Ержанат Байқабайұлы: Алтайдан келіп, Алатауға арқа сүйедім

Ержанат Байқабайұлы: Алтайдан келіп, Алатауға арқа сүйедім

Ержанат Байқабайұлы:  Алтайдан келіп, Алатауға арқа сүйедім
ашық дереккөзі
Алтай өңірінде он жасынан айтысқа қатысып, Алтайдың асау ақынына айналған Ержанат Байқабайұлы  ата-жұртына келді. Арғы беттегі екі миллион қазақтың аяулы алақанына салған үкілі ақыны, «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кешімен ата-қонысқа  сәлем бермек. Осы орайда, ата-жұртын сағынып жеткен ақынмен өткізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.    – Айтыс өнерінде түрен салған шағыңыздан естіп білеміз. Айтыс сахнасына қай жасыңызда шықтыңыз? Сөз өнеріндегі ұстаздарыңыз кімдер болды? – Жасымнан өлеңге құштар болдым. Хат танымайтын кезімнен ұлы ақын Абайдың, қытайдағы қазақтарға жеткен Мұқағали Мақатаевтың жырларын жаттап өстім. Әпкелерім маған оқып беретін, ал мен оқылған жырды бірден жаттап алып, үлкендерге айтып беремін. Кейінен мектепте оқып жүргенде қолыма тиген алғашқы жыр кітабы «Қазақтың қара өлеңдер» жинағынан екі-үш шумақтан жаттап, ауылдағы тойларда айтып жүрдім. Ол кезде домбыраны жақсы тарта алмаймын, қолыма таяқ ала салып айтамын. Өздігімнен домбыра шертуді де үйреніп алдым. Өзім солақай болсам, маған кім үйретеді?! Ол кезде, айтысты радиодан тыңдаймыз, көп ұзамай қытайдағы қазақ айтыс өнерінің қара нары Құрманбек Зейтінғазыұлы мен Жамалхан Қарабатырқызының айтыс жинағы шықты. Түгел жаттап алдым. Жыр сайысына алғаш рет 1996 жылы мамыр айында, туған ауылым Алтай аймағының Шеміршек ауылында өткен айтыста қатыстым. Сол жылы Алтай аймақтық ХІ кезекті «Тотыдай түрленген Торғайты» атты ақындар айтысы өтті. Сол айтысқа бала ақын ретінде қатысып, он жасымда Қаба ауданының ақыны Гүлнұр деген әпкемізбен айтыстым. Қазылар алқасы маған бәйшешек жүлдесін тағайындап, торы тай мінгізді. Бұл айтыс босағасын алғаш аттағанда алған тұңғыш жүлдем болды. Қытайдағы қазақтардың айтыс өнерінде Құрманбек ақынның үлкен мектебі бар. Бір айтыста «Азия, Еуропадан оқығам жоқ, оқушысы едім Құрманбек мектебінің», деп айтқаным бар. Айтқанымдай-ақ, Құрманбекті ұстаз тұттым. Қытайдағы айтыскер ақындардың өнердегі әкесі Құрманбек. Құрманбектен кейін қазақ айтыс өнеріне бөлек сарынмен келген Қайрат Құл-Мұхамедұлының толғауларын жаттап өстік. Жазба ақындардан Бердібек Құржықаевты оқыдым. Ал айтысты сахара өнері десек, сол өнерге көркемдік пен сұлулық, тереңдікті алып келген ақын Еркін Ілиясұлы ағамыз да ұстазым болды. Бұрынғы ақындар төрт жол өлеңмен айтатын болса, Еркін ақын он төрт жол өлеңді ұйқастырып айта беретін дүлдүл еді. Суырып салма айтыстың сүлейі Шәкен Бөктайұлы ағамыз да, өлеңін өте шапшаң айтатын Мұрал Темірханұлы да өнердегі ұстаздарым еді. «Өлеңің қанша тез болса, өмірің сонша тез болды-ау», деп көктоғайлық ақын Ерболат Серғажыұлы айтқандай Мұрал ағамыздың өмірі қысқа болды. Белгілі айтыскер ақын, марқұм Еркін Ілиясұлына айтыстың Омарғазысы деп көзі тірісінде теңеу айттым. Расында да, ол біздің айтыста езіп, елу жыл айтатын дүниемізді екі-ақ жылда айтып салып, айтыстың жотасына шығып алған жолбарыс болды. Биігінен түскен жоқ. Әрине, ол жақта әр аудан ақындарға қызмет беріп, меншіктеп алғандықтан Еркін ақынды да талай жас балаларға қарсы айтыстырған кездері болды... Ақынның артында қалған мұрасын Бурылтоғай ауданының азаматтары том-том кітап етіп шығарды. Айтыскер ақын Әбдіғани Пазылханұлы ағамыздан да өнеге алдым. Ол кісі «ақын болу өз еркің, азамат болу борышың» деген қағиданы ұстанып, бүгінде мәслихат депутаты ретінде, халыққа қызмет атқарып жүр. Қазақстандағы айтыскер ақындардан айтыс өнеріне керемет теңеу алып келген Мұхамеджан Тазабеков, жыраулатып айтатын Мэлс Қосымбаев, қазақ айтысында өзгеше із салған Аманжол Әлтаев, жұлып алма жырдың ақыны Бекарыс Шойбектердің айтысын тыңдап өстім. Айтыстағы өнегесі мен орны бөлек бір адам ол Оразалы Досбосынов. 2006 жылы тұңғыш рет Қазақ еліне келгенімде марқұмның басына барып, құран оқып қайттым. Оразалыны алғаш рет Алтайдағы Бурышын ауданында өткен айтыста көріп, сәлем бердім. Бірақ, уақыт тығыз болғандықтан жақын араласып кете алмадық. Өкінішті. – Қазақстандық айтыскер ақындардан кімдермен айтыстыңыз? – Алғаш 22 жасымда Сара Тоқтамысовамен Үрімжіде айтыстым. Екеуміз сол айтыста ғана кездесіп танысқан едік. Қыз бен жігіттің әзілі жарасқан әдемі айтыс жасадық. Сахнадан түскен соң Сара: «Рахмет, досым! Бұрын айтысып жүргендей әдемі айтыс жасадық», деп ризашылығын білдірді. Содан 26 жасымда Айнұр Тұрсынбаева әпкемізбен айтыстым. Бұрындары жасаған айтыстарын түгел көріп, «шіркін-ай, Айнұрмен бір кездессем ғой», – деп жүретінмін. Алла сол тілегімді қабыл етті. Қайны мен жеңгенің айтсын халық ұнатты. Айтыста Айнұр ақын: Сүйіншіңді бер ағайын, Әсеттің көзі бар екен, деп сүйініп, ықалас танытты. Мен: Қара өлеңге қанбаймын мешкейдейін, Ертең күн Сіз кеткенде құлазимын, Қасымнан хан ордасы көшкендейін, деп айтысты аяқтадым. Айнұр әпкеміз сөз тапқыш ақын. Қазақстаннан барған ақын Әбілқайыр Сыздықпен Тарбағатай аймағының Дөрбөлжін ауданында айтыстық. Өкінішке қарай, бір сағаттық айтысымыз не таспаға, не суретке түспей қалыпты. Сол айтыста, Қытайдағы екі миллион қазаққа айтыстың анасы болып танылған Жамалхан Қарабатырқызы: «Әбілқайыр мен Ержанаттың айтысы Әсет пен Кәрібайдың айтысын көз алдыма әкелді», деп маңдайымыздан сүйіп, батасын берді. Қазіргі қазақ елінің жас ақындарынан Мұхтар Ниязбен сапарда бірге болдық. Сара Тоқтамысова арғы бетте үш рет айтыс жасады, екі ретінде айтыстық. Жас айтыскер Жандарбек Бұлғақов жүрегіме жақын, жақсы бауырым. – Айтыс өнері ақынға жеңіс пен жеңілістің дәмін қатар татырады. Бабыңыз келіспеген айтыстарыңыз болды ма? – Осы кезге дейін екі айтысым сәтсіз болды. Іле Қазақ автономиялы облысының Ақ-өзен деген жерінде айтыс өтті. Дина есімді ақынмен айтыстым. Ол кезде жасым тым кіші болды және тап айтыстың алдында мақамымды ауыстырып шыққаным халыққа ұнамады. Сөйтіп отырғанда, уақыт бітіп, орнымыздан тұрып кеттік. Қытайдағы қазақ айтыскерлері арасында жыл сайын «Жезтаңдай» атты дәстүрлі айтыс өтеді. Сол айтыста, Ұларбек деген жігітпен айтыстым. Сахнада қиналып өлең айттым, жүректен шықпаған жыр жүрекке жетпейді екен. Сол жолы, алдын ала көп өлең жазып, жаттап алып едім. Біреуінде айта алмадым. Ал жазып, жаттап алған өлеңіне сенген ақыннан сорлы болсашы. Халық мүлде қабылдамай қойды. Өкініп қалдым. Айтыстың қалай өтетінін сахнаға шықпай тұрып сеземін. Тіпті, алғашқы өлеңімнен-ақ не жеңетінімді, не жеңілетінімді аңғаратын кездерім болады. Әрине, халықтың қол шапалақтауымен сүрінбей айтып кететін кездер болады. Кейбір айтыстарда уақыт бітпесе екен, айта берсем екен деп отырамын. Ал кейде, дәл қазір жарық өшіп, қараңғыны пайдаланып сахнадан қашып кетсем екен дейтін кездерім де жоқ емес. Несін жасырайын?! Ал әдемі айтыстарым өте көп. Алтай қаласы айтыста жүргеніме 20 жыл толғанда арнайы айтыс ұйымдастырып берді. Сегіз ақынды сахнаға шығарып таныстырып, «кіммен кім айтысады?» деп сұрағанда халық Ержанат пен Жамиға айтысын деп шулады. Біз бірден айтыса кеттік. Көрермен қыз-жігіт айтысын сағынып қалыпты, күлкіге қарық болды. Жамиғамен айтыстағы мақамымыз да, сөз саптасымыз да, мінезіміз де ұқсайтындықтан қиян-кескі болған шығар. Арғы бетте мықты айтыскер ақындар көп. Жамиға Дәулетқызының жолдасы Құзарбек Талапқан, айтыскер Санатбек Таудай, Нағыман Шоқанұлы, Ұларбек Минатханұлы, Іле өңірінде Ерлан Аманқожаұлы сынды жігіттер бар. Бәрі де белі мықты, алысқа шабатын ақындар. Солардың арасында Нағыманнан қорқамын. Ол күні-түні отырып айта беретін, бір қалыптан танбайтын ақын. Онда желпіну, күлу, жасу сезімдері болмайды. Нағыз жабының өзі. Шіркін, тәрбиелеп жіберсе талай биікті бағындыратын ақындар ел ішінде көп. Бағыма орай, халық та, сахна да жақсы қабылдаған ақын болдым. Олай дейтінім, мен қызқуардың атындай жақынға шабатын ұшқырмын. Ұзақ шабысқа, қайқаңға салатын белді жүйрік емеспін. Адам шамасын білу керек қой. Айтыста айтқан талай өлеңіміздің ұйқасы қашып, шатқаяқтап қалған кездері болды. Кейбірін, тіпті бертін келе түзедім. Басты кемшілігім, жазба ақындарды көп оқымайтынмын. Қазір қазақтың жазба ақындарының өлеңдерін түгел оқып, тауысуға шақ қалдым. Олардың ішінде жұрттың аузындағы ақындар поэзиясы бөлекше Жұматай, Жұмыкен, Төлеген, ақын Өтежан Нұрғалиев бастаған бір шоғыр ақын ағалардың өлеңдерін оқып шықтым. Олардан ұйқас ұрлай алмайсың, ой аласың. Қытайда тұратын ақын Білсбек Әбдіразақ, Азия Мағперқызы сынды ақындармен көп сырластым, ойымды байыттым. Ақынды әдеби орта өсіреді. Алматыда ондай мүмкіндік баршылық. Ал Қытайдағы қазақтардың әдеби ортасы әр өңірде әрқалай. – Айтыстағы шабытыңызды ашатын тақырып қайсы? – Менің айтысыма әр беріп тұратын дүние көшпенді тірлік. Ауылда өстім, көшіп-қонып жүрдік. Тай үйреттім, тайынша міндім. Бұзау бақтым, қозы жайдым. Ауылдағы абыз ақсақалдардың сақалын жастық қылып ержеткен немересіміз. Міне, осындай қайталанбас қазақы тұрмыстың суреттерін айтысқа әкелдім. Айтыста: Қордалы ойлы қойшының баласы ем ғой! Қошқардың терісінен қолғап киген, деп айттым. Айтыс сахнасында отырып аузыма бірден түсе қалғанда: «Илеуін таба алмаған құмырсқадай», «Шәугімге шала піспеген жұмыртқадай», «Қымыз ішкім келеді қыз дәмі бар», «Ауылдың жігіттері аңқау өстік, көбірек жегеннен соң қойдың миын», деген ұйқас арасында сөздер тауып айттым. Саясатқа, қоғамға ашық айта алмайтын дүниелерімді астарлап та айтып өттік. Он алты жасымда қатысқан бір айтысымда: Ән салып Төлегендей шауып барам, Артымнан Бекежанға оқ аттырма. Елімнің жоқшысы боп сөйлеп тұрмын, Түрмеге Таңжарықтай қаматтырма, деп айта келіп: «Соқпасын солақай бұлаң бұрқасыны», деп жібердім. Тарихтан белгілі «Мәдениет төңкерісі» деген желеумен талай зиялы қауым, ел ағалары жазықсыз жалаға тартылып, өлім құшты. Тағы бірде: Бір сұлудың сырғалық алтыны үшін, Қопарып жатыр әне шатқалыңды. Қожасы біздің қазақ сахараның, Малшылар, көтеріңдер бастарыңды, дедім. Бұл сөзім әрине, Қытайдағы саясат үшін оңай сөз емес еді... – Қытайдағы қазақ айтыс өнеріне қолдау бар ма? Қытайдағы бір жақсы дүние үкімет айтыс ақындарын оқытты. Олардың арасында кәсіби білім алғандар да, басқа саланы меңгергендер де, тіл игергендері де бар. Қазіргі таңда, Қытайдағы ақындар ақпарат саласында, тіпті қаржы, банк саласында қызмет атқарып жүр. Бір қызығы, бірінші сыныптан бастап қытай тілінде оқыған айтыскер ақындар да бар. Олар айтыстан бөлек, халықтың мұң-мұқтажын жоғарғы жаққа жеткізуде тілден қиналмайтын, қытай тілді басшылармен терезесі тең сөйлесе алатын ұлт жоқшысына айналды. Әрине, өлеңдеріндегі көркемдік пен тереңдігі өзгеше. Әрбір облыс, аудандар жыл сайын айтысты кезек-кезек өткізіп, ақындарды сұрыптап, жыл қорытындысы ретінде аймақтық үлкен айтыстарды ұйымдастырып отырады. Кейбір аудандарда айтыстың жиі өткізілетіндігі сонша, отызыншы кезектен де асып кетіпті. Жыл сайын, әр аудан міндетті түрде өткізетін дәстүр қалыптастырды. Мысалы, Алтайда ақындар айтысы жыл сайын өткізілетін еді, қазіргі таңда жасөспірім ақындар айтысы да қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек, кәсіпкер жігіттер де жеке жүлдесін тігіп, айтыс өткізуде. Қытайдағы қазақтың айтыс өнері тарихы да зерттеліп, 1920 жылдан бастап өткізілген айтыстардың топтама жинақтары шығарылды. Әрине, жобаны орталық өкімет қаржыландырып отыр. Мысалы, Алтайда тұратын қисашы Қазым ақсакал таңды-таңға ұрып, күнді айға жалғап айтатын қазақтың жырларын мемлекеттің қолдауымен том-том кітапқа айналдырды. Сондай-ақ, Қисагерлер қоғамы құрылып, жас қисагерлерді тәрбиелеу ісі қолға алынды. – Ата-жұртқа біржолата ат байлап жатыр екенсіз... Қазақстаннан бір дүние алайын деп келгенім жоқ, берейін деп келдім. Шет елде жүрсек те айтыс өнерімен танылып, өнердің жолына түстік. Сондықтан, өлеңім мен өнерімнен басқа ештеңем жоқ. Қазақ еліне сын көзбен қарап емес, үлкен сеніммен келдім. Айтыстан бөлек, ән мәтіндерін жазатын да өнерім бар еді. Қазақ эстрадасында танылаған біраз әнші әндерімді орындап жүр. Соның бірі, әнші Қажымұрат Шешенқұл орындайтын, қазақ еліне таныс «Мақпалжан», «Қара жорға» әндерінің мәтіні менікі. Алтайда жиырма бес жасқа толғанымда және жирыма сегіз жасқа келгенде «Сағындым» деген кешімді өткізіп келдім. Арғы беттегі қазақтың маған өкпесі жоқ болар. Қазақстан атажұртым, ата-бабамыздың сүйегі жатыр. Арғы атам атақты әнші, сал-сері Сегізсерінің тікелей ұрпағымын. Әрине, Алтайдағы өскен елді, туған топырақты қия алмайсың. Қытайдағы екі миллион қазақ ерке ақыным деп, бетімнен қаққан жоқ. Бәрі алақанына салды. Бірақ, соның бәрін қиып Отаныма оралдым. Жақында 25 наурыз күні Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда өтеді. «Жүрекке түскен жол» деген кітабымның тұсау кесерін жасап, әншілер әндерімді орындап, өзім айтыскерлермен шағын айтыс жасап, кеш өткізбекпін. Бұным – Қазақстан саған құр қол келгенім жоқ. Менің әзіргі биігім, тапқан табысты өнерім осы деп сүйіншілемекпін. Қалың қазаққа, Қазақстанға сендім – Алтайдан келіп, Алатауға арқамды сүйедім демекпін. Алтай, Сауырдың сағынышын Алатауға, Сарыарқаға ала келдім. – Сұхбатыңызға рахмет!  

Әңгімелескен Жәнібек ҒАЛЫМ