«Тамаша City» жобасы: жаңа таланттарға жол ашық
«Тамаша City» жобасы: жаңа таланттарға жол ашық
Отандық телеарналар маусымдық жаңалықтарымен көрерменді қуантуда. Шуақты көктемнің келуімен қатар жаңа жобалармен толыға түскен «ОРТ-Еуразия» телеарнасы қазақ тіліндегі бағдарламаға басымдық беруге ден қойыпты.
Бұрын-соңды телеарна мемлекеттік тілдегі хабарларға жұтаң болатын. Бұл олқылықтың орны толатын сияқты. Көңіл көтеретін «Тамаша City» музыкалық-юморлық шоуы демалыс күндері көрерменге жол тартады. Әлбетте, бүгінде кез келген телеарнаның қазақ тіліндегі бағдарлама санын жеңіл-желпі дүниелермен толықтырып отырғаны жасырын емес. Ал «ОРТ-Еуразия» ұсынған жаңа шоуға сонау «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсеткен, сатира мен юморды қару еткен майталмандардың салмақты әзілдері арқау болады.
Юмор – өмірдегі күлкілі болмыс, оқиғаларды зілсіз қалжыңмен әжуалайтын комедиялық жанрдың бір түрі. Ол негізінен, өмірдегі жағымды нәрселер мен құбылыстардың жекелеген мінін жеңіл күлкі, әзіл-оспақпен мысқылдайды. «Тамаша City» шоуының мақсаты сол, елдің сүйіктісіне айналған «Тамаша» театрының шығармашылық еңбегін халық жадында жаңғырту арқылы оның жаңа тынысын аша түсу.
Елімізде алғаш тұсауын кесіп, көрерменге әзіл сыйлаған «Тамаша» ойын-сауық театры талай өнер шеберлерін таныстырды. Режиссер Лұқпан Есенов, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев, Уәйіс Сұлтанғазин, Құдайберген Сұлтанбаев, т.б. бастаған өнер майталмандары әлі күнге жұрт есінде. Қазақы әдемі қалжыңның шырайын келтірген ұжым еліміздің осы саладағы алғашқы қарлығашы іспеттес. «Тамаша» арқылы қаншама әнші, әртістер халыққа танылды. Қазақ эстрадасының дамуына үлес қосқан да «Тамаша». Бүгінде 35 жылдан астам уақыт өтсе де, өнер ұжымы сол биігінен түспеу үшін еңбек етуде. Қазір театр ұжымы еліміздің сахналарында ғана емес, алыс-жақын мемлекеттердің өнер ұжымдарымен аралас-құралас өнер көрсетеді. Белгілі режиссер Лұқпан Есеновтің шәкірттері ұстазға деген адалдығын осылай танытуда.
«Тамаша City» жобасы аудиторияны күлкіге қарық қылудан бөлек, біртұтас етуге тырысады. «Біз экран алдына еліміздің түкпір-түкпіріндегі әртүрлі жастағы, әртүрлі әлеуметтік топтағы, әртүрлі арман мен жоспары көп көрермендерді жинап, жаңа телевизиялық форматтағы шоу-бағдарламасын ұсынамыз. Демалыс күнгі кеш «Тамаша City» шоуымен көңілді бола түседі. Қазақстан халқы уақытын атыс-шабысқа құрылған фильмге емес, кәсіби актерлер мен театр шеберлерінің өнеріне сусындап, ерекше позитивке ие болады», – дейді жобаның жетекшілері.
«Жобаның басқа бағдарламалардан айырмашылығы – форматында. Біріншіден, өтетін жері концерттік зал емес, кәдімгі түсірілім студиясы. Орындалу тәсілі де іс-әрекетке құрылған. Костюм, декорация, костюм де тақырыпты аша түседі. Әр миниатюра – кішігірім спектакль. Көрермен бұл бағдарламаны кәсіби актерлер үшін көреді. Жобаны эфирге «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы танылған Данагүл Темірсұлтанова, Гүлбаушан Тілеубекова, Асқар Наймантаев, Бауыржан Орда, Саттар Ерубаев, Мұхаметжан Мырзакеев, т.б. әртістер алып шығады. Кез келген жоба мазмұн мен формаға байланысты. Мазмұнды айқындайтын – материал. Демек, біз қоғамдағы әр алуан тақырыпты көтереміз», – дейді «Тамаша City» жобасының режиссері Нұржан Тутов.
«Тамаша City» шоуының әр шығарылымы белгілі бір тақырыпты негізге алып, соған сай суырыпсалма концертке ұласады. Онда «Тамаша» театрының тарландары ойнайды. Монолог оқылып, қатысушы әншілер және көрермендермен түрлі интерактивті ойын ойналады. Тағы бір айта кетерлігі, «Тамаша» театры шеберлерімен бірге юмор, эстрада, хореография саласында жаңадан бағын сынап жүрген жас өнерпаздар тең өнер көрсетеді. Жаңа заманауи талапқа сай безендірілген студия, мобильдік декорация, көпкамералық түсірілім, тірі дауыстағы музыкалық ұжым, студиядағы көрермен, бәрі де режиссерлік шешіммен астасып жатады. Ең бастысы, көрермен мен кейіпкерлер арасында байланыс бар. «Тамаша» театрының тарландары мен әр шығарылым сайын таныстырылатын жаңа кейіпкерлер жобаның қызықты өтуіне күш салмақ.
Динара Дүрмән