Сөздік ақтарғанда туған ой
Ал соңғы бір-екі ғасырда ғана осы орыстардың құрамына сіңіп, орыстанып кеткен түрлі топтардың тіліне бір сәт үңіліп көрдік пе?
Өз қағынан жерігендер қай кезде де табылады. Кейінгі кездері қазақ тіліне араб-иран тілдерінен енген кірме сөздерді ұшыратып қалып, пайғамбармен туыстық тауып жатқан қауым пайда болды. Әрине, филологтар мен лингвистер ұлт пен ұлттың, халық пен халықтың мәдени байланыстарға орай бір-бірінен тауар ғана емес, сөз де алмасып жатқанын жақсы біледі. Оның үстіне ностраттық тілдердің тектес екенін де ғылым жоққа шығармайды. Алтай тілдік жүйесіне енетін моңғол халықтарының көне сөздерінің бірқатары түркітекті екенін ғалымдар анықтаған. Ал тұңғыстар мен кәрістердің, күн шығар тұста жатқан жапондардың лексикасынан шанда бір түркі және қазіргі қазақ тілі лексикасына сәйкес сөздер ұшыратсақ, туысқанымызды көргендей ішіміз жылып сала береді. Тіпті, ұлы мұхиттың арғы жағындағы үндістердің тілінен тілімізге ұқсастық тауып жатсақ, екі езуімізді жия алмай мәз болып қаламыз. Өздерін славянтекті санағанмен, Алтын Орданың қоластында болып, қағанат ыдыраған соң ғана елдігін тапқан орыс халқының тілінен де түркизмді молынан ұшыратамыз. Ал соңғы бір-екі ғасырда ғана осы орыстардың құрамына сіңіп, орыстанып кеткен түрлі топтардың тіліне бір сәт үңіліп көрдік пе?
Тарихтан мәлім, көлденеңі Алтайдан Қажы-Тарханға дейін, ені Жетісудан Сібірге дейін көсіліп жатқан ұлан-байтақ аймақ ежелден қазақ халқының атақонысы еді. ХVІ ғасырдың белортасына дейін – орыс патшасы Иван ІV-нің тұсында Орал тауларынан асып көрмеген терістіктегі көршілеріміздің ақша мен қару беріп айтақтауымен шексіз Сібір мен қазақ сахарасын жаулап, Отанымызды отарлауға үлкен үлес қосқан казактар жайында қазақ тарихшыларының осы күнге дейін неге арнайы зерттеу жұмыстарын жасамайтынына да таңғаламын. Жеті жұрт басқан жер десек те, ортағасырлық түркі дәуірі мен Алтын Ордадан кейінгі сан ғасыр бойы осы өңірде көшпелі қазақ ру-тайпаларынан өзге ешкімнің де еншісі жоқ еді. Түрлі тарихи оқиғаларға байланысты өзге ұлттардың диаспоралары қазақ даласынан пана тапты. Ал 1860 жылы осы аумаққа қоныстанған қазақ емес халықтардың басым көпшілігін келімсек казактар құрапты. Әуелі айтып алайық: біз білетін там-тұм деректерге сай казактар мен козактар – XIV-XV ғасырларда пайда болып, XVII-XIX ғасырларда Украина мен Ресейдің оңтүстік далаларында қалыптасқан әскери топ. Түркі негізді «казак» сөзі «өз ортасынан бөлініп шыққан, ерікті адам» деген ұғымды білдіретіні әлмисақтан аян. Бұл сөзді біз «қазақ» атауымен түбірлес деп танығанымызбен, «казак/козак» этнос атауы емес. Сондай-ақ бүгінгі күндері төлқұжаттарына орыс деп жазылғанмен, казактардың күні кеше ғана орыс емес екенін де талай адам тілге тиек еткен. Тіпті, орыс тілінің төрт томдық түсіндірме сөздігін жасаған В.Дальдің өзі Жайық казактары тілінің ерекшелігіне арнайы тоқталып, «Жайық казактарын барлық жерде ә деп ауыз ашқаннан-ақ тануға болады» деген екен. Демек, сартты көрген бір атамыздың ««Құп, мейлі» дегеніңнен білдім, сарт (қазақ емес) екенсің ғой» дегеніндей, казактардың орыс емес екенін В.Даль де тап басып танып тұр. Мен қазір казактардың тарихын жазғалы отырған жоқпын. Сол себепті ол туралы бізден де гөрі тереңірек білгісі келетін оқырмандарға арнап А.Гордеевтің «История казачества», А.Курышевтің «Волжское казачье войско», О.Куцтің «Донское казачество в период от взятия Азова до выступления С.Разина (1637-1667)», Н.Рыжкованың «Донское казачество в войнах начала ХХ века», Н.Смирновтың «Забайкальское казачество (История казачество)», О.Сергеевтің «Казачество на русском Дальнем Востоке в XVII-XIX вв.», тарихшы-архивист В.Абеленцев құрастырған екі томдық «Амурские казаки» атты еңбектердің бар екенін ескерте кетсем артық емес, сол еңбектерден казак атанған қауымның тарихынан біршама мағлұмат алуға мүмкіндік бар. Орыс тарихшылары мен жергілікті өлкетанушылар көз майын тауысып жазған бұдан да басқа еңбектер аз болмауға тиіс. Тағы да, қысқаша тұжырып айтар болсақ, А.Назаровтың «Очерки по истории фамилий уральских (яицких) казаков» атты кітабында А.Рябининнің 1866 жылы жарық көрген «Уральское казачье войско» еңбегіне сілтеме жасап: «Многие уральские казаки-христиане были старообрядцами разных толков. На рубеже XVIII-XIX вв. часть их примкнула к единоверию. Немногочисленная группа казаков (в основном офицеры и их семьи) принадлежала православию. Среди уральских казаков были также мусульмане (татары, башкиры, каракалпаки, туркмены, казахи) и ламаисты (калмыки). Например, в 1862 г. среди уральских казаков (обоего пола) насчитывалось: 62 православных, 39 961 единоверец, 30 314 раскольников, 10 483 мусульман и 1184 ламаистов», – дейтіні бар. Осы үзіндінің өзі бізге көп нәрсені аңғарта алса керек. Қазіргі Батыс Қазақстанның орталығы 1775 жылы қатын патша Екатерина ІІ-нің жарлығымен Уральск (Орал) аталды. Сонымен бірге Жайық өзенінің атауы да Орал деп өзгертілді. Ал «Орал», бәрібір, орыс сөзі емес еді. Шын мәнінде, ол Ор өзенінің атымен байланысты өмірге келген топоним. Атаудың келесі компоненті (ал/ыл) «су» деген ұғымды білдіретін көне түркі сөзі. Еділ, Ойыл, Қиыл, Есіл, Тобыл, т.б. өзен атауларының құрамындағы іл/ыл жұрнақтарын еске алыңыз. Қазіргі қазақ тіліндегі «ылғал» (су) сөзінің түбірі де «ыл». Бұл жөнінде бұрын «Тіл ұшындағы тарих» атты кітабымда арнайы жазғанмын. Сондықтан осылайша қысқа қайырып қоя салғалы тұрмын. Мені қазір ойға қалдырып отырған – Н.Малечаның «Словарь говоров уральских (яицких) казаков» деген төрт томдық еңбегі. Осы кітаптарды әр сөзіне шұқшия отырып парақтап шықтым. Сөздік 26 000-нан астам сөзді қамтиды екен. Бұл еңбекті жазып шығу үшін Нестор Михайлович Малеча (1887-1979) жиырма бес жыл ғұмырын арнапты. Осы еңбектен орыстардың өзі «русский, но другой» деп таныған Орал (Жайық) казактары диалектілерінің сөздігінде орыс халқының және орыс диалектілерінің өзіндік ерекшелігін атап көрсететін бірегей мәліметтерді кездестіруге болады. Мені әсіресе қатты қызықтырғаны Жайық казактарының тілінде кездесетін түркизмдердің орасан молдығы еді. Автордың өзі ара-тұра кейбір атаулардың түркі негізді екенін көрсетсе де, көп жағдайда көзжұмбайлық жасап өтеді. Мен енді сол сөздердің бірқатарына шолу жасағым келіп отыр. Біз де Даль тәрізді «Жайық казактарын ә деп ауыз ашқаннан-ақ» таныдық. Жайық казактары атын атап шақырған кісіге өзіміз секілді «А» деп үн қатады. Үлкен кісіге (мысалы, әжесіне) «Аман, баушка!» (Әже, амансыз ба?) деп амандасса, «Ни аман, ни джаман» (Ни хорошо, ни плохо – Аман да емеспін, жаман да емеспін) деп жауап алады екен. Олар Құдайды «Алла» деп таныған, (Алла – ето казацкий (т.е. мусульманский) бог). Тіліміздегі «ойпырмай», «япырмай» деген одағай сөздер олардың тілінде – «ей-пра», «йёй-пра» деп дыбысталады. Казактар да бақсыны қазақтар секілді баксы деп атайды. Қазіргі күндері жермен-жексен болған құрметті мұсылман қазақтардың (казактардың емес) моласының басына көтерген құрылыс – обаны «аба, абё» (көпше түрі абы, абыф) дейді. Тіпті, неміс тілінен енген кірме сөз «гауптвахта» казактардың тілінде қазақшаға өте ұқсас «абвахта» (абақты) деп дыбысталады. Жолдас – ялдаш (попутчик). Заман – заман (время, эпоха). Ақыл – акал немесе акыл (разум, ум). Бас – башка, бұл түбірден башкач, башковатый (ақылды, басы істейтін адам), башлак (капюшон), башчи – басшы, баскарма, бискарма – басқарма деген сөздер туындайды. Жайық казактары Елек өзенінің бойындағы казактарды өзара Илекбай, Илигбай деп кемсіте атайды. Казактар әулеттің үлкенін «аксакал» деп таниды, кішкентай баласын біздің әжелеріміз сияқты «бабаймен» қорқытады. Шашын алса, төбесіне айдар қалдырған, айдары – айдар (особый вид казачьей стрижки волос). Жігіттік – джигитовка. Баласын «бала» (балаёнок, баланчик, балайка) дейді. Балалары асық ойнайды. Асық (алшы) – ал'чя, ал'чи, ал'чик, альджушка, альча, альчишка. Жұмыс – джумыс, джюмыс (забота, занятость). Әлен-пәлен (пәлен-пәштуан) – алень-балень, ален'-бален', ален'-пален, алени-балени (то да сё, то-сё, пустяки, болтовня), бәрібір – бар-бар, бар-бёр, бар'-бёр', бара-бёр', бара-бйр'. Казактардың сөздік қорында біздің арғымағымыз – аргамак, байталымыз – байтал, жүйрік – джайрюк, жорға – юрга, ирга... Жылқының тарғыл түсі – буро-таргылый, шұбар түсі – буро-чубарый, жирен түсі – игрене-бурый, игрений, игрено-лысый. Сиырдың бір жасар төлі – баспак, башмачка, башмак; ал піштірілген бұқаны «азбан» деп атайды. Бұқа – бык. Сиырды «аугоу-аугоу» (әукім-әукім, аухау-аухау) деп шақырады. Ал аусыл дегені – сиырға тән ауру. Түйе түлігіне және басқа да үй жануарларына қатысты атауларға келер болсақ, айыр өркешті түйе – аир, айыр, аиръ, ал қоспақ – куспак, біртуған (асылтұқымды екі өркешті түйе) – бертуган, бура – бура (верблюд-самец), інген – ингень, ингён', ингёня, ин'ден'къ, атан – атан, нар – нар, бота – бутак, бутачонок, буыршын – буранчук, дөнен – джунень, джюнён', дзюнён', дюнень, дюнён', (лошадь, верблюд трёх-четырёх лет, верблюд четырёх лет), бойдақ – буйдак (взрослый баран, холостой человек или скотина), еркек – иркек (самец (баран)), есек – ишак, ишачка, тіпті мұрындық – бурундук (барундук) екен. Жабағы жүнді джибага, дз"ибага, дибага, жыбага (весенняя овечья шерсть) дейді. Жілік – джилик, джилйк, зилик (одна из 12 частей туши животного). Емшек – ямчйк (грудь). Киім-кешек атауларынан да аса көп айырмашылық көріп отырған жоқпын: белбет – бельбет, бил'бёт, бешпент – бешметь, бишмёт', башмақ – башмак, жаулық – джавлук, джяблук, жарғақ (тон) – яргак. Тамақ және ішіп-жемге қатысты атаулар да күні кешегі қазақ өмірін еске салады. Айран – айран, айрян, арьян, арян (густое кислое коровье молоко, разведённое водой; любимое питьё летом). Быламық – баламыга, бъламыгь, баламык, быламык, балмык. Ірімшік – иримчук. Бауырсақ – баурсак, бурсак, бәліш – беляш, биляш, ет – бесбармак, бешбармак, бижбармак, бишмармак, былғама – бугольма (мучная каша без молока), боза – буза (напиток вроде браги, изготовляемый из пшеничного отвара с примесью хмеля, мёда, изюма и разных пряностей). Казактар тұтынған әртүрлі құралдар мен жабдықтар, қоршаған ортаға қатысты атауларды тізіп көрелік: айыр – аир, айръ (вилы с двумя или тремя зубами), балта – балта, айбалта – айбалта. Арба – дарба, дорба – дорба, дарба, дурба, дарбь. Ал арқан – аркан (верёвка, сплетённая из шерсти или конского волоса, с петлей для ловли лошадей в степи), бақан – бакан, бақыраш – бакрач, ершік – арчак, арчяк, арчажник (деревянный остов седла, ленчик), бастырық – бастрык, алаша – алача, алачя. Зеңбірек – джимбирек (деревянная пушка). Аула – аула, алла, аллё (загородь для загона скота в низовских хуторах), арық – арычок, арычёк (канавка), апан – апан (овраг, яма), балшық – бальчик, батпақ – батлак. Бақша – бахча, бахчя и бакчя. Жар – яр (глубкое место в реке). Немесе жұрт – юрт (казачья станица со всеми землями и населением своим). Базар – базар. Ақша – акча, акчя; алтын (тиын) – алтынник (монета в три копейки), теңге – деньга... Ал батпан өлшемі – батман (мера веса от 20 до 40 кг.). Олардың байғұсы да – байгуш, бейшарасы да – бишара. Батыры – батырь, батыр. Жақсысы – джаксы, джяксы, джиксы, жаманы – джаман, джяман. Ең бір «қызығы», «айналайын» сөзін орыс тілінің лексикасына қосқан өзіміздің Олжас Сүлейменов секілді қазақ тіліндегі көсемше тұлғалы «айналып» етістігіне орыс тілінің қосымшасын жалғап, «айналыпом» (айналыпъм) деп қолдануы таңғалдырады. Бұ сөзді «кружным путём, в обход, кругом, исподволь» деп түсіндіреді. (Если так вы пойдёте, они вас увижут, а вы айналыпом пойдите и смотрите вокруг). Ал ашать (ашают) етістігі асау (жеу, жейді) деген ұғымда қолданылған. Ауыр затты «Ауп!» (Әуп) деп көтереді. Жасыл әлемге назар аударалық. Қарағаштың бұтағынан кесіп алған таяқшаны «агачина» (агачинъ) десе, алша – алчя немесе алыча, жиде – джида, джюда (сирек айтылады). Ал джида сөзінен джидйчка, джидовий, джидовник, джидовый деген сөздер туындайды. Адамтамырды – «адамов корень» десе, ақмия – акмия, ақмамық – акмамык (бескильница, белая полынь), жыңғыл – джангыл, джингыл, джингил, джянгыл, жантақ – джантак, ырғай – ирга, жусан – джусан, джюсан, чюсан, дюсан, шағыр – джагырь, джигыр (зелёная полынь), бетеге – битяга немесе бидяга, бичига, балдырған – балдырьян, андыз – андыс, индыс, құмаршық – кумарчик, ақтал – актал (белая ива, белая лоза), изен – изень, из'ён', еркек (шөп) – еркек, йир'кёк, ебелек – ибилек, ибилёк. Бидай – бидай, астық – астык. Асқабақ – аскабак, қарбыз – арбус немесе арбуз, бұл сөзден де қаншама туынды сөздер жасалған. Жек – джек (птица вихляй или вилюн), бүркіт – беркут, биркут, балапан – балапан, бълапан. Борсық – барчюк, борсук. Балық – балык, ал балық аулайтын шанышқы (балық аулайтын құрал) – чанчка. Жылым – джилим, джилйм, джялйм (водяной орех). Жарық – жарык, ярык, джарык, джярык, дзярык (трещина, разводина во льду). Табиғи құбылыстарға қатысты атаулардың да біразы өз ана тілімізді еске түсіреді. Боран – буран, бесқонақ – бескунак, бискунак (похолодание и бураны в апреле, длящиеся обычно пять дней)... Осылай кете берсек, әлі бірнеше бет сөздік тізіп шыққан болар едік. Сондықтан сәл тізгінімізді тарта тұралық та, ойланайық. Өйткені бұл жай ғана тілдік сәйкестіктер емес. Бұл түркі халықтарының генофонына келген орасан зор шығынды аңғартатын мәліметтер деп білемін. Ақ патшаға адалдығын танытып, орыс мемлекетінің шекаралық аудандарын күзетуге жалданған антына берік түркітекті татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, түрікмендер, қазақтар (азын-аулақ қалмақтар да бар) әскери қызметте казак атана жүріп Кеңес өкіметі орнағанша-ақ ішінара орыстанып үлгерді. Кеңес өкіметіне қарсы күрескен ақ гвардияшылардың дені казактар болатын. Большевиктер жасаған төңкеріс Ресей құрамындағы өзге халықтар секілді казактардың басына да зобалаң ала келді. Қызылдардан жеңіліс тапқан ақ гвардияшылардың көбі эмиграцияға кетіп жан сауғалады. Олардың ұрпақтары өзге халықтармен ассимиляцияға ұшырады. Ал Кеңес өкіметінің билігін мойындаған казактардың бәрі дерлік орыс мектептерінде орта білім алып, орыс әдеби тіліне бейімделді. Қазір олардың бәрінің де орыс екеніне ешкім шүбә келтіре алмайды. Жиырма бес жыл бойы құрастырылған Н.Малечаның «Словарь говоров уральских (яицких) казаков» атты еңбегі 1969 жылы жазылып біткен. Одан беріде жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, бірнеше ұрпақ ауысты. Сөздік авторы да: «1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін Оралда диалектілік сөйлеу үстемдік етті деп айта аламыз. 1919-1953 жылдар аралығында қостілділік (әдеби-диалекттік сөйлеу) орын алса, тың игеруден (1954 ж.) бастап Жайық казактарының сөйлеу мәнерінде ұлттық тілдің әдеби түрі айтарлықтай басым болған сияқты. Рас, диалекттік сөйлеу тілі көптеген казак отбасында бүгінге дейін тағынан түскен жоқ. Сонымен қатар оралдықтар басқа тәртіптегі қостілділікпен де сипатталады: олардың көпшілігі орыс тілінде (диалектілік немесе әдеби, немесе екеуінде де) және қазақша сөйлеуді бірдей меңгерген, бұл әсіресе төменгі дәрежедегі Жайық казактарына қатысты», – деп жазыпты. Осы сөздердің астарынан казактардың негізінен орыстанып біткенін аңғаруға болады. Ал енді казактардың басынан өткен осындай үдеріс өздерін казак емес, қазақпын деп сезінетін, бірақ балабақшада тілі орысша шығып, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында орыс тілінде білім алып жатқан қаракөз бауырларымыздың арасында басталып та кеткен сықылды. Ана тілімізді көздің қарашығындай қорғай алмасақ, қазақ деген халықтың да мәңгілігі жөнінде әңгіме қозғаудың жөні жоқ-ау!..
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты