Ресейде Әлия Молдағұлова атындағы мешіт ашылды
Мешіт салуға кеткен қаражаттың барлығын жергілікті "Бәйтерек" қайырымдылық қоры көтерген.
Ресейдің Орынбор облысы Тюльган ауданында Әлия Молдағұлова атындағы мешіт ашылды, бұл туралы "Оренбургское региональное телевидение" арнасы хабарлады.
Әлия Молдағұлова атындағы мешітті Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер және Ресейдің Бас мүфтиі Талғат Тәжуддин ашты.
Ақпаратқа сүйенсек, мешіт салуға кеткен қаражаттың барлығын жергілікті "Бәйтерек" қайырымдылық қоры көтерген. Игі істің басы-қасында жүрген Орынбордағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басшысы әрі "Бәйтерек" қайырымдылық қорының негізін қалаушы – Жаңабай Балабаев. Ауыл тұрғындары да қолдан келгенше көмектескен.
«Әлия мешіті 2011 жылы салына бастады, алайда жобалаудағы қателікке байланысты мешітті бөлшектеп, қайта салуға тура келді. Міне, енді көпшілікке мешіт есігін айқара ашты», - деп жазды Орынбор губернатор-лейтенанты Игорь Сухарев.
Ауыл тұрғындары бұл өте айтулы оқиға болғанын, қуанышты екендерін жеткізді. Ал жергілікті билік мешіттің салынуы аймақтағы бірлік пен келсімді нығайтатынын айтады.