Спорт

«Елдос бұлқан-талқан болды»: Сметовтың бапкері Олимпиада алдындағы іріктеу жайлы айтты

Дзюдошы Елдос Сметов Париж Олимпиадасына бару үшін барын салған.

Франция астанасы Парижде журналист Аслан Қаженовке сұхбат берген Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің Олимпиада алдындағы қиындықтары туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Олимпиада ойындарының алдында Елдос Сметов Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында 5-орын алып қалды. Сол сәтсіздіктен кейін Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын кім қорғайды деген мәселе көтерілді. Нәтижесінде Алматыда басты үміткер үш дзюдошы – Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин арасында қосымша мини-турнир бәсекесі өтті. 

- Үш үміткерді күрестіру туралы әңгіме шыққанда Елдос бұлқан-талқан болды. Мен де ашуландым. Екеуміз де демалыста болатынбыз. Ақыры сабырға келіп, Елдосқа күресесің дедім. Олар да жау емес. Елдостың өзінің інілері. Біршама жас дзюдошылар. «Біреуін оңға таста, екіншісін солға лақтыр» дедім. Сол жекпе-жектерде Елдос екеуін де жеңіп, Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды, - деді Ғалымжан Жылгелдиев.

Сондай-ақ ол дайындық барысында өзге де кедергілер аз болмағанын жеткізген.

- Екі жыл бұрын Қазақстанға Франциядан мамандар келіп, ұлттық құрамаға кеңесші-бапкер ретінде біздің дзюдошыларды жаттықтыра бастады. Басында мен де көрсін дедім. Бірақ бағдарламасы өзіме ұнаған жоқ. Бізді жақындатпады. Содан Елдостың өзі «Маған бұл бағдарлама ұнап тұрған жоқ, сізбен дайындаламын» деп төтесінен айтты. Алайда шәкіртімнің қасында жүруіме көп адамдар қарсы болды. Жанына жолатпауға тырысты. Сол кезде төраға Ербол Мырзабосынов (ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорт комитетінің төрағасы) көмектесті. «Ғалымжан, сізге не керек? Қандай жағдай жасайық? Өзіңізге сенеміз!» деп маған Елдосты жеке шығарып берді. Жаттығуымызға барлық жағдайды жасады. Тіпті, Олимпиаданың өзінде жарыс өтіп жатқан залға кіріп-шығуымызға дейін көмектесті, - деді Елдостың жеке бапкері журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында.