«Ердің сөзін айтты»: Дана Нұржігіт депутат Дәулет Мұқаевқа жазба арнады
Ол жақында ғана анасынан айырылған Дәулет Мұқаевқа қолдау білдірген.
Сенат депутаты, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт әріптесі жайлы тебіреніске толы жазба жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Мен қалам ұстаған Дәулетті көрдім, мен кітап ұстаған Дәулетті көрдім, мен құндақтаулы перзентін көтеріп қуанған Дәулетті көрдім, мен ата-ана,қарындас, достарын құшақтап, барын берген Дәулетті көрдім, Парламентте сөйлеген Дәулетті көрдім… Бірақ, бір күнде есейіп, қазадан беті қарайып, таяқ таянып, бір сәтте шөгіп кеткен,жетектегі балаға айналған әкесін ертіп,Анасының табытының соңынан аңырап бара жатқан Дәулетті көремін деп ойладым ба?! Кеше ғана көзінде оты бар 9 сыныптың баласын семейлік ата-ана-Төлеутай мен Күлпаш студияға алып келген еді. Кеше ғана қимай-қимай, Дәулеттің “көш-көш” дегеніне әрең көніп, Семейден Астанаға келген еді. Баласы,немерелері үшін… Құдайдың аяулы Күлекеңе өлшеп берген еншісі осы болған екен-ау! Көңілге медеу болар не бар дегенде, Дәулеттің анасын жерлеп келгендегі Аста айтқан сөзі болды.Қабырғасы қайысып, тұла бойын басқан қара қайғыны жамылып тұрып, бойын тік түзеп,нағыз Ұл,нағыз Азаматтың,нағыз Ердің сөзін айтты. Мынандай ұлды қазаққа сыйлаған,Күлеке, Сізде арман жоқ! Жаныңыз жәннәттің төрінде шалқысын!», - деп жазды Дана Нұржігіт.
Естеріңізде болса, бұған дейін Дәулет Мұқаевтың анасы өмірден өткені туралы хабарлағанбыз.