Спорт

Париж-2024: Өзбекстан қазағы бірінші кездесуінде айқын басымдықпен жеңіске жетті

©IBA

Өзбекстан қазағы Руслан Абдуллаев Париждегі Олимпиада ойындарында алғашқы кездесуін өткізді.

63,5 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын ол мексикалық былғары қолғап шебері Мартинес Рамирезтен айласын асыра білді.

Абдуллаев Ташкентте өткен 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Сонымен бірге, 2022 жылы Амманда (Иордания) болған Азия чемпионатында алтын иеленген. Әрі биыл Өзбекстан чемпионатында жеңімпаз атанды.

Руслан 2002 жылы Ташкент облысы, Қыбырай ауданы, «Қыпшақ» ауылында дүниеге келген. Ол бұрын Қазақстанға келіп, ұлттық құрама сапына өту үшін жастар арасында сынға түскен. Алайда жүлдегерлер қатарына іліне алмай, Өзбекстанға қайта оралған болатын.