Дәріхана қожайындарының дәурені өте ме?

Дәріхана қожайындарының дәурені өте ме?

Дәріхана қожайындарының дәурені өте ме?
ашық дереккөзі
Көпшілікті алаңдатып жүрген дәрі-дәрмек бағасы жақын уақытта шешілуі мүмкін. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын реттеуді өз қолына алмақ. Бұл туралы өткен айда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен Үкіметте өткен брифингте мәлім болды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілердің бағасын реттеу үшін заң жобасын әзірлеп жатыр. Құжат тамыз айында дайын болмақ. «Бізге тез арада іс-қимыл жоспарын әзірлеп, кәсіпкерлермен бірге барлық ньюанстарды талқылау қажет. 2017 жылдың тамызына қарай сәйкес заң жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді министр мырза. Егер дәрі-дәрмекті сатып алу саласында 2015 жылдан бастап баға белгілеу жүйесі табысты жұмыс жасап келе жатса, ал Денсаулық сақтау министрлігінің бөлшектік нарықтың бағасына әсер етуге ешқандай өкілеттігі жоқ. Осыған байланысты дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын бюджет қаражатынан сатып алынатын дәрі-дәрмек бағасымен салыстырғанда 3-4 есеге көтеріп жіберген жағдайлар кездеседі. Ал мемлекет «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізген соң ғана бөлшектік сегментті реттеуге құқылы болады. Кеш болса да нарықты реттеуді қолға алған министрлік фармацевтика бизнесімен айналысып отырғандарды тәубесіне келтіруді көздеп отыр. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі аурухана мен емханалардағы бағаларды ғана реттеп келді. Дәріханалардағы дәрі бағасы бетімен кеткелі қашан. Мұндағы қымбатшылыққа шағымданатын тұрғындардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. «Елімізде дәрінің 8 мыңға жуық түрі бар. Соның тең жартысының бағасын мемлекет реттемейді. Сондықтан баға әртүрлі. Енді дәрі-дәрмек нарығын толық бақылау үшін «Денсаулық туралы» заңға өзгеріс енгізіп, дәріхана қожайындарына бағаны жөнсіз өсіруге тыйым саламыз», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрайымының міндетін атқарушы Лариса Пак. Министрлік дәрі-дәрмектің бағасын бақылауға алмағандықтан, кәсіпкерлер медициналық препараттардың құнын еселеп өсіруді әдетке айналдырып алған. Алайда министрліктің бұл бастамасына сенімсіздікпен қарайтындар да бар. Кейбір сарапшы мамандар шенеуніктердің бұл бастамасы дәрі-дәрмектің тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін екендігін алға тартуда. «Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеген дұрыс. Бірақ еркін саудаға кедергі келтіру елге әкелінетін дәрілердің азаюына әкеліп соқтыруы мүмкін. Яғни, дәрі тапшылығы орын алады. Өйткені оны басқа жаққа сату тиімді. Оның үстіне, кәсіпкерлердің құқығын шектейді», – деп атап өтті Фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин. Оның айтуынша, алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіпкерлер арасында тартыс басталуы ықтимал. Өйткені кәсіпкерлер мұндай пайдадан қағылғысы келмейді. Дәрі-дәрмек бағасын реттеуді қолға алғалы отырған министрлік әрбір дәріхана иесіне бағаны жұртқа көрінетіндей етіп, жазып қоюды міндеттемек. Айта кетейік, дәл мұндай тәжірибе Әзірбайжан мемлекетінде бар. Әзірбайжан үкіметі дәрі-дәрмек бағасын реттеуді 2015 жылы қолға алған болатын. Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев дәрі-дәрмек туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды өз жарлығымен бекітіп, содан бері елдегі дәрілердің бағасын мемлекет бекітіп отырады. Әрі алыпсатарлардан құтылу үшін интернет арқылы медициналық препарат  сататын сайттардың жұмысы жетілдірілмекші. Осы арқылы министрлік бағаны ұстап тұрамыз деген үмітте. Өкінішке қарай, елімізде расымен де күн санап дәрінің құны шарықтай түсуде. Дәрілік өнімдердің басым бөлігі Ресейден тасымалданатындықтан, өндірушіден дәріханаға жеткенше баға шарықтап, тұтынушының қолына бірнеше есе өсіп тиеді. Ал отандық дәрі өндірушілер ішкі сұраныстың межеленген 30 пайыздық көрсеткішін қамти алмай отыр. Үстіміздегі жылы дәрі-дәрмек бағасын реттеуді көршілес Қырғызстанда да мемлекет өз қолына алды. Қалыптасқан жағдай бойынша, қырғыз елінде де дәріханалар бір препаратты әртүрлі бағада сатуда. Мұнда алдымен аса қажетті дәрілердің бағасы бақыланады. Қазір елде  дәрі-дәрмек бағасын реттейтін жүйе жоқ. Дәрілердің бағасы  жеткізушілер мен сатушылардың  құзырында.  Ал дәрі-дәрмек бағасын реттеу туралы бастама Монополияға қарсы  комитет пен басқа да бірнеше мемлекеттік мекеме жұмысының жалғасы.  Осының нәтижесінде Үкімет елдегі жеке қолдарға  өтіп, бақылаусыз қалған  фармацевтикалық саланы реформалау керек деген  қорытындыға келіп отыр. Қырғыз үкіметінің шешімін дәріхана ісімен айналысып жүрген жеке кәсіпкерлер де қолдауда. Олардың айтуынша, саланы ретке келтіріп, дәрі-дәрмекті халыққа қолжетімді ететін уақыт әлдеқашан жеткен. Егер билік  бастаған істі аяғына дейін жеткізсе, кәсіпкерлерге де, халыққа да пайдасы зор болмақ. Дегенмен, Үкіметтегілер бұл бастаманы жүзеге асыру көп уақытты қажет ететіндігін айтады. Онда бағаны реттеудің тиімді жүйесін құрып қана  қоймай, тауарды әкеліп, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің де мүддесін қорғау керек. Сондықтан Үкімет елдегі барлық препараттың емес, алдымен  аса қажетті дәрілердің бағасын реттеуден бастауды көздеуден басқа амалы жоқ.