Саясат

Жамбыл облысының әкімі Президентке есеп берді

Akorda

Ербол Қарашөкеев өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады.

Ербол Қарашөкеев өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді. Сондай-ақ ол облыс экономикасы қарқынды өсіп келетінін айтты.

Облыс әкімінің баяндамасынан:

– құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5 пайыз, көлік бағытында 7,4 пайыз, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2,3 пайызға (311 мың шаршы метр) артқан;

– негізгі капиталға 196,3 миллиард теңге тартылған. Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл 6,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді;

– жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр;

– облыс экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткен. Бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөлі айрықша;

– бүгінде аймақ шаруалары егін жинау науқанына кірісіп кетті. Болжам бойынша биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жетеді;

Өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде:

– облыста 26 денсаулық сақтау, 41 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр;

– биыл 452 медициналық жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда;

– жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі;

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі;

– республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылған.

Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.