Жаңалықтар

ҰҚК террорлық әрекеттерді ұйымдастыруға қатысқан 5 азаматты ұстады

ҰҚК

Тұрғылықты жерлерін тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер алынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарының көмегімен және прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында арнайы операция өткізіп, террорлық әрекеттерді ұйымдастырды деген күдікпен 5 адам ұсталды.

Терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде шілде-тамыз айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарының көмегімен және прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында бірқатар іс-шара өткізді.

«Қазақстанның 5 азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында терроризмді насихаттауға, діни алауыздықты қоздыруға және адамдарды тартуға қатысқан. Тұрғылықты жерлерін тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер алынды», - делінген хабарламада.

 Құзырлы орган мәліметінше, күдіктілердің екеуі кісі өлтіру, тонау және бұзақылық үшін соттылы болған. Тағы біреуі бұрын лаңкестердің шетелдік лагерьлерінде дайындықтан өтіп, шет мемлекет аумағында қарулы қақтығыстарға қатысқан.

ҰҚК мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 174, 256, 259-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.