Жаңалықтар

Қызылорда қаласының әкімі қызметінен кетті

Осыдан жеті ай бұрын Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалған Серік Қожаниязов қызметінен кетті.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының актив отырысында Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған Серік Қожаниязовты әріптестері жаңа қызметке шығарып салды, деп хабарлады turkystan.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарған Серік Салауатұлы “ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тәуелсіз директорлығына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды.

«Серік Салауатұлы - облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейіндегі абыройлы, білікті, тәжірибелі кадрлардың бірі. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, Премьер-министр Кеңсесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған білікті маман, тәжірибелі басшы. Менің тікелей шақыруыммен 2022 жылы маусымда Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде елге қызмет етуге келген болатын. Осы уақыт аралығында өзіне жүктелген жауапты міндеттерді орындауда мол тәжірибесін, білім-біліктілігін пайдаланып, жемісті еңбек үлгісін көрсетті», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Енді қаланы 46 жастағы Нұржан Ахатов басқарады. Ол 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы облыстық статистика жөніндегі есептеу орталығының жабдықтаушы маманы болып бастаған. 2004-2008 жылдары Шиелі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. 2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары, 2015-2022 жылдары «Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма төрағасы, «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарды. 2016-2021 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзекті мәселелердің оң шешім табуына атсалысты. 2022 жылдың шілде айынан Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келді.