Жаңалықтар

Қарағанды облысында екі қызын тұншықтырып өлтірген әйел сотталды

Скриншот

Ал тірі қалған бір жасқа толар-толмас нәрестесі Балалар үйіне өткізілді.

Қарағанды облысында екі кішкентай қызын тұншықтырып өлтірген 20 жастағы келіншек 20 жылға сотталды. Ал тірі қалған бір жасқа толар-толмас нәрестесі Балалар үйіне өткізілді, деп хабарлады turkystan.kz  КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұңғышын 16 жасында босанып, одан кейін тағы екі бала тапқан келіншек соңғы уақытта басқа еркекпен азаматтық некеде болған. Екеуі Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрыпты. Қылмыс болатын сәуірдің төрті күні ері жұмысымен қалаға кеткен. Соттағы түсініктемелеріне сәйкес, ол тамақ сұрап жылай берген 2 және 4 жастағы қыздарын тыныштандырмақ болған. Төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып тапжылтпай басып отырады. «Жылағанын қойғанда ашсам, өліп қалыпты» деп ақталған. «Байқаусызда болды» деп жазаны жеңілдетуді сұрады. Бірақ оның істегені қасақана кісі өлтіру бабына жатқызылды. Тіпті емізулі баласы бар екені де жеңілдік берген жоқ.

 «Жасөспірім балалары болса, ол қылмыстық жазаны жеңілдететін жағдай. Алайда ҚР Жоғарғы сотының тиісті нормативтік қаулысына сәйкес, егер қылмыс өзінің жасөспірім баласына қатысты жасалса, қылмыстық жазаны жеңілдетенін мән-жайға жатқызылмайды. Ол «байқаусызда өлтірдім» деп отыр. Бірақ оның қасақана өлтіргені жөнінде кінәсі іс материалымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді», - деді Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаев.