Қоғам

Алматыда жеке меншік үйден екі зейнеткердің мәйіті табылды

Istockphoto.com

Қылмыс жасады деген күдікпен 46 жастағы ер адам ұсталды.

Алматыда 27 шілде күні таңғы сағат 04:00 шамасында жеке үйде шыққан өртті сөндіру кезінде екі адамның мәйіті табылды. Артынша, үйдің иесі – ерлі-зайыпты зейнеткерлер екені белгілі болды.

CMN.KZ жазуынша, 71 жастағы қарияға алдымен пышақпен шабуыл жасалған. Оның кеудесіне соққы жасалып, ізін жасыру үшін үйді әдейі өртеген болуы мүмкін. Ал екінші зейнеткер – қарияның әйелі басқа бөлмеден табылды. Ол тірідей өртеніп кетті ме, әлде ол да пышақ жарақатын алды ма, әлі белгісіз.

«Қылмыс жасады деген күдікпен 46 жастағы ер адам ұсталып, қамалды. Болжам бойынша, ол жанжал кезінде қарияға пышақпен шабуыл жасаған. «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп жазды басылым.

Аталмыш оқиғаға қатысты фактіні Алматы қаласы полиция департаменті растады.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, азаматтар арасында жанжал шыққан. Өзге деректер анықталып жатыр», - деп хабарлады полиция.