Масыл болма, асыл бол
Егер менің қолымда билік болса, әр отбасына 200-300 сағат психологиялық тренингке қатысуға мүмкіндік берер едім. 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын отбасы төлесе ақшасын. Сонда бізде масылдық психологиямен өмір сүретіндер саны азаяр еді.
Әлемде жас пен кәріге, ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін бір құбылыс бар. Ол – масылдық. «Асылдан – асыл туады, жалқаудан – масыл туады» депті атақты Майқы би. Қазақтың «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен», «Алма піс, аузыма түс» деген тіркестері де осы масылдыққа қатысты айтылса керек. Бұл құбылыс адамзат пайда болғалы бар ма, әлде кейін пайда болған ба, жақсы ма, әлде жаман ба деген мәселе төңірегінде ізденіп көрген едік.
Масылдықтың тамыры тым тереңде. Бұл адамның қоғамға деген әлеуметтік және эволюциялық қарым-қатынасын білдіреді. Есте жоқ ерте замандарда масылдық ұғымы қоғамның патриархалдық және кландық құрылымымен байланысты болды. Мұндай қоғамда отбасының немесе тайпаның үлкендері еңбекке жарамсыз, әлсіз, жасы кішілерді қорғап, қамқорлығына алған. Өз кезегінде отбасындағы кішкентайлар мен еңбекке жарамдылары үлкендер мен әлсіздерге көмектесіп отырған. Бертін келе орта ғасырларда масылдық түсінігі кеңейе бастады. Феодалдар өздеріне бағыныштылар мен шаруаларды асырап, қамқорлығына алады, ал олар мұның ақысын жұмыс істеп, әскери қызметпен өтеген. Әсіресе, христиан әлемінде шіркеулер мен ғибадатханалар кедейлер мен мұқтаж адамдарға көп көмектескенін тарихтан білеміз. Жабайы капитализм мен нарықтық экономика дамыған жаңа кезеңде масылдық түсінігі де біраз өзгеріске ұшырады. Адамдар нарыққа сай бейімделіп, тәуелсіз болуға ұмтылды, сонымен қатар әлеуметтік құрылымдар да өзгерді. Мемлекеттер өз бетінше өмір сүре алмайтын адамдарға арнап әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы секілді жүйелерді іске қосып, азаматтардың базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете бастады. Ал қазір масылдық түсінігі әлеуметтік қолдау мен көмектің әртүрлі формасымен байланысты болып отыр. Қазіргі қоғамда халықты әлеуметтік қолдау туралы мемлекеттік бағдарламалар, зейнетақы, жұмыссыздарға, балаларға берілетін жәрдемақы және өзге де әлеуметтік көмек түрлері өзін жұмыспен тұрақты қамти алмайтын азаматтарды қолдауға бағытталған. Осылайша, масылдық ұғымы адамзатпен бірге эволюциялық тұрғыдан дамып, әлеуметтік саясат пен халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің бір бөлшегіне айналды. Адамзат баласының бүгінге дейін жинаған білімі мен тәжірибесіне сүйенген зерттеушілер әртүрлі көзқарас тұрғысынан масылдықтың артықшылығы мен кемшіліктерін біраз зерттепті. Алдымен жағымды жағынан бастасақ. Масылдық дегеніміз – әлеуметтік қорғау, яғни, көмекті қажет ететін балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі және уақытша жұмыссыз адамдарды қолдау. Бұл кедейліктің алдын алып, адамдардың өмірінің сапасын жақсартуға көмектеседі. Екіншіден, қоғамда тұрақтылықты қалыптастырады. Әлеуметтік бағдарламалар мен жәрдемақылар тұрақтылықты қалыптастырып, әлеуметті топтастырады, қылмыс пен әлеуметтік қысым деңгейін төмендетеді. Үшіншіден, мүмкіндіктерді теңестіреді. Бұл дегеніміз осал топтардың базалық қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, қоғамның барлық мүшесіне бірдей жағдай жасайды. Мамандар бұл дерттің жағымсыз жақтарын да жіктеп шығыпты. Оның біріншісі – тәуелділік. Мемлекеттің көмегіне тәуелділік адамның еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға деген ынтасын төмендетеді. Экономикалық жағын қарастырсақ, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру қыруар қаржыны талап етеді. Бұл – мемлекеттік бюджетке, салық жүйесіне артық жүк. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік қолдауын кейбір тұлғалар жылдар бойы пайдаланған жағдайда салық төлеушілер де наразылықтарын білдіретіні анық. Осы ретте біз де әртүрлі сала мамандарына хабарласып, масылдық туралы ойларын сұрап-білген едік.
Анна ҚҰДИЯРОВА, Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик:
Әр адам өзіне жауапкершілік алғанда ғана қоғам түзеледі
– Масылдық феномені адамзат тарихында бұрыннан белгілі құбылыс. Бала өмірге келгенде ата-анасы, үлкендер оның жағдайын жасап, айналшықтап, қасынан шықпайды. Қандай күшті, жанның рахаты. Осы күй бәріміздің есімізде қалады. Сондықтан ата-анаға, Үкіметке ренжігенде, бізде «Неге менің бұрынғы жәннатым қайтып келмейді?» дейміз. Саналы түрде де, бейсаналы түрде де адамзат сәби кезіне қайта оралғысы келеді. Негізі, психоэмоциялық тұрғыдан дамымай қалған адамдар масылдыққа бейім келеді. Мұндай жандардың денесі өседі, бірақ жан тұрғысынан алғанда әлі кішкентай бала. Сондықтан «Анау маған қарыздар», «Үкімет маған беру керек», «Әкем маған беру керек» деп отырады. Ал өзі «Мен беремін бе?» деген мәселе туралы ойланбайды. Маман ретінде масылдық түсініктегі адамдарды психологиялық тренингтерге қатысуға шақырамын. Мұндай адамдардың жанын емдеу керек. Жан жарақатын емдемесек, олар сол бала күйінде қалып қояды. Әдетте, ойынқұмар, маскүнем, нашақорлар да масылдардың қатарына жатады. Өйткені олар өз өмірін, тағдырын әлі күнге дейін өз қолына ала алмай жүргендер. Егер менің қолымда билік болса, әр отбасына 200-300 сағат психологиялық тренингке қатысуға мүмкіндік берер едім. 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын отбасы төлесе ақшасын. Сонда бізде масылдық психологиямен өмір сүретіндер саны азаяр еді. Жалпы, қыз бен жігіт үйленеміз деп шешім қабылдап АХАЖ бөліміне келгеннен бастап оларға 3-4 ай психологиялық қолдау орталығына баруды кеңес беремін. «Отбасы қандай болу керек?», «Ер адамның міндеті қандай?», «Әйел отбасында қандай болуы керек?», «Бір-біріне мейірімді болу үшін не істеу керек?» деген маңызды сұрақтарға жауап табуы керек. Ал үйленгеннен кейін балалы болуға шешім қабылдаса, тағы да тренингтерге қатысқандары дұрыс. Бізде керісінше, ажырасқалы жатқанда немесе ажырасқан соң психолог жағалайтындар бар. Неге алдын алмасқа? Ер мен әйел отбасы деген мемлекеттің іргетасын берік қаласа, өмірдегі басқа қиындықтар мен сынақтарды қол ұстасып жүріп еңсерер еді. Олардан туған балалар да өмірге жаңаша көзқараспен қарап, масылдықтан ада болар еді. Міне, әр адам өзіне жауапкершілік алып, психоэмоциялық тұрғыдан есейгенде ғана қоғам түзеледі.
Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист::
Масылдық кәсіпкерлерге де тән ұғым
– Қазақ «Бес саусақ бірдей емес» дейді. Халық арасында масылдықты бойына сіңіргендер де бар. Алайда жалпы біздің халқымыз масыл деген пікірмен келіспеймін. Өйткені азаматтарымыз негізінен еңбекқор. Әлемдік тәжірибеде Қазақстан азаматтары Еуропа халықтарына қарағанда еңбек күшін 4 есеге дейін көп жұмсайды екен. Яғни, бізде қара жұмыс істейтіндер көп. Сондықтан менің ойымша біздің қоғамда кәсіби біліктілікті дамыту керек. Азаматтарымыз өз саласының майын ішкен мықты маман болса, жастардың кәсіби маман ретінде өсуіне Үкімет тарапынан көмек көрсетілсе, тиімді болмақ. Сонда азаматтарымыз үлкен еңбек өнімділігіне қол жеткізе алады, нәтижесінде масылдық деген ұғым мүлдем болмайтын еді. Әдетте, біз масылдық ұғымын әлеуметтік осал топтарға қатысты деп түсінеміз. Алайда бұл құбылыс жеке мемлекеттік сатып алуларға қатысатын кәсіпкерлерді де айналып өтпейді. Мәселен, қазақстандық бизнестің 70 пайызы тендердің арқасында күн көреді деген дерек бар. Мемлекеттен субсидия, әртүрлі қолдау қаражатын алатын, соның арқасында өзін кәсіпкер санайтын кейбір ірі шаруа қожалықтары бар азаматтарды осы топқа жатқызуға болады. Өйткені олар өз кәсібін мемлекеттен алған қаражатпен жүргізіп отыр. Егер шын мәнінде ондай қолдау болмай қалса, онда кәсібі көп ұзамай жабылуы мүмкін. Сондықтан нарықта жаңа бәсекелестердің, жаңа ойыншылардың, нағыз кәсіпкер азаматтардың пайда болуына кедергі келтіріп отырғандар да солар деп есептеймін. Әрине, мемлекеттен қолдау қаражат болуы керек, бірақ оның «қызығын» сол баяғы белгілі бір азаматтар ғана көріп отыр. Қазақша айтқанда, жіліктің майлы басын өздері мүжиді. Тендерге қатысатын кәсіпкерлер нарықтың заңдарын бұзып отыр деуге болады. Алайда мұны ұйымдастырып отырған Үкіметтің өзі. Сондықтан жұмысты ұйымдастыру, экономикаға араласу тұрғысынан Үкіметтің де қателігі бар екенін мойындауымыз керек. Кәсіпкерлерге қалай қолдау көрсету керек, қайда араласу керек деген мәселеде шатасып жататыны жасырын емес. Қорыта айтқанда, мемлекеттің қаражаты жүйелі түрде реттелуі керек. Қаражат шын мәнінде қоғамды дамытуға үлес қосатын азаматтарға берілуі керек. Болмаса бәріне бірдей әділдік принципі болуы керек. Әйтпесе, тамыр-таныстықпен, бармақ басты, көз қыстылық жасау бұл жемқорлық, оның соңы қоғамның кері кетуіне әкеледі.
Эльмира Отар, әлеуметтанушы, PhD::
Масылдықтан 30 жылда арылу мүмкін емес
– Біздің елімізде денсаулық, отбасы, экономикалық жағдайына байланысты өз-өзін қамтамасыз ете алмайтындарға мемлекет қаржылай көмек береді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар жандар, қарттар, асыраушысынан айрылған азаматтар, сонымен қатар басқа елден көшіп келген мигранттар, қандастарымыз болуы мүмкін. Бірақ еңбекке қабілетті жұмыссыз адамға масылдық статусы берілмейді. Жалпы, масылдық туралы қазақ әдебиетінде Абайдан асып айтқан ешкім жоқ шығар, сірә. Ақын оны жоюдың жолы – іскерлік пен еңбекқорлық дейді. Алайда соңғы жылдары елімізде маған көмек керек, жәрдем қажет деп әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайтындар көбейді. Өзім әлеуметтанушы ретінде байқағаным, кейбір адамдар масылдықты өмір салтына айналдырған. «Мемлекет маған көмектесуге міндетті», «Мен көпбалалы анамын», «Менің мүгедек балам бар» деп көмек сұрайтындар баршылық. Байқағаным, олардың 90 пайызы шынында көмекке мұқтаж, ал қалған 10 пайызы масылдықты бизнес көзіне айналдырып алған. Әлеуметтік желілерді, БАҚ-ты қолданып қайта-қайта көмек сұрайтындар да кездеседі. Адамдар осылай өмір сүргенін мемлекетке міндетсініп жатады. Негізі, бұл күрделі мәселе. Қазақстан Тәуелсіздігін алып, жоспарлы экономикадан бас тартып, капитализмге бет бұрғанына 30 жылдан асса да халықтың түсінігі өзгермей отыр. Жалпы, мұндай масылдық психология посткеңестік елдердің бәріне тән деп айта аламын. Кеңестік кезеңде одақтың бюджеті шексіз резеңке шар секілді көрінді де халық мемлекет көмектесіп отыруы керек деген түсінікпен қалып кетті. Мемлекеттің халықты жаппай қамтамасыз етуі масылдық мәселесіне алып келді. Одан 30 жылда арылу мүмкін емес. Негізі, шынайы капитализмде әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар болмауы керек, болса да аз мөлшерде болуы керек. Оның өзі тек қана шынайы қажеттілігі бар жандарға берілгені дұрыс. Мұндай масылдық түсінік дамушы елдерге ғана тән құбылыс десек, қателесеміз. Мұнайға бай Голландия, Норвегия сынды Скандинавия елдері де әлеуметтік төлемдер жасайды. «Голланд ауруы» ұғымы да – масылдықтың салдары. Өзім бақылаған, көзіммен көрген Еуропа елдерінде, оның ішінде Венгрияда үй-күйсіз жүргендердің киімі сапалы, қолында жақсы смартфоны бар. Алайда өмір сүру салты әлгіндей. Олар «Бәрібір мені мемлекет асырайды, аш қалдырмайды. Сондықтан жұмыс істеудің не керегі бар?» деп ойлайды. Ауа райы қолайлы болса, киімі жылы әрі бүтін болса, күндіз қаңғырып, түнде үйі жоқ адамдарға арналған жерге қонып шықса, рахат емес пе? Мен мұны да масылдық психологияға жатқызамын. Мұндай жағдайда мемлекет не істеуі керек дейтін болсақ, әлеуметтік саясат бағытын қайта қарап, өзгерістер енгізу керек. Егер жұмысқа қабілетті адам 3 жылдан артық мемлекеттен көмек алып отырса, мемлекет нақты бір қадамдар жасауы қажет. Мұндай масылдық әлеуметтік инфантилизмнің өрлеуіне алып келеді, бұл мемлекеттің қарқынды дамуына кедергі болады.
P.S. Батыстық зерттеушілер масылдықты жақсы, жаман құбылыс деп біржақты баға бермейді. Оның әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуде, халықтың осал топтарын қорғауда маңызы зор, алайда оның жағымсыз салдарын болдырмау үшін жүйені жан-жақты басқарып, тепе-теңдікті сақтап отыру керек. Яғни, арбаны да сындырмауды, өгізді де өлтірмеуді талап етеді. Таразының бір жағы басым түссе, хаос болуы мүмкін. Қорыта айтқанда, әлеуметтік қолдаудың озық үлгісі – мұқтаж жандарға көмек бере отырып, олардың қоғам өміріне, еңбекке белсене араласуына ықпал ету.