T-Newspaper

Екі ел байланысының тарихи белесі

сурет: akorda.kz

Қос тарап та бұл сапарды екі ел байла­ны­сын одан әрі бекітіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп бағалады.

Осы аптада Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес-форумы өтіп, бірқатар маңызды келісім жасалды.

Қос тарап та бұл сапарды екі ел байла­ны­сын одан әрі бекітіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп бағалады. Осы­лайша, Қазақстан мен Өзбекстан саясат, сау­да-экономика, көлік-транзит, инвестиция, энер­гетика, ауыл шаруашылығы, су ре­сурс­тары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпал­дас­тықты нығайту үшін тағы бір қадам жасады.

Салмақты сапар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Прези­ден­тіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтас­тық­ты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

– Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапа­рыңыз­ға үлкен мән беріп отырғанын атап өт­кім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар бере­ді. Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс жақсы жақ­қа қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ын­ты­мақ­тастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз екі мем­лекет арасындағы ынтымақтастық пен одақ­тастықтың негізгі бағыттарын айқын­дай­тын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.

Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құр­меті үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ал­ғыс айтып, Қазақстанға жасаған мем­ле­кет­тік сапарының маңызына тоқталды.

– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кез­десуіміз екі халық арасындағы сан ға­сыр­ға жалғасқан достық және тату көр­ші­лік қатынастардың тінін нығайта түсіп, ст­­­ратегиялық серіктестік пен одақтастық бай­ланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – де­ді Шавкат Мирзиёев.

Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-тран­зит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруа­шылығы, су ресурстары, мәдени-гу­ма­ни­тар­лық және өнеркәсіп кооперациясы са­ла­ларындағы ықпалдастықты одан әрі ны­ғайту перспективаларын талқылады. Сон­дай-ақ өзекті өңірлік және халы­қара­лық мәселелерді қарады.

Президенттер қазақ-өзбек қаты­нас­тары барлық бағыт бойынша өркендеп ке­ле жатқанын атап өтті.

Ендігі меже – тауар айналымын еселеу

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мир­зиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су ­шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақ­тас­ты­ғын кеңейтудің басым бағыттары тал­қы­ланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық се­ріктестік және одақтастық рухында тұрақ­ты дамып келе жатқанын атап өтіп, елі­міз Өзбекстанмен ынтымақтастықты ны­ғайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жет­кізді.

– Былтыр Одақтастық қатынастар ту­ра­лы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін ал­дағы он жылға арналған Стратегиялық әріп­тестікті және одақтастықты дамыту бағ­дарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді. Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынты­мақ­тастық әлеуетін толық пайдалану маңыз­ды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекара­сын­­дағы «Орталық Азия» Халықаралық өнер­кәсіп кооперациясы орталығын тезі­рек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық фору­мы­ның қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңір­лік кооперацияға зор үміт артамыз. Қа­зір жалпы сомасы 3 миллиард дол­­лардан асатын 70-ке жуық бірлескен жо­ба­мыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орн­ы ашылмақ. 

Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 7 тамызда Астанада өт­­кен «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес фору­­мын ашу барысында мәлімдеді.

– Өзбекстан – 2023 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 7-орында тұрған Қазақ­стан­ның ірі сауда серіктесінің бірі. Қазақ­стан­ның Орталық Азия елдерімен жалпы сау­да айналымының 57 пайыздан астамы Өзбекстанға тиесілі. Соңғы 5 жылда екі­жақ­ты тауар айналымы 29 пайызға өсіп, 2022 жылы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Біз­ге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу жә­не сауда айналымының жаңа өсу нүк­телерін табу қажет, осылайша мем­ле­кет­те­ріміздің басшылары қойған мақсат – орта мер­зімді кезеңде 10 млрд АҚШ долларына жет­кізуге талпынуымыз керек, – деді Серік Жұманғарин.

Өнеркәсіп кооперациясы белсенді түрде дамып келеді

Екі ел арасында өнеркәсіп коопера­ция­сы белсенді түрде дамып келеді, алдағы уақытта жалпы құны 3,1 млрд АҚШ доллары болатын 69 жоба, 14,7 мыңнан ас­там жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қа­зірдің өзінде 217 млн долларлық 12 бір­лес­кен жоба сәтті жүзеге асырылған. Бұл – не­гізінен тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі.  178 млн АҚШ долларынан астам сомаға үш инвестициялық жоба іске асырылып жа­тыр. Олардың қатарында Тараз қаласын­да­ғы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласындағы инфузиялық ерітінділерді өндіру алаңы бар. Өзбекстан – Қазақстанға жеміс-көкөніс өнім­дерінің негізгі жеткізушісі. Әлеуметтік маңызы бар агро-өнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстаннан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау ке­зінде «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіпор­нына қозғалыс басымдығын беру мүмкін­дігі қарасты-рылатын болады. «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес-фору­мы аясында өткен екіжақты кездесуде Қа­зақстан Премьер-Министрінің орын­ба­сары Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Пре­мьер-Министрінің орынбасары Жам­шид Ходжаев 4,4 млрд доллар сома­сы­на 34 инвестициялық жобаны және 2,6 млрд дол­­ларға 7 сауда келісімін бірлесе жүзеге асыру­ға келісті. Келісімдер тиісті құжаттар тізі­мімен бекітілді.  Инвестициялық жобаларды энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология, көлік, хи­мия өнеркәсібі, құрылыс, электро­тех­ни­ка, машина жасау, фармацевтика және бас­қа да салаларда жүзеге асыру жоспар­лану­да. Ең көп жоба ауыл шаруашылығы сала­сында іске асырылмақ.  Тараптар ауыл шаруашылығы өнім­де­рін бірлесіп өсіру және Қазақстанда астық пен күрішті терең өңдеу, Түркістан облы­сын­да жібек өнімдерін өндіру, орау мате­риал­дарын шығаратын кәсіпорын құру жә­не басқа да жобаларды жүзеге асыруға ке­лісті. Сондай-ақ Маңғыстау облысы аума­ғында мал терісін қабылдау және өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы ше­шім қабылданды.

Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит ар­тық­шылықтарын барынша тиімді пай­далану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мем­лекет басшысы тарифтерді оңтай­лан­дыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды.

– Транскаспий бағытын және Солтүстік – Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өте­тін теміржол құрылысы аясында бір­лескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы ба­ғыттағы ықпалдастық өзара сауда-сат­тық­қа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес оты­рысы барысында трансшекаралық өзен­дердің су ресурстарын кешенді әрі ра­ционалды пайдалану, мәдени-гуманитар­лық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.

– Қазір екі елдің жауапты ведомство­ла­ры арасында тығыз қарым-қатынас орна­ған. Мемлекетаралық су шаруашылығы құ­рылымдары арнайы кестеге сәйкес жұ­мыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұ­мысты жалғастыра береміз, – деді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Өзбекстан Президенті Қазақстанға жа­саған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нә­тижесінде стратегиялық серіктестік пен одақ­тастық мүлдем жаңа деңгейге көте­рі­ле­тініне сенім білдірді.

– Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл – шын мәнінде, екіжақты қатынастар та­ри­хындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келі­с­сөз­дер біздің нақты бағыттар бойынша ын­тымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халық­тары­мыз­дың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне се­німдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбек елі басшысының айтуынша, са­пар алдында Мемлекетаралық ко­мис­сияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шаралар өтті. 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақ­тастық бағдарламасы әзірленді. Сырт­қы саясат ведомстволары басшыларының же­текшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұ­ның бәрі екіжақты ықпалдастықтың ны­ғаюына оң септігін тигізеді. Кеңес барысында тараптар екі елдің пар­ламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы, Орталық Азия мемлекеттері бас­шы­ларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты. Жиында Қазақстан Республикасы Пре­мьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Пре­мьер-министрінің орынбасары Жам­шид Ходжаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Өзбекстан Рес­публикасының Көлік министрі Илхом Макхамов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұр­жігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.

Әлішер Науаи ескерткіші ашылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мир­зиёев Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты. Мем­лекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбек­терін қазақ халқының көрнекті қайрат­керлері жоғары бағалағанын жеткізді.

– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерт­теу­шілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлі­шер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гу­манистік идеялары әлемнің ақыл-ой қа­зынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын ай­шық­тайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ, – деді Мемле­кет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаи­дың тарихта талантты мемлекет қайрат­кері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ре­тінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген мед­ресе мен кітапхананың са­лынуы­на ұйытқы болғанын айтты. Мемлекет басшысы сөзін қорытынды­лай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұр­тының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығайта түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Жансая Нұрәлиева, саясаттанушы, Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы:

– Өзбек президентінің ресми са­па­ры – Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің өза­ра тығыз қарым-қатынасының тағы бір көрінісі. Осыған дейін 2022 жылы Таш­­­­кентте жасалған одақтастық қа­ты­нас­тар туралы шарт осы жылы ресми мақұлданған болатын.  Бұған дейін екі ел басшылары түрлі жиын­дар аясында ресми және бейресми кез­десулер өткізіп, өзара даму мәсе­ле­лерін талқылап келді. Өзбекстан елі­міз­дің ірі сауда әріптестерінің ондығына кі­ре­ді. Алдағы уақытта тауар айна­лы­мын 10 млрд долларға дейін жеткізу жос­парланып отыр.  Екі ел арасында шешілмеген түйт­кілді мәселе жоқ. Мемлекетаралық эко­номикалық, мәдени, саяси қаты­нас­тар жоғары деңгейде дамып келеді. Өз­бекте «қазақтан жолдасың болса, жол­дан адаспайсың» деген сөз бар. Тіпті кү­ні кеше Олимпиада барысында дзю­до­дан Өзбекстан спортшысы Д.Кел­дио­рова алтын алғанда көптеген азаматы­мыз бірге қуанды. Өзбекстан тарапы да Е.Сметовтің алтын жүлдесіне құттық­тау­лар айтып жатыр.  Президент Қ.Тоқаев Өзбекстан бас­шысы Ш.Мирзиеевқа бұған дейін 22 ел­дің басшыларына табысталған «Ал­тын қыран» орденімен марапаттады.  Алдағы уақытта Орталық Азия шең­берінде және әлемдік аренада екі елдің байланысы нығая түсетіні сөзсіз. Бұған екі мемлекет халқы да мүдделі.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Прези­дентінің Бірлескен мәлімдемесі; 2. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңе­сінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі ше­шімі; 3. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңе­сінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешімі.  

Сонымен қатар Өзбекстан Президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында мынандай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасын­дағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім; 2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі ара­сындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; 3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі ара­сын­дағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келі­сіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; 4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі ара­сын­дағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға ар­нал­ған іс-шаралардың жоспары; 5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім; 6. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Респуб­ли­касы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ын­­­тымақтастық туралы хаттама; 7. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи моно­по­лия­лар­ды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтыну­шылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; 8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; 9. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбек­стан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы бәсекелестікті қорғау саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; 10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стра­тегиялық және өңіраралық зерттеулер институты арасындағы Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; 11. «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жа­нын­дағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім; 12. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»);