Сәуле Алпысова: Азаматтық қоғамда адам құқығына шектеу болмауға тиіс
Community Media Hub қоғамдық ұйымының директоры Сәуле Алпысовадан еліміздегі азаматтық қоғамның жай-күйі туралы сұраған болатынбыз.
Дамыған елдердің қайсысын мысалға алсақ та, азаматтық қоғам ешқашан бірден орнамағанын тарихтан білеміз. Қазақстан жоспарлы экономикалық саясаттан нарықтық қоғамға қадам басқан тұста азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын институттар назардан тыс қалды. Тек осыдан 20 жыл бұрын ғана үкіметтік емес ұйымдардың тамырына қан жүгіріп, бүгінде жұмысы жандана бастады. Алайда халық арасында әлі күнге дейін азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар туралы түсінік әлі қалыптаспай отыр. Осы ретте Community Media Hub қоғамдық ұйымының директоры Сәуле Алпысовадан еліміздегі азаматтық қоғамның жай-күйі туралы сұраған болатынбыз.
– Қазақстандағы азаматтық қоғамның қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?
– Бүгінде елімізде азаматтық қоғам толықтай қалыптасты деп айта алмаймыз. Егер азаматты қоғамды түрлі топтар мен олардың құқықтарын, мүдделерін білдіретін және оны іске асыратын, сондай-ақ мемлекеттен дербес әрекет ететін қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтардың жиынтығы ретінде қарайтын болсақ, онда қазір Қазақстанда азаматтық мемлекеттік емес сектор қалыптасты. Аталған сектор – белсенді қоғамдық ұйымдардың институты. Бүгінде ҮЕҰ айтарлықтай кең ауқымды әлеуметтік маңызды қызметтерді атқарады, тақырыптары мен бағыттары да айқын. Осыған байланысты олар қазақстандық қоғамды дамытудың түрлі өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қоса отырып, қоғамдық маңызы бар барлық саланы қамтиды. Сонымен қатар азаматтық қоғамды ҮЕҰ-ның қызмет саласына жатқызу дұрыс емес. Біз азаматтық қоғам институттарының жұмысына қазақстандықтар белсенді қатысады, азаматтық секторда жұмыс істейтін азаматтар саны артып отыр және халық арасында азаматтық қоғам институттарына сенім жоғары деп айта алмаймыз. Яғни, еліміздің азаматтары ҮЕҰ-лар жұмысынан бейхабар, немен айналысатынын біле бермейді. Оның үстіне ҮЕҰ-лар саны мен сапасы бір-біріне сай келмейді. Бүгінде Қазақстанда 22 240 ҮЕҰ тіркелген, оның тек 5 000-ы ғана өз қызметі туралы есеп беріп отырады екен. Жалпы, азаматтық қоғамның дамуы немесе жай-күйі туралы айтатын болсақ, адам барлық қатынас пен процестің басты әрекет етуші тұлғасы және субъектісі ретінде оның құқықтарының, қажеттіліктерінің, мүдделері мен құндылықтарының барлық жүйесімен әрекет етеді. Мұндай жағдайда қоғамның жай-күйi мен дамуы үшiн ең жоғары жауапкершiлiк азаматтардың өзiне жүктеледi. Алайда халық арасында инерциялық, патернализм көңіл күйі басым. Бірінші топ өз аумағындағы түрлі мәселелерді бірлесіп шешуден бастап ел басқару процесіне дейін араласпайды, немқұрайлылық танытады. Екiншi топ адамдардың дербестiгiн шектей отырып, олардың өмiріндегі барлық мәселені мемлекет пен оның құрылымы шешуі керек деп санайды. Азаматтық қоғам дегеніміз – өзiн-өзi ұйымдастыру мен өзiн-өзi реттеу негiзiнде және мемлекеттiң тiкелей бақылауынсыз iске асырылатын саяси, экономикалық, мәдени, этникалық, дiни және өзге де қатынастардың жиынтығы. Алайда объективтi факторларға байланысты қоғам өмiрiнiң әртүрлi саласындағы мемлекеттiң рөлін жоққа шығара алмаймыз. Ал өзін-өзі ұйымдастыру мен реттеу, әсіресе ауылдық жерлерде көбірек жүзеге асып жатады. Өйткені ауылдағы адамдардың ауызбіршілігі сақталған, ақсақалдар кеңесінде жастар үлкендерді тыңдай біледі. Дегенмен посткеңестік елдердің барлығында дерлік азаматтық қоғамды азаматтардың саяси емес мүдделерін білдіретін ҮЕҰ-лар қызметі деп түсінеді. Қазақстанның азаматтық секторы тәуелсіздік жылдары айтарлықтай өсті, әлеуметтік институт және саяси күш ретінде нығайды. Мемлекет пен ҮЕҰ тарапынан азаматтық белсенділікті қолдау және дамыту тұрғысынан үлкен жұмыстар атқарылды. Осы міндетті іске асыру шеңберінде елде волонтерлікті жүйелі дамыту жолға қойылды. Бірнеше жылдан бері еріктілердің ұлттық желісі, «жедел желілер» жұмыс істейді, Еріктілер туралы заң енгізілді, «Біргеміз» республикалық фронт-офисі құрылды, Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы іске қосылды. Барлық өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша «Адалдық алаңы» консультациялық құқықтық платформалары жұмыс істейді, гендерлік ұйымдардың дағдарыс орталықтары жанындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жедел желілер ұйымдастырылған, елдің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторының ашықтығына тікелей әсер ететін қоғамдық бақылау енгізілген. Осының барлығын ескере отырып, Қазақстанда азаматтық қоғам бар, қалыптасып келе жатыр деп айта аламыз. Алайда оның дамуы әзірге баяу, сондықтан қоғамда азаматтық қоғам институттарының ықпалы да төмен. Азаматтық белсенділікті арттырудың, әртүрлі деңгейдегі өзекті міндеттер мен мәселелерді талқылаудың тетіктері жеткіліксіз. Сондықтан қоғамдық өмірдегі мүдделерді іске асыруға мүмкіндігінше көп адамның қызығушылық танытуы маңызды.
– Елімізде қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынас қалай дамып келеді?
– Бүгінде мемлекет азаматтық қоғам институттарын дамытуға неғұрлым белсендi атсалысып отыр. Соңғы 5-7 жылда Қазақстанда мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның өзара байланысы едәуір нығайды. ҮЕҰ-лар мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың негізгі белгісі – әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесе іске асыру. Мәселен, гранттық қаржыландыру – азаматтық қоғам институттарын қаржылық қолдаудың құралы. ҮЕҰ қолдау үшін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ атынан бірыңғай оператор құрылды. Қаржыландыру көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. Президенттің Жарлығымен ұзақмерзімді перспективада азаматтық секторды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын жаңа стратегиялық құжат – азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат азаматтық қоғам мен билік органдарының өзара іс-қимылындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Тұжырымдамада азаматтық сектор қызметін трансформациялаудың жаңа тәсілдері көзделген. Сондай-ақ азаматтық қоғамды және оның институттарын дамытуға баса назар аударылып отыр. Бүгінде мемлекет пен ҮЕҰ-ның өзара байланысын көрсететін мысалдарға қоғамдық кеңестер, диалог алаңдары, азаматтық форумдар жатады. Тұтастай алғанда, Тұжырымдама нәтижесінде қазақстандықтар азаматтық қоғам институттарының жұмысына белсенді араласып, азаматтық секторда жұмыс iстейтiндер саны ұлғайып, әртүрлi әлеуметтiк топтар тарапынан азаматтық қоғам институттарына сенiм артады деп күтілуде. Алға қойылған міндеттерді сапалы іске асыру азаматтық қоғамды дамудың жаңа деңгейіне шығаруға және сындарлы диалогқа мүмкіндік беретіні сөзсіз.
– Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуын қолдау үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Бүгінде елімізде ҮЕҰ өкілдері үшін жүйелі мамандандырылған білім мен біліктілікті арттыру бағдарламалары жоқ. Сонымен қатар ҮЕҰ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ҮЕҰ арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері маңызды. Осыған байланысты 3 жылдан бері «ҮЕҰ академиясы» жобасы жұмыс істеп келеді, оның мақсаты – ҮЕҰ қызметін кәсібилендіру. Бұл Қазақстанның ҮЕҰ басшылары үшін қажетті құқықтық және басқарушылық білімнің жүйеленген курсы. Яғни, бүгінде ҮЕҰ өкілдерін қашықтан оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің кәсіби дағдыларын дамыту үшін қазақстандық білім беру платформасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұдан басқа, азаматтарды қоғамдық өмірге тарту, қазақстандықтардың бастамаларын қолдау және ілгерілету үшін Қазақстанның барлық өңірінде Азаматтық орталықтар құрылды. Бұл орталықтар өз жобалары мен стартаптарын іске асыруға қатысу үшін азаматтарға құқықтық және білім беру бойынша көмек көрсетеді. Дегенмен азаматтық қоғам әлі де болса тұрақтылықты арттыру, оны кәсібилендіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеке және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін пысықтауға тиіс. Сондай-ақ Азаматтық сектор ұйымдары өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген, сондықтан ақпараттық және қаржылық ресурстарға бірдей қол жеткізе алмайды. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан, азаматтық сектор институттарының алдында отандық және халықаралық қорларды қолдау, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу маңызды болып отыр. Сондай-ақ азаматтық қоғамның коммерциялық емес ұйымдарының қызметін фандрайзинг және монетизациялау құралдарын игеру мәселелері де өзекті.
– Қазақстандағы азаматтық қоғамның әлеуметтік және саяси процестерге әсері қандай?
– Әлемдегі ҮЕҰ-лар қоғамның саяси өмірінде шешуші рөл ойнайтынын көріп отырмыз. Қазақстанға келетін болсақ, билік пен үкіметтік емес сектордың арасында өзара тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас бар. Соңғы жылдары Қазақстанда үкіметтік емес сектор мемлекеттік құрылымдардың дұрыс шешім қабылдауына ықпал еткені ешкімге жасырын емес. Алайда көп жағдайда мұндай өтiнiштер нақты нәтиже көрсете бермейді. Бұдан басқа, мемлекеттік құрылымға ықпал ету үшін қауымдасу қажет, бірақ ҮЕҰ-лар қызметінде әлі де бытыраңқылық, әлеуметтік мәселелерді шешуде күш-жігердің жетіспеуі байқалады.
– Азаматтық қоғам Қазақстанда адам құқықтарын қорғауға қаншалықты ықпал етіп отыр?
– Азаматтық қоғамның мақсаты – жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау арқылы қоғамның тұрақты және үйлесімді дамуына үлес қосу. Азаматтық қоғамда адам құқығына қатысты ешқандай шектеу болмауға тиіс. Мұндай қоғамда әрбір өзекті мәселе дұрыс шешімін табуы керек. Бүгінде Қазақстанның ҮЕҰ-лары гуманитарлық көмек көрсету, әйелдер құқығы, экология мәселелері бойынша жұмыс істейді. Мәселен, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған дағдарыс және оңалту орталықтары жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлықты азайту және құқықтық сауаттылықты арттыру үшін «Адалдық алаңы» құқықтық консультациялық алаңдары құрылды. Инклюзивті білім беру орталықтары, көпбалалы аналарға арналған қолдау орталықтары, зейнеткерлерге көмек көрсетуге арналған жедел желілер, инклюзивті қоғамдастықтарға арналған құқық қорғау орталықтары, емделушілерге арналған жедел желілер, волонтерлік және медиа орталықтар ашылды. ҮЕҰ азаматтардың құқығын қорғау бойынша тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар жұмыссыздардың құқығы қорғалып, қоғамдық бақылау бойынша маңызды тетіктер әзірленіп, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасының деңгейі бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Одан бөлек инфрақұрылымның, мобильді қызметтердің қолжетімділігі, тұрғын үй, халықтың қаржылық сауаттылығы және басқа да көптеген әлеуметтік маңызды мәселелер кезегімен шешіле бермек. Бізге бір нәрсені анық түсіну керек. Демократияға бет түзеген, экономикасы дамыған, азаматтарының құқығы кепілдендірілген, ашық, инклюзивті қоғам ғана алға дами бермек. Ал азаматтық қоғамы мен құқық қорғаушылары еркін жұмыс істей алмайтын жерде адам құқығына қол сұғушылық, кемсітушілік пен сыбайлас жемқорлық гүлдене береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан А.БИМЕНДИЕВА