Павлодар облысында әткеншекке соғылған бала бір апта жансақтау бөлімінде жатқан
Ақсуда әткеншектің соққысынан баланың бауырына зақым келген.
Оқиғадан кейін баланың ата-анасы бірден медициналық көмекке жүгінбеген, деп хабарлады turkystan.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шілде айының басында үш жасар бала ойын алаңында іш аймағына әткеншек соғып, жарақат алған. Көзге көрінетін зақым байқалмағандықтан оқиғадан кейін бірден медициналық көмекке жүгінбеген.
Бір аптадан кейін баланың жағдайы айтарлықтай нашарлаған. Бүлдіршіннің ата-анасы Ақсу қаласының ауруханасына іштің ауыруы шағымымен жүгінген. Дәрігерлер іш қуысының ультрадыбыстық диагностикасын жасап, іш қуысында қанның көп мөлшерін анықтаған.
– Балада ішкі ағзалардың жарақаты, бауырдың оң жақ бөлігінің толық жыртылуы, ішкі қан кету мен өкпенің ісуі және екінші дәрежелі геморрагиялық шок болды. Ауыр жағдайға байланысты санитариялық авиация желісі бойынша Павлодар облыстық балалар ауруханасының реаниматологы мен хирургтарын қамтитын дәрігерлер тобы шақырылды. Ақсу қаласының ауруханасында балаға шұғыл операция жасалды, – деді баспасөз қызметінде.
Операциядан кейін бала дәрігерлердің бақылауымен шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының реанимациясына жатқызылды. Ауыр жарақатты – бауырдың жыртылуын және көп қан жоғалтуды ескере отырып, балада келесі күні мидың ісінуі орын алған. Келесі күндері реаниматологтар мидың ісінуі мен бауыр жеткіліксіздігінің алдын алды.
– Әрі қарай, бала хирургиялық бөлімге ауыстырылып, онда дәрігерлер операциядан кейінгі әртүрлі асқынулармен күресіп, бауырдың қалпына келуін қадағалады. Жалпы, бала стационарда 37 тәуліктен астам уақыт өткізді. Оның жеті күні реанимацияда өтті. Бүгін таңда бала үйге шығарылды, – деді басқармада.
Бұл ретте, мамандар қандай да бір жарақаттан кейін дереу медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын атап өтті.