Бақыттың кілтін тапқан Бахиевтер
Тұрақтылық, шыдамдылықты бала кездерінен бойларына қалыптастырып өскен Бахиевтер жастайынан еңбекке пісіп өседі. Мал да бағады, егін де егеді, сауда да жасайды. Тірліктің көзін тауып, ел қатарлы еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп отырғандары бала кезден қара жұмыстан қашпай еңбек етуі деп біледі.
Биыл Қазақстан мұнайына 125 жыл толып отыр. Шымкенттегі «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС – мұнайды қайта өңдейтін еліміздегі ірі зауыттардың бірі. Іргетасы сонау 1972 жылы қаланған зауытқа 1983 жылы Батыс Сібірден алғашқы мұнай келіп жетті. 1984 жылдан бастап кәсіпорында тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқандар Бақытжан Бахиев бүгінде Тауар-көлік басқармасының аға инженері.
Бақытжан ағаның еңбек кітапшасында бір жұмыс орны ғана көрсетілген. Осы зауытта жұмыс істеп келе жатқанына биыл – 40 жыл. Тағы бір қызығы бұл жерде Бахиевтер әулетінің 4 мүшесі еңбек етеді. Бақытжан ағадан бөлек інісі, ұлы мен келіні осында. Жұмысшы ардагер былтыр «Еңбек жолы» конкурсында жеңімпаз атанған. Бұл отбасы «Үздік еңбек әулеті» номинациясын жеңіп алған. Әулеттің отағасы Бақытжан Ағабекұлы 1961 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылында туған. Ол кезде Шымкентте екі ғана қазақ мектебі болған. Бақытжан аға сол екі оқу ордасының бірі №26 қазақ мектебінде білім алады.
– 1977 жылы 9-сынып оқып жүргенде үйімізге жақын маңнан мұнай зауыты салынып жатты. Әкем маған: «Балам, осы зауыттың мамандығын ал. Инженер бол», – деп кеңес берді. Бұл зауыт сол кезде Қазақстан бойынша салынып жатқан үш зауыттың бірі болатын. Зауыттардың біріншісі Атырауда, екіншісі Павлодарда салынған еді. Үшінші зауыттың құрылысы Шымкентте қарқынды жүріп жатты. О заманда әкенің сөзіне қарсы келу, айтқанын орындамау деген жоқ. Айтты, бітті. Осылайша, мен 9-сыныпта оқып жүріп қандай маман иесі болатынымды білдім. 1978 жылы мектеп бітіре салысымен Қазақ химия технологиялық институтының мұнай өңдеу факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы инженер-технолог мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Зауытқа 1984 жылы жұмысқа қабылданып, әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп жатырмын. Әкемнің айтқанын істегеннен жаман болған жоқпын, қайта өсіп-өнген отбасына айналдық. Сонау 1990 жылдардың басындағы нарық қыспаққа алғанда зауыт қызметкерлерінің жағдайы жақсы болды. Тамақ, киім-кешек жағынан таршылық көрмедік. 2 500 адамның ешқайсысы жұмыстан шыққан жоқ. Ай сайын ет, тауық еті, жұмыртқаға дейін бәрін әкеліп беретін. Қазір айтсаң, қызық көрінуі мүмкін. Алайда басқа кәсіп иелері қиналып, мұғалімдер базар аралап, дәрігерлер бизнеске кетіп жатқан тақыл-тұқыл заманда бұл өте жақсы жағдай болатын. Өзіміз ғана қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болып отырған жоқпыз. Қолдағы барды ағайын-туысқан, көрші-қолаңнан аяған жоқпыз, бөлісе жедік. Бұл дәстүріміз әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Әріптестермен бірге балалар үйіне, жарымжан, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп отырамыз. Оны жария ете бермейміз. Біздің ниет – қоғамға сәл де болса пайдалы болу. Мұндағы жалақымызбен байып кетпесек те, айлығымыз тұрақты. Әр жұмысшы әлеуметтік пакетпен толық қамтылған, жыл сайын еңбек демалысында шипажайларға жолдама беріледі. Барлық жағдай жасалған жерде дұрыстап еңбек етпеу ұят, – дейді ардагер жұмысшы.
Бақытжан ағаның әкесі, атасы да еңбек адамдары. Сонау 1934-35 жылдары Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмыс істеген. Еңбектің наны тәтті болатынын бала жастан санасына сіңіріп өскен кейіпкеріміз мұны өз балаларына да айтудан шаршаған емес.
– Ұлым Ерлан мектеп бітірер кезде зауытқа алып келдім. «Балам, басқа мамандықты қайтесің, мен технологпын, сен инженер бол» деп, әкемнің маған айтқан ақылын балама айттым. Ұлым ақылыма құлақ асып, мен оқыған Қазақ химия технологиялық институтының энергетика факультетін 2012 жылы бітіріп, сол жылы зауытқа жұмысқа кірді. Биыл еңбек етіп жатқанына – 12 жыл. Осы жерде еңбек ете жүріп, өзінің өмірлік серігін де осы зауыттан тапты. Келінім Мәншүк химиялық талдау лаборанты болып істейді. Құдайға шүкір, 2 баласы бар, – деді аға.
Аталған мұнай өңдеу компаниясында Бақытжан ағаның бауыры Бауыржан да еңбек етеді. Негізгі мамандығы – өрт сөндіруші. 1989 жылы осы зауыттың өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылданады. Алайда 2014 жылы қайта құрылымдау кезінде жеке өрт сөндіру компаниялары пайда болып, мамандарды зауыттың құрамынан шығарып тастады. Араға 5 жыл салып Бауыржан Ағатайұлы қайтадан арнайы құтқару отрядында көлік жүргізушісі болып істейді. Жұмыс өтілі – 35 жыл. Тұрақтылық, шыдамдылықты бала кездерінен бойларына қалыптастырып өскен Бахиевтер жастайынан еңбекке пісіп өседі. Мал да бағады, егін де егеді, сауда да жасайды. Тірліктің көзін тауып, ел қатарлы еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп отырғандары бала кезден қара жұмыстан қашпай еңбек етуі деп біледі.
– Өмір – өзен. Отбасы сол өзенмен ағып жатқан қайық секілді. Ағыс оны ана жағаға бір, мына жағаға бір ұрады. Кейде бұрып әкетеді. Осыған шыдамаған қайық ортасынан қақ айрылады. Өзеннің ағысына шыдаған қайық діттеген жеріне аман-есен жетеді. Менің 60-тан асқанда өмірден түйген ойым осы. Ал тәрбие мәселесінде баланы еркелету өз алдына, еңбекке баулу бір басқа. Қазақтың «Балаңды аясаң, аяма» деген сөзі осындайда айтылған. Баланың бұғанасы бекігеннен бастап еңбекке үйрету керек. Өмірде қолына бұрағыш ұстай алмайтын балалар болады, ал кей бала машинаны шашып тастап, қайтадан жинайды. Мұның бәрі әкенің тәрбиесіне байланысты. Жастайынан еңбекке үйренген бала 18 жасқа толғанда еркін, өз күшімен ақша таба алатын болады. Одан кейін балаларға кітап оқыту маңызды. Кітап оқымаған адамның сана-сезімі төмен болады. Кітапты жиі оқыған баланың өмірге көзқарасы да басқаша болады. Мұндай балалар әкесі бермеген тәрбиені кітаптан-ақ алуы мүмкін. 6-7 сынып оқып жүрген кезде, 1973 жылы әкемнің маған І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сатып әкелгені әлі есімде. «Балам, мынау біздің тарихымыз» деп маған сыйлаған әкем сол кітаптың кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-ақ басылатынын сезді ме екен дерсің. 1 кітаптың бағасы 1 сом 5 тиын болатын. Сол кітапты тұшынып оқып, тарихқа біраз қанығып өстім. Жалпы, еңбекпен қатар білім алған бала ешқашан жаман адам болмайды, – дейді Бақытжан аға.
Қазақ «Әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп те бере алмайды» деген. Бала тәрбиесінде әкенің алар орны ерекше. Алайда нарық қыспаққа алған заманда әкелер отбасын асыраудың қамымен сыртта көп жүріп, бала тәрбиесі аналардың мойнына артылып отыр. Одан бөлек мектептерде де ұстаздардың дені – әйелдер. Ал ұл бала тәрбиесінде анадан, ұстаздан бөлек, әкенің қатал мектебі керек-ақ.
– Әкелер бала тәрбиесіне уақыт табу керек деп айтқанға оңай. Біреудің өміріне билік жүргізіп, іс-әрекетін талқылай алмайсың. Өйткені базарда қара жұмыс істейтіндер үйге келгенде баласына қарамақ түгіл, алдына келген асты ішуге шамасы келмей ұйықтап қалады. Мұндай жағдайда бәріне бірдей көзқараспен кеңес айту қиын. Тұрақтылық, төзімділік, сабырлылық, еңбекқорлық секілді көркем мінездерді баланың бойына сіңіру үшін жастайынан қара жұмысқа үйретудің еш сөкеттігі жоқ. Ауылда кірпіш құйып, лай тасыған, шөп шауып, отын тасыған балалар өмірдің анау-мынау қиындығына мойымайды, қажырлы келеді. Қазір балалар түнімен телефон шұқып, түске дейін ұйықтайды. «Жата бер, істейтін тірлік жоқ қой» деп кей ата-ана баласының басынан құс ұшырмайды. Түске дейін ұйықтаған бала жалқау болып өседі. Ондай адамның байығанын көргенім жоқ, – дейді ардагер жұмысшы.
Бақытжан ағаның екінші ұлы Заңғар мен келіні Айнұр – тіс дәрігері. Олар Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. Ерлі-зайыптылар бүгінде Шымкенттегі белді клиниканың иесі, Астана қаласынан да тіс емдеу орталығын ашып жатыр.
– Заңғар ұлым мамандығы бойынша Мәскеуде үш ай оқыды, Тель-Авивте білімін жетілдіріп, халықаралық деңгейде сертификатын алып келді. Қызым Аяулым да ағасының жолын қуып дәрігер болмақ, медицина академиясының 1-курсын бітіріп келді. Өзім балаларыма разымын. Олардың жоғары білім алып, жақсы маман, бастысы жақсы адам болуына барынша көңіл бөлдім. Жұбайым Шолпан – экономист, қалалық әкімшіліктің қаржы бөлімінің басшысы. Екеуміз өмір атты өзенде қызметпен бірге отбасын қатар алып жүрдік. Ұрпағымызды ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруден сақтадық. Тек еңбек еткен адам ғана жетістікке, жеңіске жетеді. Бүгінде жастардың үйлене сала ажырасып жатқандарының бір себебі де осында жатыр деп ойлаймын. Еңбекке, өзін-өзі шыңдауға, тәрбиелеуге ұмтылған адам отбасын да сақтап қала алады, – дейді Бақытжан Ағабекұлы.
Мұнай зауытындағы «Үздік еңбек әулеті» атанған Бахиевтер отбасы «Ердің атын еңбек шығарады» деген қағиданы ұстанады. Еңбек адамы – бір отбасының ғана емес, елдің құты. Жастарға хайп қуған атаққұмарлар емес, адал еңбек етіп, ел дамуына, экономиканың өсуіне үлесін қосып жүрген жандар қашанда үлгі болуы керек.
А.БИМЕНДИЕВА