Ассамблея – халық дипломатиясының күретамыры
Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге қоғамда мәдениетаралық және дінаралық диалог құрудың озық үлгісін көрсетті. Тіпті, оның өңірлік және діни қақтығыстардың алдын алу бойынша тәжірибесі БҰҰ-ға да үлгі ретінде алуға ұсынылды.
Келесі жылы 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі этникалық топтар арасында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында құрылған ерекше институт. Тұңғыш Президент Жарлығымен ассамблея құру саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындады. Ұйым мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік берді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
Көп ұлтты елімізде аталған ұйымның қоғамды ұйыстырудағы әлеуеті артып, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге қоғамда мәдениетаралық және дінаралық диалог құрудың озық үлгісін көрсетті. Тіпті, оның өңірлік және діни қақтығыстардың алдын алу бойынша тәжірибесі БҰҰ-ға да үлгі ретінде алуға ұсынылды. Себебі бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көп этностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Ең алдымен ол бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл құрылымның әу бастағы басты міндеті – мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болатын. Сол міндет пен жауапкершіліктің үдесінен шыққан ұйым еліміздің дамуында маңызды рөл ойнайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі этностардың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, еліміздің ілгері дамуына күш салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін бүкіл әлемге паш етіп келеді. Ассамблея жастармен өте тығыз байланыста жұмыс істейді. 2021 жылы қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Ассамблеяның жастар құрылымдарын «Жастар Ассамблеясы» бірыңғай республикалық жастар ұйымына айналдыру туралы тапсырма берілді. Сол жылы 17 қарашада республикалық қоғамдық бірлестік Әділет органдарында ресми тіркеуден өтіп, бүгінде республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыста 17 өкілдік құрылды. Жаңа ұйымның мақсаты мен міндеті – жастардың бастамаларын дамыту, жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін көтеру. «Жастар Ассамблеясы» ұйымын кешенді дамытудың алты негізгі бағыты анықталды. Біріншісі, Social Assembly – жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға көмектесу. Екіншісі, «Бірлік тілі» – мемлекеттік тілді оқыту. Жастардың қарапайым, ауызекі тілді меңгеруіне жағдай жасау. Үшіншіден, «Ел мұрасы» – тарихи-мәдени мұраны сақтау. Төртіншіден, «Таза орта» – экология мен қоршаған ортаны қорғау. Бесінші, «Қасиетті парыз» – әскери-патриоттық тәрбие. Соңғысы, Jastar media – медиажобаларды әзірлеу және медиасауаттылықты арттыру. Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді жастары студенттер арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттау және жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта оқу орындарымен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс күшейтілді. Сонымен қатар республикалық және жергілікті деңгейдегі жастар іс-шаралары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар ұйымдары басқа да жастар ұйымдарымен тұрақты түрде өзара байланыс жасайды. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының алдында жаңа міндеттер тұр. Тіл мәселесінде Ассамблея жұмысының озық көптеген жобасын атап өтуге болады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеті, тілі, дәстүрінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарлама және 7 тілде телебағдарлама шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Сонымен қатар ересектерге арналған 30 этнос тілін оқуға мүмкіндік беретін 195 этно-білім беру кешені бар және жексенбілік, лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілінде бірнеше ондаған жаңа кітап жарық көреді. Сондай-ақ жыл сайынғы халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету. Өзге этностардың тілі мен дәстүрінің сақталуына жағдай жасай отырып, Қазақстанда тұрып жатқан олардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру бағытында да Ассамблея жұмысы ерекше жолға қойылған. Соңғы рет Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Ассамблеяға 13 міндет жүктелді. Біріншісі – Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының мәслихаттар және Парламентпен өзара іс-қимылын дамыту бойынша депутаттық жобасына арналған «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» міндеті. Екінші «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы арқылы тіл саласындағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Үшінші «Сан алуан бола тұра бірлікті сақтау» жобасы – мәдениеттердің сан алуандығын паш етеді. Төртінші «Жомарт жан» жобасы – қайырымдылық саласына арналады. Бесінші «Ассамблея айнасы» – Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистерінің клубы жобасы ақпараттық салада бастау алды. Алтыншы «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы – қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға бағытталды. Жетінші «Этномәдени бірлестіктер: Реформалардың әлеуметтік базасы» деп аталатын жоба этносаралық өзара іс-қимыл алаңы, жалпы ұлттық құндылықтарды ілгерілету бойынша жұмыстарға этномәдени бірлестіктерді тартуға шақырады. Сегізінші жоба – «Салауатты сана». Аталған аналар кеңесі қоғамдағы буллинг, зорлық-зомбылық, ойынқұмарлық, нашақорлық сынды дерттерге қарсы жүйелі іс-қимыл жүргізуді көздейді. Тоғызыншы жоба «Адал азамат» деп аталады. Ол Қазақстан халықтарының негізгі құндылықтары арқылы жастар мен балаларды тәрбиелеу бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Оныншы «Елдесу және татуласу» этномедиация кеңесі жобасы бірлік пен ынтымақты арттыруға арналған. Он бірінші «Ассамблея жастары» бірлестігінің «Жаңа толқын» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа тұлғаларын дамытуды көздейді және ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Тамырлас» ғылыми-сараптамалық кеңесі жобасының міндеті – жалпыхалықтық құндылықтарды ілгерілетуге ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты тарту. Соңғысы – «Қазақстан халқы Ассамблеясы академиясы» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралар ассоциациясы осы ұйым үшін жаңа кадрлар дайындаумен айналысады. Осы жобалардың бәрі өңірлік Ассамблеялардың жұмысының маңызды бір бөлігіне айналуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуына үлес қосатын негізгі институттардың бірі. Ол елдегі этникалық және әлеуметтік әртүрлілікті сақтап, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өз тарихында Ассамблея Қазақстан Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды. Бүгінде Ассамблея мемлекеттік, ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.
Акбаржон ИСМАИЛОВ, республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі