Жаңалықтар

Астанада күніне 10 мың адамға қоңырау шалған алаяқтар ұсталды

Астана қаласының прокуратурасы

Алаяқтардың жарты мыңға дейін «сим» орналастырылғаны және сағатына жүздеген хабарламалар жібергені анықталды.

Астанада әлеуметтік желіде фейк-аккаунттар және фейк-нөмірлер арқылы шабуыл жасайтын қылмыстық топ ұсталды.

Қала прокуратурасының хабарлауынша, әлеуметтік желі, электронды мессенджерлердегі аккаунттар заңсыз іске қосылған SIM қораптар анықталды. Абоненттік нөмірлерді ауыстыруға және географиялық орынды өзгертуге арналған құрылғылар тәркіленді.

«SIM қораптары көптеген SIM карталарын сақтау және пайдалану үшін, бір уақытта ондаған қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Жарты мыңға дейін «сим» орналастырылғаны және сағатына жүздеген хабарламалар жібергені анықталды. Жалпы, тәркіленген жабдықтың қуаттылығы күніне 10 мыңнан астам алаяқтық қоңырау шалуға мүмкіндік берген», - деп хабарлады Астана прокуратурасы.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер анықталып жатыр.

Астана қаласының прокуратурасы алаяқ құрбаны болмау үшін үшінші тұлғаға жеке деректерді немесе банк шоттарын беруден бас тарту керектігін ескертеді.