Спорт

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алматыда күзетші болып жүр

скриншот/YouTube

Зілтемірші талай қиындықты бастан өткеріп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған.

Ауыр атлеткидан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, белгілі зілтемірші Алмас Өтешов қазір Алматыда күзетші болып жұмыс істейді. Бұл туралы спортшының өзі «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатына мәлім етті.

Спортшы саладағы мансабы аяқталған соң, ешкімге керек болмай қалғанына өкпелі. Өмірін де, денсаулығын да сүйікті спортына арнаған зілтемірші талай қиындықты бастан өткеріп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған.

«Қазақта «Ердің басына күн туса, етігімен су ішер» дейді ғой. Қазір сондай жайтты бастан кешіріп жатырмын.

Көтерілсең, бәрі қолпаштап, арқаңнан қағады. Бір сүрінсең, бәрі жек көріп кетеді. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. 230 келіні көтере салу деген оңай дүние емес. Допинг деп жатады, бірақ ондай салмақты көтеру үшін қаншама денсаулығымыз кетті. Қазір бел омыртқамның төрт жерінен грыжам бар. Омыртқадан омыртқа, тізеден тізе қалмады.

Не болса да, қазағымды жақсы көремін. Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Бірақ сүрінсең, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Уақытында үкімет бізді пайдаланды. Туды көтердік. Одан кейін ешкім болмай қалдық. Сол қорлыққа шыдамай Владимир Седов Альберт Линдер өз-өзіне қол жұмсады. Үкіметтен ешқандай өтемақы алмаймын. Алматыда күзетші болып жұмыс істеймін. Егер спорт мектебіне жұмысқа шақырса, білек сыбана жұмыс істеуге дайынмын», - деді спортшы.

Айта кетейік, Алмас Өтешов жастар арасында Азия чемпионы атағына қол жеткізген алғашқы ауыр атлет. Ол 2015 жылы елімізде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді.