СҚО-да балабақша қызметкерлері үш жыл бойы ақша жымқырған
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында балабақша қызметкерлері іс жүзінде балабақшаға келмеген балаларды келді деп көрсетіп, ақша жымқырған. Бұл туралы СҚО Прокуратурасы хабарлады.
«Бұл заң бұзушылықтар 2021-2024 жылдар аралығында орын алған»-делінген баспасөз хабарламасында.
Аудандық соттың үкімімен мектепке дейінгі білім беру мекемесінің кінәлі тұлғасына 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол енді бюджетке келтірген шығынды толықтай өтейді.
Одан бөлек Айыртау ауданының Білім беру бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сонымен қатар тексеру барысында өртке қарсы қауіпсіздік, санитарлық ережелер, балаларға ғаламтордағы тыйым салынған ақпараттың қолжетімді болуы сияқты бірқатар бұзушылықтар анықталған. Кінәлілер жауапқа тартылған.