Руханият

Бүгін – көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

Қазақстанның халық әртісі (1991), Қазақстанның Еңбек Ері (2022, қайтыс болғанынан кейін). Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы. Осы замандағы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі.

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. 1956-1962 жж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.

Осылайша бағзы мен бүгінгі мақамдарды керемет ұштастыруы Ш.Қалдаяқов туындыларының даңқын дүрілдетіп шығарып, дүйім далаға кең жайылуға кепілдік берді. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір "жыл келгендей жаңалық" сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында "бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші" атануының сыры сонда. Сазгер әндері, әсіресе, 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді.

Әсем да ақылды көкөрім жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан ұлт адамдарының да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан "Менің Қазақстаным" туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.