«Айқайы» көп Ақтөбе жолдары ретке келтіріліп жатыр
Бүгінде республикалық трассаларда жол қозғалысын қиындатып тұрған бірқатар учаскелерде – Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын сияқты бағыттарда қайта жаңарту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Республикалық маңызы бар жолдың 1 869 шақырымы Ақтөбе облысы аумағынан өтеді. Жол ұзындығы бойынша Ақтөбе республикада төртінші орында тұр. Биыл осы жолдың 300 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, кейбір жобалар келер жылы аяқталатын болады.
Бүгінде республикалық трассаларда жол қозғалысын қиындатып тұрған бірқатар учаскелерде – Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын сияқты бағыттарда қайта жаңарту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Алға айналма жолы ашылды
Көптен бері жүргізушілерді діңкелеткен Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань) тас жолының небәрі 100 шақырымдық Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде төрт жылдан бері қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңында бұл жоба толық аяқталып, жол халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген нақты тапсырмасы. «Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. Астана-Алматы бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен, Мерке-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш, Казталовка-Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет», – деді Президент. Қазір жергілікті билік пен жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе-Қандыағаш бағытын белгіленген мерзімде жөндеп аяқтау үшін бар күш-жігерлерін жұмсап жатыр. Себебі жұмыс белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Апта басында Ақтөбе-Астрахань тас жолының Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде (11-100 шақырым) төрт жолақты жолдың сол жақ бөлігі пайдалануға берілді. Автожолдың ресми ашылу рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, сондай-ақ мердігер компаниялардың басшылары, ардагерлер мен жол бойында орналасқан елді мекеннің тұрғындары қатысты. Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань) автожолының Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінің жалпы ұзындығы – 100 шақырым. Қазір бұл учаскеде қайта жөндеу жұмыстарын екі мердігер компания жүзеге асырып жатыр. Тас жолдың 11-52 шақырымын жөндеуге жауапты мекеме – түріктің «Сине Мидас Строй» компаниясы болса, 52-шақырымнан Қандыағашқа дейінгі аралықты жергілікті «АссанаДорСтрой» компаниясы салып жатыр. Бұл көлік дәлізі елімізді Ресеймен байланыстыратын маңызды бағыт саналады. – Биыл ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл республикалық жолдарды, атап айтқанда Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандыағаш, Талдықорған-Өскемен бағыттарында жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ақтөбе облысында ұзындығы 96 шақырымды құрайтын Ақтөбе-Атырау-Астрахань республикалық маңызы бар тас жолдың Ақтөбе-Қандыағаш учаскесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл – көлік дәлізі сұранысқа ие бағыт әрі елімізді Ресеймен байланыстыратын жол. Пайдалануға беріліп жатқан Алға айналма жолы тұрғындардың қатынасы мен тасымалына әлдеқайда жеңіл және ыңғайлы болады. Жаңа жол қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сай салынған. Бұл жол облысымыздың дамуына үлес қосып, серпін беретініне сенімдіміз. Аталған учаскеде құрылыс жұмыстары толық аяқталмаса да, жүргізушілердің бұл жолмен жүруіне мүмкіндік беріліп жатыр, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
580 адамның жұмысы
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің сөзінше, аталған автожолдың техникалық параметрлері ІІІ санаттан І және ІІ санатқа ауыстырылған. Бұл – автожолдың техникалық параметрлері арттырылды деген сөз. – Қазір автожол бойында жабынның төменгі қабатын орнату жұмыстары толығымен аяқталып, жоғары қабаттары төселіп жатыр. Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде 64 шақырым қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төселді. Бұл – барлық жұмыстың 66 пайызы. Сонымен қатар трасса бойын абаттандыру жұмыстары да қолға алынды. Жолдың 77,8 шақырымына екі қабат асфальт төселді, ал қалған бөлігі биыл үшінші тоқсанда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Иманашев. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұловтың айтуынша, бұл жобаны іске асыруға 3 асфальтбетон зауыты, 254 бірлік жол-құрылыс техникасы және 574 адам жұмылдырылған. Жобада барлығы 94 құрылыс көзделген. Олар – 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік айрығы, сондай-ақ 60 су өткізу құбыры.
10 мың көлік кедергісіз жүреді...
– Алға қаласы тұрғындарының, жалпы жол пайдаланушылар тарапынан көптеген өтініш, шағым болды. Себебі Алға қаласын кесіп өтетін Ақтөбе-Атырау бағытындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Соның салдарынан шаң көтеріледі, қозғалысқа кедергілер көп. Осыған байланысты біз Алға қаласын айналып өтетін жолды пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл жолда көліктің барлық түріне қозғалыс ашылды. Бұл айналма жол Бестамақ ауылынан өткеннен кейін басталады. Айналма жолдың жалпы ұзындығы – 16 шақырым. Алайда осы жолдың сол жақ бөлігіне түскен жүргізушілер Қандыағаш қаласына дейін еш бұрылыссыз, кедергісіз жете алады. Айналма жолдан бастап Қандыағашқа дейінгі аралық – 54 шақырым. Бұл аралықта жолдың барлық конструкциясы толықтай аяқталды. Жол жиектері төселіп, темір қалқандар орнатылды, жол жолақтары да салынып, белгілер орнатылды. Бұл орайда тиісті органдармен келісім жасалды, – деді Айбол Данағұлов. Оның айтуынша, төрт жолақты Ақтөбе-Қандыағаш учаскесі жыл соңына дейін толықтай халық игілігіне берілмек. – Қазір бұл учаскеде тәулігіне шамамен 7 мың көлік өтеді. Алдағы уақытта жол толық пайдалануға берілгеннен кейін көлік қозғалысының қарқыны да ұлғаяды. Сондықтан жол бойында тәулігіне 10 мыңнан аса көліктің кедергісіз жүруіне мүмкіндік туады, – деді филиал басшысы.
Қандыағаш айналма жолы ашылады
Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар А-27 Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань) автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 326 шақырым. – Қазір төрт жолақты Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде өзге де жұмыстар атқарылып жатыр. Жолшылар екі ауысымда жұмыс істейді. Күндіз де, түнде де жұмыс қарқыны бәсеңдемейді. Биыл жыл соңына дейін бұл учаскені толықтай халық игілігіне тапсыратын боламыз. Аталған учаскеде екі айналма жол бар. Соның бірі – Алға қаласын айналып өтетін тұсын, яғни жолдың сол жақ бөлігін ресми аштық. Ал екінші айналма жол – Қандыағаш қаласы тұсында салынды. Яғни, транзиттік көліктер болсын, басқа да қозғалыстар қала ішіне кірмей-ақ, айналып өте алады. Тамыз айының аяғында Қандыағаш айналма жолын ашатын боламыз. Бұл жерге де жол белгілері қойылып, қалқандар салынады, – деді Айбол Данағұлов. Оның айтуынша, Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы жол бірінші санатқа жатқызылады. Сондықтан оның пайдалану мерзімі он жыл деп есептелгенмен, тәжірибе жүзінде одан ұзақ мерзімге де жарайды. – Мәселен, Ақтөбе облысы аумағындағы республикалық маңызға ие тас жолдың Ақтөбе-Мәртөк учаскесі 2013 жылы пайдалануға берілді. Сондай-ақ бүгінде халық игілігін көріп жатқан Ақтөбе қаласы аумағындағы Солтүстік айналма жолдың да пайдалануға берілгеніне біршама уақыт болды. Бұл жол екінші санаттағы көлік дәлізі саналғанымен, әлі де ескіре қойған жоқ. Ал Ақтөбе-Қандыағаш – облыстағы бірінші санатқа жататын ең ұзын учаске, – деді филиал басшысы. Жолшылар тамыз айының соңында Қандыағаш қаласын айналып өтетін жол қозғалысын ашуға уәде беріп отыр. Қазір 16 шақырымнан 3,5 шақырым асфальтбетон төсеу жұмыстары ғана қалып тұр.
Елекке салынған көпір
Бұл учаскеде асфальт төсеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазір мердігер ұйымдар жол жиектерін реттеп, құм төселіп, мал өтпеу үшін қалқан орнатуға кіріскен. – Жолдан мал өтпес үшін бұл учаскенің жан-жағы толықтай қоршалады. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Себебі жол бойында қараусыз жүретін мал көп. Сондай-ақ аталған учаскеге 20 шақырымдай қар ұстайтын қалқан салынады, – деді ол. Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде барлығы 18 құрылыс нысаны жүріп жатыр. Оның ішінде 2 үлкен, 2 кіші көпір бар. Елек өзені үстіне салынған көпірдің ұзындығы – 150 метр. Бұдан бөлек, 2 жол өткелі салынуда. Сондай-ақ теміржол үстінен өтетін бір өткел тағы бар. Көпір құрылыстарын мердігер ұйымдар тамыздың аяғына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Жолдың ені – шамамен 10 метр.
Ауқымды жоба және ауылішілік жолдар
Алға айналма жолының сол жақ бөлігін ресми ашу кезінде облыс басшысы Асхат Шахаров жол бойындағы елді мекендерде ауылішілік жолдарды аталған мердігер компаниялар жөндейтінін айтты. – Жол – экономикамыздың күретамыры. Оның үстіне сапалы, талапқа сай салынған жол бойында тауар айналымы да арта түсетіні белгілі. Бұл жобаның ашылуы өңір экономикасына серпіліс беретін болады. Бүгінде бұл учаскеде мердігер компаниялар күні-түні жақсы жұмыс істеп, жобаны уақытында тапсырып жатыр. Жалпы, бұл учаске биыл күзде толығымен пайдалануға берілетін болады, – деген Асхат Шахаров мердігер ұйым басшыларына алғысын білдіріп, аймақта көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыста жол салуға және жөндеуге 65,9 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 544 шақырымдық автожол құрылысы басталған. Оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар бойынша – 66 жоба, сондай-ақ 303 көшені қамтитын қалалық және ауылдық жолдар бойынша 115 жоба іске асырылады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 322 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдар бойынша 7 жобаны жүзеге асыруға 42,6 миллиард теңге бөлінді.
Шалқарға қатынас жақсарады
Облыста бұдан өзге де республикалық маңыздағы тас жолдың бірқатар учаскелерінде қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстары басталды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы Айбол Данағұловтың айтуынша, жергілікті тұрғындар үшін қатынас мәселесін қиындатып тұрған учаскелердің бірі – Қандыағаш-Шалқар бағытындағы жол. Сондықтан Қандыағаш қаласынан Ізімбет ауылына дейінгі 50 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Бірақ бұл жоба келер жылы аяқталады. – Бұл – ауыспалы жоба. Ал Шалқар қаласынан Қандыағашқа қарай былтыр 20 шақырымдық жол салынып, биыл толық аяқталды. Биыл бұл бағытта Шалқар қаласынан бері қарай 75 шақырымдық жол құрылысын салуды бастадық. Құрылыс жұмыстары екі жақтан жүргізіліп жатыр. Екі аралықтағы жолдың ұзындығы – 260 шақырым. Жол құрылысына жауапты мердігер – жергілікті «АссанаДорСтрой» серіктестігі, – дейді филиал басшысы.
Жеті учаскеге бөлінген жоба
Айбол Данағұлов Самара-Шымкент тас жолының Ырғыз ауылына кіреберісіндегі 10 шақырымдық жол құрылысы да биыл толықтай аяқталатынын айтып отыр. – Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын бағытындағы жолды қайта жаңарту үшін биыл жұмыстар басталды. Бұл бағытта төрт жолақты жол салынатын болады. Жолдың ұзындығы – 262 шақырым. Бұл жоба 7 учаскеге бөлінген. Бір учаскесіндегі 28 шақырымдық жолды жөндеу үшін нақты жұмыстар басталып та кетті. Ал қалған учаскелер бойынша биыл мердігерлер анықталып, жұмыс келер жылы ғана іске асырылмақ. Қазір облыстағы ең қиын әрі күрделі жолдардың бірі – осы участок болып тұр, – деді ол. Самара-Шымкент автомобиль жолының Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын, яғни 763-1025 шақырымдық учаскесі бойынша бүгінде жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін барлығы 7 учаскеге бөлінген. Жолдың 763-791 шақырым аралығы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, конкурстық іс-шара өткізілуде. Ал 791-819 шақырымдық учаскенің жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша былтыр мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым – «Сине Мидас Строй» ЖШС. Жобаны жүзеге асыру үшін 111 техника және 201-ден астам адам жұмылдырылмақ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір мердігер ұйым топырақ төсеу жұмыстарын жүргізуде. Инженерлік коммуникацияларды қайта құру бойынша техникалық шарттар да алынған. – Бұл учаскені қайта қалпына келтіру жұмыстары екі кезеңге бөліп қарастырылды. Бірінші кезеңде жаңа автомобиль жолының құрылысы салынатын болса, екінші кезеңде қолданыстағы автомобиль жолын қайта жаңарту. Жаңа жол салу кезінде көлік қозғалысы қолданыстағы автомобиль жолымен жүретін болады. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін, транзиттік қозғалыс жаңа жолақтарға бағытталып, қолданыстағы жол I-а санатындағы қажетті параметрлерге жеткізілетін болады, – деді филиал басшысы.
P.S.
Қазір Ақтөбе аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдарда орташа жөндеу жұмыстары да жоспарланған. Биыл Комсомол-Қостанай бағытындағы жол жөнделеді. Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы жол бойында да ұзындығы 34 шақырымға созылған ақау бар. Осындай жұмыстардың барлығы осы жылы жүзеге асырылады. «Республикалық маңыздағы барлық бағыттағы жолға орташа жөндеуге нақты жоспар қойып отырмыз. Жалпы, ұзындығы 300 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бір айта кететін жайт, орташа жөндеуді қажет ететін жобалардың көпшілігі биыл басталып, келер жылы аяқталады. Осыны тұрғындар дұрыс түсінсе дейміз», – дейді Айбол Данағұлов.
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы