АЭС салуды халық шешеді
әлемнің 32 елінде 441 АЭС жұмыс істеп тұр. Көшбасшы елдердің қатарында АҚШ, Франция, Жапония мен Үндістан бар.
Осы аптада Қызылорда қаласында атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. ҮЕҰ өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғамдық кеңес ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтар, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыс тұрғындары қатысты.
Жиында «ҚР Ұлттық ядролық орталығы», «Қазақстандық атом электр стансалары», «Ядролық физика институты» өкілдері сөз сөйледі. Олар атом электр стансасын салудың артықшылықтары, жұмыс принциптері және атом стансаларының қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтты. Сондай-ақ мамандар Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы техникалық аспектілері, әлеуеті және АЭС салу кезіндегі елдің даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Талқылауға жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Халықты бірінші кезекте АЭС қауіпсіздігі, оны пайдалану, жобаны қаржыландыру, кадрлар даярлау, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің дамуына байланысты болды. Облыс ардагерлері мен қоғам белсенділері жобаны іске асыру кезінде барлық кезеңдерде ашықтықты, шешім қабылдауға жұртшылықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. – Бүгінде әлемнің 32 елінде 441 АЭС жұмыс істеп тұр. Көшбасшы елдердің қатарында АҚШ, Франция, Жапония мен Үндістан бар. Беларусь, БАӘ, Бангладеш пен Түркия АЭС салуды жоспарлап отыр. Негізі, АЭС Қазақстанға Кеңес одағы кезінде салынуы керек болған. Алайда Ресей өзіне, Украина мен Белоруссияға салды да Қазақстан қалыс қалды. Алайда өткенге қарап отыратын кез емес, болашағымызды ойлаған дұрыс. Себебі көмір қоры, газ көлемі де жылдан-жылға азайып келеді. Әлемнің дамыған елдері АЭС салу, жел мен күннен энергия алу арқылы баламалы энергия көздеріне бет бұрды. Елімізге АЭС-ті әлемнің көшбасшы компаниялары салса, жергілікті мамандарды жақсылап үйретсе, су қоры жеткілікті болса мен де АЭС салынғанын құптаймын, – деді Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы. Кездесуге қатысушылар АЭС құрылысының маңыздылығын атап өтіп, оның елдің одан ары әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. – Жиынға қатысушылар үшін ең маңызды үш тақырып – АЭС салу қажеттілігі, оның қауіпсіздігі және халыққа АЭС қандай пайда деген мәселе. Қауіпсіздік туралы айтқанда, Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында әлі жаңғырып тұр. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр стансасы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр стансасындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінде әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр стансалары жаңа қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр стансасын салуға тиіспіз, – деді И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов. Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Мұндай маңызды міндетті шешуде халықтың пікірі маңызды. – Мен әлемнің көптеген елінде болдым, қазір республикамызда атом электр стансасын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан ары дамытуда бізде қиындықтар болмайды деп ойлаймын. Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, Қазақстан Еуропа, Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония сынды жетекші елдердің тәжірибесін ала отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе атом электр стансаларын кім және қайда салады. Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда еліміз үшін соншалықты маңызды әрі қажетті атом электр стансасының құрылысын қолдайды деп ойлаймын, – деді Сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы. Жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескерілетін болады. Биылғы маусым айында Мемлекет басшысы референдумның осы күзде өтетінін мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің елімізде шын мәнінде атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Оларды дұрыс және тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайды.