын жұмыс бо­лады. Бұл жер­­де халықтың келісімін ал­май болмайды, ол үшін халық та, қоғам да оған дайын болуы керек, – деген бола­тын.  Осы орайда Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі ағ­залық донорлықты дамыту үшін келісім презум­пциясын енгізуді қа­растыруда. Бұл тәсіл бойынша, егер адам кө­зі тірісінде ағзаларын алуға тыйым сал­маған болса, ол қайтыс бол­ған­нан кейінгі до­норлыққа келіседі деп сана­ла­ды, ал туыс­тарының қосымша рұқсаты қа­жет емес.   Бүгінде қоғамда донорлыққа оң көз­қарас қалыптастыру маңызды болып отыр. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс алдымен халыққа ақ­па­рат­тық-түсіндіру жұмыстарын ашық жүргізуден баст­алуы керек. Мәселен, әрбір қазақстандық өзі қайтыс болғаннан кейін донор болуға ық­тияры бар-жоғын көзі тірісінде gov.kz пор­та­лын­да жазып көрсете алатынын да айту керек. 2020 жылдан бері порталда 25 мыңға жуық өті­нім тіркелген. Оның тек 1 200-і ғана келі­сім берген. Яғни, өтінім бергендердің 95 пайыз­ға жуығы донор болуға қарсы. Ал Ден­саулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел халқының 73 пайызы мәйіт доноры болуға келіс­пейді.

Бекарыстан АМАНЖОЛОВ,  «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің бас консультанты:

Донор боламын деген шешімді бірден қабылдадым

Елімізде бауырының жарты­сын беріп өмір сүріп жатқан до­нор­лардың бірі – Бекарыстан Аман­жолов. Ол  былтыр  досы Уәлиханның 4 айлық қызына бауырының үштен бір бөлігін беріп, балапанның өмірін құтқарып қалды. Бекарыстан мен кіш­кентай Әсияның бүгінгі жағдайын білу мақ-с­атында бейбіт күннің батырына хабарласқан болатынбыз. 

–  Әсия екеуіңізге ота жасалғалы бері бір жылдан асты. Сәл артқа шегініс жа­сап сол кезде бастан кешкен сезімдеріңізді бір еске түсіріп өтсеңіз. 

– Әсия – менің студент кезден бір нанды бөлісіп жеген Уәлихан деген досымның қы­зы.  Балапан туғаннан кейін 10 күннен соң ауырып, қинала бастады. Алғашында диа­г­нозын анықтау қиын болды. Еліміздегі ең мықты деген мамандарға қараттық. Көптеген тексеруден кейін балаға бауыр циррозы диагнозы қойылды. Елімізде емдеу мүмкін емес, отаны Түркияда жасату керек деді. Оған 40 млн теңге керек болды. Туған-туыс, дос-жаран, бәріміз қосылып қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Арнайы қор ашып, халықтан көмек сұрап, қажетті қаражатты жинастырдық. Қаражат жиналып жатқанда түркиялық дәрігерлер қызға бауырын алмастыру үшін донор қажет екенін айтты. «Жаратушыдан қызға бір көмегім тисе екен» деп тілеп жүрдім. Екі ай ғана өмірі қалды деген сөз маған қатты әсер етті. Донор боламын деген шешімді бірден қабылдадым.  Бірақ дәл сол ота жасалатын күні қатты қорқыныш болды. Қорықпадым деп көлгірсіп, өтірік айтқым келмейді. Шешінген судан тайынбас. Менің жүріп өтер өмірлік жолым осы, қазір қорқақтап артқа шегінсем бір адамның өміріне зиян келетінін түсіндім. Отаға дайындай бастағанда тез бітсе екен деген тілек болды іштей.  Наркоз бергеннен кейінгісі мүлдем есімде жоқ. Өз-өзіме келгенде отаның сәтті өткенін естіп, тәубе дедім. 

–  Донор болған адам өзін өмір бойы күтінуі керек дейді. Қазір денсаулығыңыз қалай? 

– Түркияның медицинасы өте жақсы дамыған екен. Бес күнде мені аяққа тұрғызды. Донор ретінде бауырыңызды берсеңіз, өт жолдарын қоса алып тастайды. Сондықтан ас­қа­занға біраз күтім керек екен. Бір жыл бойы тоқтаусыз тексеруден өтіп тұрдым, дәрі іштім, диетада жүрдім. Жүгіруге, спортпен қатты айналысуға болмайды. Қазір ақырындап шектеулер алына бастады. Шынымды айтсам, денсаулық күтіміне кереметтей мән берген жоқпын. Негізі, 5-6 айға дейін толық емдеу курсынан өту керек. Бірақ мен 2-3 айдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Өйткені өзімнің де отбасым болғандықтан жауапкершілігім бар. Бүгінде денсаулығым жақсы, шүкір.   

– Әсиямен жиі хабарласып тұрасыз ба? 

– Әсияның жағдайы бірқалыпты. Біріншіден, қазіргі жағдайын сақтап тұру үшін өмір бойы дәрі ішеді, әйтпесе емдеу процесі қиын болады. Екіншіден, трансплантация – хирургиялық оталардың ішіндегі ең қиыны.  Донор табу, ота жасау бір бөлек, отадан кейін пациенттің бөтен ағзаны қабылдауы екінші мәселе. Қанша дегенмен бөтен ағза адамның иммундық жүйесіне шабуыл жасап, әлсіретіп отырады. Иммунитеті төмен адам­ның кез келген ауруды тез қабылдайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Әсия ата-анасының тұрақты бақылауында, дәрігерлердің қарауында. Қазір олар Алматыда тұра­ды. Түркияда ота жасаған дәрігер Қазақстанға келіп тұрады. Сол сәтті пайдаланып Әсияны да қаратып алады. 

– Сіздің донор болғаныңыз көптеген қазақстандыққа үміт отын сыйлаған сияқты. Донор болғысы келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз? 

– Әр адам өз өміріне жауапты, шешімді де әркім өзі қабылдайды.  Бірақ донор болу денсаулыққа зиян болмаса, оны көтере алатын болсаң, неге көмектеспеске?  Біздің қоғамда донор болып өмір сүріп жатқандар өте көп. Сондықтан бір адамның өмірін сақтағыңыз келсе, көп ойланбау керек. Ой пайда болған сайын ол күдікке алып келеді. Күдік сенімсіздікке, сенімсіздік үрейге, үрей соңында бас тартуға алып келеді. Сол себепті көп ойланудың қажеті жоқ. Шешімді тез қабылдау керек. 

– Әңгімеңізге рахмет!