«Бала зорлаған»: Олимпиадада көпшілік Нидерланды құрамасының ойыншысына наразылық білдіріп жатыр
Ұлттық құрама спортшысы 2016 жылы қыз зорлағаны үшін 4 жылға сотталған
Олимпиада ойындарында жағажай волейбол ойындарын көруге келген көпшілік Нидерланды құрамасының мүшесі Стивен ван де Вельдеге наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz championat.com-ға сілтеме жасап.
Кеше Стивен ван де Вельде мен оның командаласы Мэттью Иммерс Италия волейболшыларына қарсы ойын кезінде көпшілік ысқырып, гуілдеумен болды. Олар Стивен ван де Вельденің Олимпиада ойындарына қатысуына наразы.
Спортшы 8 жыл бұрын 12 жастағы қызды зорлағаны үшін түрмеге қамалған болатын. Ол кезде жасы 19-да болған спортшы әлеуметтік желі арқылы 12 жастағы ағылшын қызбен танысып, ақырында Англияға барып, онымен кездескен. Қыздың ата-анасы жоқ кезде үйіне кіріп, оны мас қылып, ақырында зорлық көрсеткен. Кінәсін мойындап, сот үкімімен 4 жылға сотталған ол Англия түрмесінде 1 жыл отырып, ақырында өз еліне ауыстырылды. Алайда жақсы тәртібі үшін мерзімінен бұрын босап шығып, спортқа қайта оралды.
Олимпиадаға іріктеу турнирлерінен өтіп, ақырында ұлттық құрама сапында қабылданды. Бастапқыда өз елінде де наразы тудырған көпшілікке Нидерланды федерациясы оның мықты ойыншы, құраманың ажырамас бөлігі екенін айтып, ел атынан сынға түсуге келісімін берген болатын.