Әбігер әлем
Жер-жердегі толқу мен наразылық бүкіл әлемнің назарын аударды.
Осы аптадағы жаһан жаңалықтарынан мазасыздық лебі айқын сезілді. Жер-жердегі толқу мен наразылық бүкіл әлемнің назарын аударды. Одан бөлек, Еуропаны экологиялық, экономикалық мәселелер алаңдатуда. Солардың біразына шолу жасап өтсек.
Тұманды Альбионның тынышы кетті
Тұманды Альбионның тынышы кетті. Елдегі наразылық Саутпортта болған қайғылы оқиғадан тұтанды. Мұнда би сабағында 3 қыз бала пышақ жарақатынан қаза тапқан болатын. Елдің премьер-министрі Кир Стармер шабуылды «қорқынышты және жан түршіктірерлік» деп бағалады. III Чарльз патша «сұмдық оқиғаның қабырғасын қайыстырғанын» айтты. Осы жағдайдан кейін бірнеше қалада толқу басталды. Мыңдаған адам наразылыққа шығып, жаппай тәртіпсіздік орын алды. 7 тамызда The Economist басылымы жаппай тәртіпсіздік 22 елді мекенге тарағанын хабарлады. «Ақ нәсілділер мешіттерге, қонақүйлерге, мұсылман аудандарына және кәсіпорындарға шабуыл жасады. Мұның қашан аяқталатынын айту қиын. Бірақ ақ нәсілшілдік неғұрлым аморфты және интерактивті бола түскені анық. Белгілі бір мағынада бұл зорлық-зомбылық және оған кейбір саясаткерлердің екіұшты реакциясы ультра оңшылдардың бұрынғы зорлық-зомбылық толқындарын еске түсіреді», – деп жазды The Economist. Ел бойынша 100-ден астам оңшыл топ наразылық ұйымдастырған. Бұған қарсы «Нәсілшілдікке қарсы тұру» топтары да жиналып, көшелерде наразылық білдіріп жатыр. Басты қақтығыстар Бирмингем, Манчестер, Ливерпуль және Бристоль қалаларында болды. Бұл қалаларда наразы топ полицияға тас, бөтелке және жанғыш заттар лақтырылған. «Бұл наразылық елде елеулі дүрбелең туғызып отыр және құқық қорғау органдары тәртіпсіздік жалғасады деп күтуде», – деп жазды Independent басылымы. Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер бұл жағдайларға жауап ретінде тәртіп пен әділеттілікті күшейтуге шақырды және құқық қорғау органдарын тәртіп бұзушыларды қатаң жазалауға бағыттады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осыған байланысты 400-ден астам адам қамауға алынған. Олардың 100-і сот алдында жауап береді. Express.co.uk мәліметіне сүйенсек, III Чарльз патша әр күн сайын жаңартылған ақпарат жіберіп отыруды талап етті. Ол бейбітшілік пен тәртіпті сақтау үшін халықты сабырға шақырды. Осылайша, нәсілшіл және нәсілшілдікке қарсы топтардың қақтығысы елдегі тыныштыққа сына қақты. Нәсілшілдікке қарсы белсенді топ өкілдері кейінгі бірнеше күндегі тәртіпсіздіктердің ауқымы жаға ұстататынын, бірақ таң қалдырмайтынын айтты. «Кейінгі 30 жылда елдегі дұшпандық ниеті бар орта бұған жол ашты. Біз өзімізді қорғап, нәсілшілдікті жеңуіміз керек. Үйде болу қауіпсіз болу дегенді білдірмейді», – деп мәлімдеді Show Racism the Red Card ұйымының өкілдері.
Бангладештегі белгісіздік
Осы аптада Бангладеште де жағдай күрт нашарлады. Ел жаппай наразылықтан дүрлікті. Наразылық жұмыс орындарының квота жүйесін қайта қарауды талап еткен студенттердің қозғалысынан басталып, кейін жалпы үкіметке қарсы сипат алды. Елдің премьер-министрі Шейх Хасина елді арандатып, бүлік бастаған наразылық білдірушілер студенттер емес, қылмыскерлер екенін айтып, олармен қатаң күресу керек деген мәлімдеме жасады. Бангладеш инженерлік және технологиялық университетінің оқытушылары студент-шерушілерді қолдады. Олар «Біз студенттерімізбен біргеміз», «Әрбір өтірік – шындыққа қарыз. Ерте ме, кеш пе қарыз төленеді» деген жазу жазылған плакат ұстап шықты. Осылайша, тамыздың басында наразылық үдей түсті. Премьер-министр Шейх Хасина және оның үкіметі отставкаға кетуге мәжбүр болды. Шейх Хасинаның әкесі Шейх Муджибур Рахман Бангладештің негізін қалаушы және алғашқы президенті деп есептеледі. Шейх Хасина 1981 жылдан бастап Бангладештің Авами лигасының (Awami League) көшбасшысы болды және осы партияны басқарып, бірнеше рет премьер-министр қызметін атқарды. 1975 жылы оның отбасы мүшелерінің көбісі төңкеріс кезінде қаза тапты, бірақ Шейх Хасина шетелде болғандықтан аман қалған. Ол кейіннен Бангладешке оралып, Авами лигасының жетекшілігін қабылдап, елдегі демократияны қалпына келтіру үшін күресін жалғастырды. Оның ел тарихында саяси қайраткер ретінде аты қалды, дегенмен, оның үкіметі адам құқықтары мен сөз бостандығы мәселесінде сынға ұшыраған болатын. Шейх Хасина биліктен кеткен соң, әскерилер билікті өз қолына алды. Елде коменданттық сағат енгізілді. Жағдайды тұрақтандыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Волкер Тюрк үкімет пен қауіпсіздік күштерін адам құқықтарын қорғауға шақырды. Ол сонымен қатар, бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығын сақтау қажет екенін айтты. Елдің Prothom Alo басылымы жексенбіде зорлық-зомбылық салдарынан кем дегенде 95 адам, оның ішінде кем дегенде 14 полицей қаза тапқанын хабарлады. Reuters ақпарат агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандар саны Бангладештің жаңа тарихындағы кез келген наразылықтағыдан көп. Сондай-ақ 10 мыңнан астам адам тұтқындалды. Елдегі жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Бангладешке ахуал тұрақтанғанға дейін барудан уақытша бас тартуды ұсынып, ресми мәлімдеме жасады. Сондай-ақ қазір Бангладеште жүрген Қазақстан азаматтарынан үйден шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, елмен, ресми өкілдіктермен тығыз байланыста болуды сұрады. «Өкінішке қарай, біз демократиямыздың біртіндеп автократияға айналуымен де танымал болдық. Енді ел студенттік қозғалыстың арқасында осы автократиядан тәуелсіздігін алды, – деп жазды Уақытша үкіметтің жаңа жетекшісі болып тағайындалған экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммед Юнус. – Біз Бангладештің демократиясы, өркендеуі мен бірлігінің алтын дәуірін бастау үшін бар күшімізді салуымыз керек».
Таяу Шығыс тыншымай тұр
Осы аптада Таяу Шығыстағы ахуал шиеленісе түсті. MilitaryТimes басылымының мәліметінше, АҚШ аймақтағы әскери күштерін көбейту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Израильге қарсы Иран мен оның одақтастары тарапынан болуы мүмкін шабуылдарға жауап ретінде жасалды деген тұжырым айтылады. АҚШ Қорғаныс министрлігі аймаққа жаңа әскери ұшақтар мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін орналастыруды көздеп отыр деген де ақпарат бар. Сонымен қатар Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары және ХАМАС пен Хезболла жетекшілерінің өлтірілуі аймақтағы шиеленісі одан сайын ушықтыруы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Израильмен қақтығысқа дайындалып жатқан Иран Ресейден әскери көмек, соның ішінде озық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін сұрады, деп жазады The New York Times дереккөздерге сілтеме жасап. Олардың айтуынша, Мәскеу Иранға радарлар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған жабдықтар жеткізуді бастап кеткен. Иран және Ресей билігі бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Мәскеу Тегераннан ХАМАС саяси бюросы басшысының өліміне ұстамдылықпен жауап беруді сұрады, бұл үшін Тегеран Израиль билігін кінәлады, деп жазды Reuters агенттігі. «Таяу Шығыстағы үрейлі атмосфераға қарамастан, қарапайым халықтың тіршілігі жалғасып жатыр», – деп хабарлады Euronews. Телеарна 10 ай бойы күнделікті шекара қақтығысынан, шалғай аудандардағы ереуілдерден және қауіптің күшеюінен кейін фатализм сезімі орнаған сияқты сезілетінін жазған. Тұрғындар адамдардың көпшілігі жиі ойнайтын әуе дабылына қарамастан күнделікті тірлігімен айналысып жүргенін айтады. Euronews олардың «Біз жай ғана тыныштық болса дейміз, бізге соғыс емес, саяси келісім керек. Бізде қорқыныш жоқ, бірақ ары қарай не болатыны белгісіз», – деген сөздерін жариялады. ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты да ескерту жасап, Қазақстан азаматтарына аталған өңірдегі ахуал тұрақтанғанға дейін Израиль мен Ливанға барудан уақытша бас тартуға кеңес береді.
Карлес Пучдемон қайта оралды
Каталонияның бұрынғы президенті Карлес Пучдемон жаңа социалистік үкіметті қолдауға қарсы болу үшін өз еліне оралды, бұл «қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы» деп мәлімдеді. Пучдемон осыдан 7 жыл бұрын тәуелсіздік туралы заңсыз референдум ұйымдастырғаннан кейін Испаниядан қашып кеткен болатын, ол бейсенбі күні оны қамауға алу туралы ордерге қарамастан еліне оралды. Euronews мәліметінше, елде Пучдемонның он мыңдаған жақтасы жиналып, кейбіреулері V for Vendetta стиліндегі Пучдемон маскаларын дайындаған. Бұл шеруді оның саяси партиясы Together for Catalonia (Junts) жаңа аймақтық үкімет қызметке кірісуіне бірнеше сағат қалғанда ұйымдастырылыпты. Көптеген сарапшы Карлес Пучдемонның Испанияға оралуы оның тұтқындалуына әкелетінін айтты.
Сайлауға сақадай сай
Камалла Харрис Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат ретінде ұсынылатын болды, оны қолдап виртуалды конференцияда партия делегаттарының 99 пайызы дауыс берді. Енді ол 19-22 тамыз аралығында Чикагода өтетін партияның Ұлттық съезінде салтанатты түрде номинация қабылдауы керек, деп жазады Bloomberg. Харрис сайлауда жеңіске жетсе, АҚШ вице-президенті болатын серігі ретінде Миннесота губернаторы Тим Уолцты таңдады.
Жерорта теңізі қайнақ суға айналды
Еуропадағы ыстық бет қаратпай тұр. Экологтар дабыл қағуда. Кей сарапшылар әсіресе теңіздің ысып кеткеніне алаңдап отыр. «Жерорта теңізі «жанып жатыр», – деп жазды метеоролог Марта Альмарча Испанияның метеорологиялық порталына жазған хабарламасында. Өткен аптада теңіз бетінің температурасы 30 градус Цельсийге дейін көтерілген. Франция мен Батыс Италияның айналасындағы жағалау аймақтарында да өте жоғары температура тіркелді. Жерорта теңізі бассейнінің барлығы дерлік ыстықтан зардап шегіп жатқаны айтылады. Еуроодақтың Copernicus қызметінің мәліметі бойынша, теңіз бетінің орташа температурасы 15 ай бойы әдеттегіден жоғары болды. Испания жұмадан бастап жаздың төртінші аптап ыстығына дайындалып жатыр, теңіз де жылуды сезінеді. Eltempio температура Жерорта теңізінің шығысында, яғни Түркия, Египет және Ливия, сондай-ақ Грекия мен Италияның оңтүстігінде де жоғары болады деген болжам айтты. Валенсия, Оңтүстік Каталония және Балеар аралдарына жақын теңіздер де ыстық болады деп күтілуде.
Италия «миллиардерлерге салынатын салықты» еселеді
Италияда жылжымайтын мүлік сатып алатын бай экспаттар тұрғын үй бағасын күрт өзгерткеннен кейін жергілікті тұрғындар бұрынғы салық ережелерін сынға алды. Италия үкіметі Италия азаматтарының шетелде алған табысына салынатын жыл сайынғы тұрақты салықты өсіру туралы шешім қабылдады. Жылдық төлем 100 мың еуродан 200 мың еуроға дейін өседі. Жергілікті тұрғындар бұл салықты өз арасында миллиардерлерге салынатын салық немесе футболшылар схемасына салынатын салық деп атайды. Бұл, сондай-ақ, байларды Италияға тарту үшін жасалған қадам ретінде танымал. 2017 жылы салық алғаш енгізілген кезде, италиялық шенеуніктер бұл экономикаға пайда әкеледі деп үміттенді. Жүйенің пайдасын көрген танымал адамдардың бірі 2018 жылы Туринге көшіп келген португалдық футболшы Криштиану Роналду болды. Белгіленген салықты төлеу арқылы резиденттер 15 жыл ішінде шетелдік кірістер, сыйлықтар мен мұралар үшін басқа төлемдерден босатылады. Дегенмен, экономика министрі Джанкарло Джорджетти сәрсенбіде Италия қазір басқа елдермен «шіріген» байларға қаржы қызметтерін ұсыну үшін бәсекелесуге қарсы екенін айтып өтті. Елдер арасындағы төмен фискал жарысы ЭЫДҰ және ХВҚ сияқты ірі ұйымдарға қолайлы емес құбылыс. Елдер өз аумағында ауқатты адамдар мен корпорациялардың болуынан пайда көруі мүмкін болса да, тым тиімді салық жеңілдіктері теңсіздікті арттырып, мемлекеттік қызметтерге нұқсан келтіріп, аймақтық теңгерімсіздіктерге әкелуі мүмкін. Салықты көтеру арқылы қанша ақша түсетіні әлі белгісіз. Дегенмен салықты екі есе көбейту Италияға бюджет тапшылығын жеңуге көмектеседі деген сенім бар.
Париж пайдасыз қала ма?
Париждегі қоғамды тамақтандыру орындары әуелде болжанған немесе уәде етілген пайда әлі түспегеніне наразы. Олимпиада ойындары кезінде табыс еселенеді деген сенім ақталмаған. Euronews мәліметінше, Олимпиада кезінде бизнес керісінше құлдырап кеткен. «Туристер ағынына дайындалып жатқанымызға бір жыл болды. Біз адамдарды жинап, қызметкерлерді босатудан бас тарттық», – деп сұхбат берген басылымға мейрамхана иелерінің бірі. Олар келушілер саны төмендегенін анық байқаған. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары бұл аймақтағы адамдардың қозғалысын шектеп, туристердің көшеге шығуын қиындатады. Мәселен, классикалық француз мейрамханаларының бірі қауіпсіздік шараларына байланысты террасасын алып тастауға мәжбүр болған, яғни ол сыйымдылығының шамамен 62 пайызын жоғалтқан. Шығынды өтеу үшін мейрамхана бағаны 30 пайызға көтеріпті. Яғни, ел астанасындағы қоғамды тамақтандыру орындары жазғы Олимпиада ойындарынан айтарлықтай пайда келмегенін алға тартады. Ал ел билігі науқан басталмас бұрын бәрі керісінше болатынын айтқан.
Осы аптада болған оқиғалардың негізгілеріне шолу жасап өттік. АҚШ сайлауға дайындалса, Еуропа аптап ыстыққа алаңдаулы. Одан бөлек жер-жердегі толқу онсыз да ушығып тұрған геосаяси ахуалды шатқаяқтатып отыр.