Өскеменде спортшыны қатігездікпен өлтірген адамға сот үкімі шықты
Сотталушы Т, 2024 жылдың 13 қаңтарында Өскемен қаласында 16-калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығын пайдаланып, азамат Ю-ды қасақана өлтірген.
Қаңтардың 13-і күні Өскенменде тұрғын үйлердің аулаларының бірінде спортшы Ельер Юнусметовті әлдекімдер атып өлтірген. Кейін күдікті Абай даңғылында ұсталды.
Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі күдіктінің адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.
Сот Қылмыстық кодекстің «Атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау», «Қасақана кісі өлтіру» баптары бойынша қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, сотталушы Т, 2024 жылдың 13 қаңтарында Өскемен қаласында 16-калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығын пайдаланып, азамат Ю-ды қасақана өлтірген.
«Сотталушы Т.-ның өз кінәсін мойындауымен қатар, куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалардың қорытындыларымен, бейнебақылау камераларының бейнежазбаларымен және алынған қылмыс қаруымен дәлелденді», – делінген хабарламада.
Прокурор кісі өлтірді деген айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасн қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа жүйеде өтеуді сұрады.
Күдікті 13 жылға сотталды. Сонымен қатар, тағы бір азамат қылмыс туралы хабарламағаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды.
«Сотталушы Т.-ға 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу, сотталушы Г-ға пробациялық бақылау белгіленіп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.