Мемлекетке қарыз беріп, кіріс көруге бола ма?
Ескеру керек маңызды жайт – мақала инвестициялық кеңес емес, тек ақпарат беру үшін жазылды. Себебі инвестициялау – тәуекелге бару, оны әркім өз жағдайына, жинаған қаржысы мен жеке стратегиясына байланысты өзі шешуі керек.
Мемлекетке немесе ірі компанияларға қарызға ақша беріп, одан пайда табуға болады. Осындай мүмкіндік беретін құнды қағаздар нарығындағы маңызды құрал – облигация.
Сенімді және кіріс түсетініне кепіл берілетіндіктен, облигациялар көбінесе банк депозиттерімен салыстырылады. Өйткені қанша кіріс түсетіні алдын ала белгілі болады. Сондықтан ол ең тиімді қаржы құралы деп те сипатталып жатады. Дегенмен, қаржысын облигацияға салатын қазақстандықтардың үлесі өте аз. Халықтың тақырыптан, жалпы ұғымнан хабардар бола бермеуі де мұның бір себебі болуы мүмкін. Жалпы, облигация деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Қалай сатып алуға болады? – осы сияқты жалпы бағыт-бағдар беретін сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Ескеру керек маңызды жайт – мақала инвестициялық кеңес емес, тек ақпарат беру үшін жазылды. Себебі инвестициялау – тәуекелге бару, оны әркім өз жағдайына, жинаған қаржысы мен жеке стратегиясына байланысты өзі шешуі керек.
Қаражатыңызды қарызға бере тұрасыз
Жалпы, бағалы қағаздар ақша тарту үшін шығарылады. Яғни, белгілі бір компания немесе мемлекет болашақта пайыз төлеуге уәде беріп, инвесторлардың ақшасын «қарызға» ала тұрады. Осы мақсатта облигациялар шығарады. Яғни, бұл – іс жүзінде қарыз қолхаттары. Оларды эмитент – компания немесе мемлекет шығарады. Сіз өз ақшаңызды соларға қарызға бере тұрасыз. Яғни, облигация шығарып, оны сататын ұйымды эмитент деп атайды. Сіз облигация сатып алу арқылы ол ұйымға қарыз берген болып есептелесіз. Эмитент болашақта сізге пайыздарымен қосып ақшаңызды қайтарады. Тіркелген бағалы қағаздар инвесторлар сатып алу үшін биржада орналастырылады. Шарт бойынша, белгіленген мерзімде облигациялар өтеледі, яғни эмитент олардың иелеріне номинал құнын төлейді, бұл – облигация иесі алатын сома. Әдетте, облигациялардың белгіленген мерзімі бар, мысалы, 5, 10 немесе 30 жыл. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін эмитент негізгі соманы қайтарып береді. Акция немесе облигацияға ақша салсаңыз, сіз инвестор атанасыз. Яғни, инвестор – пайда табу үшін өз ақшасын белгілі бір құралдарға салатын адам. Қаржы министрлігінің tengrinews.kz-ке берген жауабында 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді ұстаушылар құрылымында, яғни ақшасын мемлекеттік облигацияларға салған резидент жеке тұлғалардың үлесі 0,02 пайыз екені айтылған. Саусақпен санарлық деуге болады. Ал олар кімдер екенін Қаржы министрлігі жария етпеген, себебін коммерциялық құпия деп түсіндірген.
Акция мен облигацияның айырмашылығы қандай?
Акция – акционерлік қоғам шығаратын бағалы қағаз, басқаша айтқанда эмитент компания. Акцияларды сатып алған барлық инвесторлар компанияның ортақ иелері болады. Акция оның иесінің компанияда үлесі бар екенін растайды. Яғни, сатып алушыларға компанияның белгілі бір дәрежедегі иесі болу ұсынылады. Акционерлер ақша тарта алады, оның капиталын бөліп, сата алады. Акцияны сатып алғаннан кейін сіз компаниядағы үлестің иесі боласыз және оның пайдасының барлық акционерлер арасында бөлінетін бөлігіне, дивидендтер деп аталатын төлемге және акционерлер жиналысында дауыс беру құқығына ие боласыз. Яғни, ешқандай мерзімсіз, сол компанияның белгілі бір дәрежедегі иесі бола аласыз. Жалпы, облигацияны акциядан, басқа бағалы қағаздардан ерекшелейтін басты айырмашылық – кірісті алдын-ала есептеу мүмкіндігі. Облигацияларды әртүрлі қарыз алушылар шығарады. Олардың қатарында мемлекет және ірі компаниялар шығаратын бағалы қағаздар бар. Сенімділік пен кіріс кепілдігі тұрғысынан облигациялар көбінесе банк депозиттерімен салыстырылады. Өйткені түсетін кірісі алдын ала белгілі болады. Одан бөлек, әуелде айтып өткендей, ол белгілі бір мерзімге ғана беріледі. Мерзім аяқталғанда, сіз қаражатыңызды үстемесімен қоса қайтарып ала аласыз. Биржада облигацияны нарықтық бағамен кез келген уақытта сатуға болады. Яғни, сатып алушылар болған жағдайда сіз кез келген уақытта облигацияларды нарық талаптарына сай сата аласыз. Сондай-ақ кез келген жағдайда купон бойынша жинақталған купондық кірісті (ЖКК) аласыз. Бұл төлемдер әдетте жылына екі рет төленеді, бірақ бұл облигация шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін. Оны Сізге облигацияларыңызды сатып алушы төлейді. ЖКК-сы жоқ облигацияның бағасы «таза» деп аталады. Купон алу үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Сіз тек облигацияларды сатып аласыз және купон төленетін күні ақша сіздің шотыңызға түседі. Әдетте, ақша шотыңызға 3 жұмыс күні ішінде түседі. Дегенмен облигациялардың сын-қатері де бар. Ең алдымен, дефолт тәуекелі: егер эмитент қарызын төлемесе, инвестор негізгі соманы және пайыздарды жоғалтуы мүмкін. Пайыздық тәуекел де маңызды, себебі пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі облигациялардың бағасына теріс әсер етуі ықтимал. Нарықтық тәуекел, яғни облигациялардың нарықтық бағасының әртүрлі экономикалық және саяси факторларға байланысты өзгеруі де ескеруді қажет етеді. Сонымен қатар инфляциялық тәуекел де бар, өйткені инфляция облигациялардың нақты табыстылығын төмендетуі мүмкін.
Облигацияның да алуан түрі бар
Облигацияның түрі көп, әрқайсысының өз ерекшелігі мен артықшылығы бар. Одан бөлек, жіктеу тәсілі де жетерлік. Оның табыстылығы да, сенімділігі де осыған байланысты болады. Мемлекеттік облигация – мемлекет шығаратын қаржы құралдары. Олардың сын-қатері төмен, себебі мемлекеттің қарызын өтеу қабілеті әдетте жоғары. Мемлекеттік облигация да іштей екі түрге жіктеледі. Тұрғындар облигациялары – тұрғындарға арналған және өтеу мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Әдетте, бұл облигациялардың тұрақты пайыздық төлемдері болады. Қазынашылық облигациялар – қысқамерзімді мемлекеттік облигациялар, олар 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге шығарылады. Қазынашылық облигациялар өте қауіпсіз болып саналады және олар экономика тұрақты болған кезеңдердегі жақсы инвестиция деп есептеледі. Екінші түрі – корпоративтік облигация. Ол – компаниялар шығаратын қаржы құралы. Одан түсетін табыс жоғары болуы мүмкін, бірақ сын-қатер де жоғары. Оның да екі түрі бар. Біріншісі – инвестициялық сыныптағы облигациялар, оларды қаржылық жағдайы тұрақты компаниялар шығарады және сын-қатер деңгейі төмен. Бұл облигациялар тұрақты табыс әкеледі және инвестициялық қоржынға жақсы қосымша ретінде сипатталады. Екіншісі – жоғары табысты облигациялар. Бұл облигацияларды несие рейтингі төмен компаниялар шығаратындықтан, сын-қатер жоғары. Алайда пайыздық төлемдері жоғары келеді. Муниципалдық облигациялар деген тағы бір түрін жергілікті үкіметтер мен муниципалитеттер шығарады. Ол да екіге жіктеледі. Біріншісі – жалпы салықтық облигациялар жергілікті үкіметтің жалпы салық кірістеріне байланысты. Олар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді және салық жеңілдіктермен бірге жүреді. Келісімшарттық облигациялар белгілі бір жобаларды қаржыландыру үшін шығарылады, мысалы, инфрақұрылымдық жобалар. Пайыздық төлемдер жобаның табыстылығына байланысты болады. Шариғатқа сай облигациялар да болады. Бұл ислам қаржы жүйесінің талаптарына сәйкес келеді. Бұл облигациялар дәстүрлі пайыздық төлемдерді қамтымайды, оның орнына олар пайда бөлісу немесе басқа да механизмдерді қолданады. Конвертацияланатын облигациялар инвесторға облигацияны белгілі бір уақыт ішінде компанияның акцияларына ауыстыру мүмкіндігін береді. Бұл облигациялар инвесторларға акция бағасының өсуінен пайда табуға жол ашады. Облигацияларды тәуекел деңгейіне сәйкес жіктеуге де болады. «Қамтамасыз етілген облигациялар» ең қауіпсіз саналады. Бұл банкроттық жағдайда компанияның активтерімен кепілдендірілген облигациялар. Содан кейінгісі – «үлкен облигациялар», олар әдетте компанияның активтерімен қамтамасыз етілмейді, бірақ банкрот болса, компанияның активтерін тарату кезінде бірінші кезекте тұрады. Тағы бір түрі – жоғары купонмен бекітілген «кіші немесе бағынышты облигациялар». Кепілдік берілген немесе сақтандырылған облигациялар да бар, олар салыстырмалы түрде қауіпсіз, өйткені олар эмитенттің дефолты жағдайында ішінара төлемдерге кепілдік беретін үшінші тараппен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, иесіне оларды эмитенттің акцияларына айналдыруға мүмкіндік беретін айырбасталатын облигациялар болады. Облигация түрлері және олардың арасында таңдау жасау мәселесі инвестордың жеке инвестициялық стратегиясына байланысты болады. Мемлекеттік облигациялар қауіпсіздік пен тұрақты табысты қамтамасыз етсе, корпоративтік және жоғары табысты облигациялар жоғары табыс, сәйкесінше жоғары сын-қатер қаупін тудырады. Муниципалдық облигациялар жергілікті жобаларды қаржыландыруға көмектеседі, ал шариғатқа сәйкес облигациялар ислам қаржы нормаларын ұстанады. Әрбір инвестордың қажеттіліктері мен мақсаттарына сәйкес келетін облигацияларды таңдау үшін мұқият зерттеу мен талдау жүргізу аса маңызды.
Өз «жолыңыз» барын ұмытпаңыз
Инвестордың стратегиясы немесе стилі – бұл бағалы қағаздарды сатып алу және сату жоспары. Инвестициялық стиль адамның мінез-құлқына, ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін және жасына қарай өзгеруі мүмкін. Инвестициялаудың екі негізгі стилі бар – актив және пассив. Актив портфельде өсу акциялары басым болады, ал екінші жағдайда индекстік қорлар және облигациялар басымырақ болады.
Салық салына ма?
Облигациялардың иелері алған табыстарға салық салу тәртібі Салық кодексінде бекітілген. Қазақстанның қор биржаларының ресми тізіміне кіретін бағалы қағаздар бойынша купондар мен кірістер салық салынатын табыс көздерінен алынып тасталады. Осылайша, купондар немесе қағаз құнының өсуінен кіріс алған елдің тұрғындары салық төлемейді. KASE ресми тізіміне есепке алынған сәтте купондық сыйақы түріндегі табысқа да салық салынбайды. Одан бөлек, KASE-де облигацияларды ашық сауда түрінде сатудан түскен ақша үшін жеке және заңды тұлға да салық төлемейді. Салық салынатын кірістерден төлем көзін алып тастау тек қазақстандық эмитент компаниялардың активтеріне қатысты қолданылады. Егер кіріс елден тыс көздерден сатып алынған қағаздардан келетін болса, пайданың 10 пайызы мөлшерінде жеке табыс салығын төлеу керек болады.
Қорыта айтқанда, облигацияның түрі де, ерекшелігі де әртүрлі. Инвестор оны өз қалауынша, өз стартегиясына сай өз бетінше таңдайды. Олар инвесторларға тұрақты кіріс алуға, ал компания мен үкіметке жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Облигациялардың түрлерін, артықшылықтарын және тәуекелдерін түсіну инвесторларға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл – ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан жүйе. Қазақстандағы облигация нарығына қатысушылар аз болғанымен, өсім аз да болса байқалады. Сондықтан облигацияға инвестиция салу тиімді қаржы құралы болуы мүмкін екенін құлағдар еткіміз келді. Дегенмен, соңғы қаражатыңызды немесе қарызға алған ақшаңызды инвестициялау дұрыс қадам бола бермейтінін естен шығармаған жөн.