Жаңалықтар

Елбасы ұлттық тағамдарға басымдылық береді

ашық дереккөзі

Елбасы ұлттық тағамдарға басымдылық береді

Елбасының сергек жүруінің сыры неде? Нұрсұлтан Назарбаев ас таңдауда ұлттық тағамдарға басымдық береді деп хабарлайды Астан арнасы. Ақордада тартылатын жылқы еті Көкшетауда бордақыланған малдан әкелінбек. Сондай-ақ, Президент кеспе көжені ұнатады дейді ақордалық аспаздар. Ал күнделікті таңғы ас мәзіріне ботқа, сүзбе, ірімшік және жаңғақтар мен шай беріледі екен. «Президенттің ас мәзірінде фуа-гра не өзге де жеңсік ас түрлері атымен жоқ», - дейді аспаздар.

Ресми кездесулердің бейресми тұсына ақордалық аспаздар ерекше дайындалады. Сондай-ақ, мәртебелі меймандардың ас мәзірі алдын ала тапсырыс бойынша әзірленбек. Кеше ғана "Тоталь" президентін қонақ қылып, бүгін Түркия басшысын күтетін Ақорда аспаздарының жұмысы тым қауырт. Еліміздің бас асханасында 7 жыл бас аспаз болған Артем Канцев Шучьедегі техникумды тәмамдаған. «Президент асханасында көктен түскен ешкім жоқ. Бәрі - еліміздегі колледж түлектері. Әлбетте, өз ісінің үздіктері іріктелген», - дейді ол. Содан болса керек, бірде Ақордада жайылған дастархан басында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин отқа пісірілген алмаға ерекше дәм беріп тұрған қоспаның құпиясын сұрапты. Аспаздар ол ваниль екенін айтқан соң, Қытай басшысы өзімен бірге 30 пакет ваниль ала кеткен. Қазақы қуырдақтан ауыз тиген Дмитрий Медведевтің үстеме беруді сұрағанын, Путиннің палауды мақтағанын - кулинар-мамандар кәсіби жеңісіміз деп санайды.