Саясат

Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің есебін тыңдады

Akorda

Мұнай өнімдерінің өндірісі 6,78 миллион тоннаны құраған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.

Алмасадам Сәтқалиев еліміздің отын-энергетика кешенінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы дамуы жөнінде есеп берді.

Ведомство басшысының ақпаратынша, осы уақыт аралығында 44,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Мұнай өнімдерінің өндірісі 6,78 миллион тоннаны құраған. Сондай-ақ ол 30,1 миллиард текше метр газ өндіріліп, электр қуатын өндіру көлемі 60,4 миллиард кВт/сағатқа жеткені туралы мәлім етті.

Сондай-ақ министр тұтынушыларды электр қуатымен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет беріп, жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырды.