Қоғам

Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

istockphoto.com

Олар қызды азаптап, мефедрон алуға мәжбүрлеп, тұншықтырған. Жезөкшелікпен айналысатын әйелдер сайтына тіркеп, жезөкшелікке мәжбүрлеп, ақшасын алып отырған.

Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды ақпан айынан бері сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бұл туралы НеМолчи қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі айтты.

Қор жетекшісінің айтуынша, жасөспірім отбасының жалғыз қызы. Ол жоғалып кеткен соң, ата-анасы полиция мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау инспекторы мен қылмыстық іздестіру бөліміне арыз түсірген. Алайда құқық қорғау органдары қызды іздемеген. Керісінше ата-анасын қорқытып, ата-ана құқығынан айырамыз деген.

«Құқық қорғау органдарының қорқытуына тап болған ата-ана қызын өздері іздеуге кіріскен. Қыз ара-тұра ата-анасына видеоқоңыраумен хабарласып, дәмханада даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Әкесі мен шешесі қызына барғанда, ол полиция қызметкерлерінің жай ғана видеоға түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қызы ата-анасына шу шықпас үшін өзін өтірік айтуға мәжбүрлегенін айтқан», – дейді Дина Таңсәрі.

Дина Таңсәрінің сөзінше, сыныптастары қызға ата-анасын өлтіретінін айтып қорқытқан.

«Қыз кейде мектепке барып тұрады. Сол кезде оған сыныптастары мен мұғалімдері психологиялық соққы жасаған. Әкең мен шешең ата-ана құқығынан айырылады деп қорқытып, масқаралауға тырысқан. Тіпті сыныптастары Астанада таныстары барын, ата-анасын өлтіретінін айтып шошытқан. Қыз ата-анасы үшін уайымдаған, себебі ол адамдар шын мәнінде қауіпті екенін білген. Олар есірткі тұтынып, жасөспірімді зорлаған. Қыздың ата-анасының айтуынша, барлық мұғалімдер мен мектеп директоры бұл жағдайдан хабардар болған. Тіпті учаскелік полиция қызметкері біле тұра, қыздың анасы мен әкесін қорқытқан. Олар қыздан қомақты ақша сұраған. Таппаса шашын мен қасын қырып тастайтынын айтқан. Егер өзінде ақша жоқ болса, достарынан сұрауды талап еткен. Соңында қыз шыдай алмай ата-анасынан көмек сұраған», – дейді қор жетекшісі.

Дина Таңсәрінің сөзінше, соңында сұмдық деректер айтылған. Олар қызды азаптап, мефедрон алуға мәжбүрлеп, тұншықтырған. Жезөкшелікпен айналысатын әйелдер сайтына тіркеп, жезөкшелікке мәжбүрлеп, ақшасын алып отырған.

Аталған іс бойынша Қызылорда облысының полиция департаменті күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

«Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – делінген полиция жауабында.